8 июня 2012, 01:48 | 1 562 просмотра
Маусымның 5 ші жұлдызы Қазақстан жұртшылығына қаралы күн болып тарихта қалды. Елбасы Н.Назарбаев бұл күнді ұлттық аза тұту күні деп мәлімдеп ерекше өкімге қол қойды.
Естеріңізге сала кетер болсақ, маусымның 27-нен 28-не қараған түні қазақтың қабырғасын қайыстыратын оқиға орын алған болатын. Ауыр қаза болған «Сары бөктер» заставасының «Арқанкерген» шекаралық бекеті Алматы облысына қарасты аудан орталығы Үшарал қаласынан 220 шақырым жерде орналасқан тау арасындағы орын. Бұл түні Жер-Ана да сезді ме, жаманаттан хабар бергендей бір сілкініп еді....
Арқанкерген шекаралық бекетіндегі қапыдан келген ажал жұрттың қабырғасын қақырата сөккені белгілі. Жап- жас 19 бен 28 жас аралығындағы қыршын жауынгерлердің аяаусыз өлімі ешкімді де бей- жай қалдырған жоқ. Бұл тосыннан келген қазаға отбасына оралуға 3 ай мерзімі қалған балаларын күткен ата- анамен қатар қалың қазақ егілді.
Өрімдей жас өмірлерінің соңғы бекетіне айналған Арқанкергенге 15 жауынгер 10 маусым күні келген болатын. Елдің жеті өңірінен жиналған боздақтар осылай ажал құшамын деп ойлады ма екен.Олардың 4-уі Атырау, 2-уі Ақтөбе, 1-і Батыс Қазақстан, 2-уі Қарағанды, 2-уі Жамбыл, 1- Павлодар, 3-уі Алматы облысының азаматтары. Топтың командирі Алтынбек Кереев. Ол ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери институтын бітірген. 2006 жылдан бастап шекара әскерінің офицері екен. Артында ата-анасы, іні-қарындастыры, жары мен 1 жасар ұлы қалды.
Қытай мен қазақ арасындаға осы бір елеусіз бекетті арнайы қыста ешкім келіп күзетпейтін. Тек жаз айларында қытай жақтан шөп тере келетін «қонақтардың» жиілеуіне байланысты жазда шекарашылар келетін. Міне, осындай ел қорғанында тұрған азаматтарынан жұрты бір-ақ түннің ішінде айырылып қалды. Атылып, соңынан жатағымен қоса өртелген жауынгерлердің бүгінде арнайы тізімі де шығарылды. Жұмбағы көп болып тұрған оқиға орнында әскери жатақ пен бір офицерлер үйі болған. Қаза болған 14 шекарашы мен 1 қорықшының мәйіті осы өртенген үйлердің үйіндісінен табылды. Тірі қалған жауынгер Владислав Челах маусымның 5 күні ұсталды.ҚР ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша оны жақын маңдағы қыстақтың бірінде азаматтық киіммен қолға түсірген. Оның қолында қаза болған офицердің тапаншасы болған. Шекарашыдан жауап алынуда. Қаза болған шекарашылардың қару жарақтары да тексеріске өткізіліп, соңғы рет қашан оқ атылғаны да анықталуда. Бұл жайлы ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары , Шекара қызметінің директоры Нұржан Мырзалиев былай дейді: «Жалпы поста 15 адам болған. Соның қазіргі уақытта 14 мәйіттің фрагменттері табылды. Сонымен бірге 15 автомат түгелдей табылып отыр. Сондай-ақ, патрондар қалдықтары табылып жатыр. Соның бәрі кримналистикалық экспертизаға жіберіледі».
Мемлекет басшысы бұл оқиғаны содырдың сойқаны деп есептейтінін айтты. Елбасшының нұсқауымен Қазақстандық іс қозғап, арнайы комиссия құрылып, анықтау жұмыстарына кірісіп кетті.
Не десе де осыншама жұмбаққа толы қаза кімді болса да толғандырмай қоймасы анық. Көңілді күпті ететін сауал көп. «Арқанкерген» қалайша ажалды бекетке айналды» -деген сауал бүкіл Қазақстандықтардың көкейінде тұрғаны аян. Онсыз да талай нәубетті бастан өткерген аз халық едік. Тып- тыныш күні айдынымыздың беті ластанатындай не жазығымыз бар еді?!Бұл бір Қазақстан тәуелсіздігінен бергі естен кетпес зор қайғы, зор өкініш болды.