Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМДІ, БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫН ӘЛЕУМЕТТЕНДІРУГЕ, ДАЯРЛАУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШАРТТАРЫ


15 июня 2012, 01:11 | 2 234 просмотра


Еліміздегі әлеуметтік- экономикалық жағдайлар білім беру мекемелерінің атқаратын қызметіне, білім ордаларының бітірушілерінің кәсіби және тұлғалық өзін- өзі анықталу мүмкіндіктеріне үлкен талаптар қоюда. Осыған орай қарқынды өзгеріс үстіндегі өмірде жеке тұлғаны әлеуметтендіруде белсенді рөл атқаруға қабілетті білім берудің жаңа формаларын, әдістерін, құралдарын, шарт -жағдайларын іздестіру қажеттігі күн санап арта түсуде.

Осы тұрғыдан алғанда жоғары білім берудің басты мақсаты- маман даярлауда жеке тұлғаның дамуы, оның тіршілік етуінің барлық сферасында, соның ішінде кәсіби іс- әрекетін қосып алғанда көрініс алатын индивидті кәсіпқойға айналдыру механизмдерін анықтау, өзара әрекеттесудің тиімді әдістерін өңдемелеу, басқару, кәсіби әлеуметтену үдерісінде ынтымақтас орнату, кәсіпқойды қалыптастыру әдістерінің бірлігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету сияқты негізгі бағыттарын жүзеге асыру деп санауға тиіспіз.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясында «Тұлғаны әлеуметтендіру" ғылыми-зерттеу институтының, сонымен қатар Алматы облыстық педагог кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының тәрбие бөлімі 2004 жылдан бастап тұлғаны әлеуметтендіру және этнопедагогика орталығы болып қайта құрылуы да кездейсоқтық емес. Орталықтың мақсаты «ҚР білім мекемелеріне арналған тәрбиенің 2006 - 2011 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын» жүзеге асыру болғандықтан, негізгі бағыты оқу - тәрбие жұмысының жаңа моделін қалыптастыру болып табылады.

Осы орайда білім мекемелерімен, мүдделі органдармен, ата-аналар қауымдастығымен және қоғамдық ұйымдармен өзара байланысқа баса назар аударылады. Заман талабына сай толерантты және әлеуметтік белсенді тұлға қалыптастырудың тиімді әдістері іздестіріледі. Курс және семинар жұмыстары барысында оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, олардың бойында рухани - адамгершілік қасиеттерін, ұлтжандылық пен салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыруға бағытталған тәрбиенің интерактивті әдістері кеңінен пайдаланылады. Сол сияқты өзара еркін қарым - қатынас жасауға, өз пікірлерін ашық білдіруге, тұлғаның өзін - өзі ашуы мен дамуына бағытталған сабақтың тренингтік формалары тыңдаушылар тарапынан үлкен қолдауға ие болуда. Тұлғаны әлеуметтендіру және этнопедагогика орталығының маңызды функцияларының бірі - облыс педагогтарының тәрбие саласындағы озық іс - тәжірибелерін зерттеу, жинақтау және тарату болып табылады. Сол сияқты жыл сайын тәрбиенің көкейкесті мәселелеріне арналған облыстық конференция, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Білім ұйымдары мен жекелеген педагогтар категорияларының арасында, олардың тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы құзырлылықтары мен педагогикалық шеберліктерін арттыру мақсатында, облыстық білім басқармасымен бірлесе өткізілетін түрлі байқау - сайыстардың қорытындысы бойынша үздік жұмыстардың жинағы шығарылып отырылады.

Бүгінгі таңда әлеуметтену - көпшілік жағдайда басты өлшемі кәсіби құзыреттілік саналатын жоғары мектепті бітірушілердің сапасымен анықталады. Құзыретті адам тұжырымдамасының өзіне тән сипаттарының бірі - әлеуметтік түбегейлі өзгерістерді субъектінің рөлін жоғарылату және даму процесінің қарқынын пайымдап, оның барысына ықпал ете алу қабілетін жетілдіру.

Мамандықты иелену, басқаша айтқанда қоғамдық қарым- қатынастар жүйесіне түсуі жеке тұлғаның әлеуметтенуінің негізгі аспектісі. Оқу орнының әлеуметтендіруші ықпалы сыртқы факторлардың әсерімен, яғни білім беру саласындағы заңнамаларына өзгертулер енгізілуіне, мемлекеттік ЖМБС- рының, типтік оқу бағдарламаларының мазмұндарының қайта қаралуына, педагогикалық кадрлардың ротациясына және оларды даярлау қайта даярлықтан өткізу қажеттіктеріне, оқу орындарының санының өсуіне байланысты өзгертілуі мүмкін.

Білімгерлерді әлеуметтендіру тұрғысынан алғанда, жоғары оқу орнындағы білім беру үдерісінің тиімділігі білім беру үдерісіне қатысушылардың барлығының бағдар ұстайтын қайсыбір идеалға сәйкес келуі немесе сәйкес келмеуі ретінде қарастырылады. Бір жағынан осы құбылыс «жоғары оқу орнының бітірушілерінің моделі», мемлекеттік ЖМБС-да бекітілген оның білім, іскерлік және дағдыларының сапалық сипаттамасы ретінде қарастырылса, екінші жағынан жоғары оқу орны білім беру үдерісінің аясында тек қана талапқа сәйкес келетін кәсіби даярлықты қамтамасыз етіп қана қоймай, жан-жақты ғылыми және тәрбие жұмыстарын жүзеге асырады.

Осы орайда, біздің пікірімізше, білім беру мекемесінің мақсаты тек «маманның моделін» нақты өндіру ғана емес, қоғамдағы өзгерістер ағымында нақты бір әлеуметтенген мөлшерге сай жоғары кәсіби маманды кешенді түрде даярлауы тиіс.

Есею үстіндегі адамның жеке тұлғасының әлеуметтену проблемасының түрлі аспектілері жақын және алыс шетел ғалымдарының педагогикалық (А.И.Ковалева, А.В.Мудрик, Н.Д.Никандров, В.Г.Рындак, В.В.Сериков, В.А.Сухомлинский, Г.Н.Филонов, Н.Е. Щуркова и др.), психологиялық (В.Н.Мясищев, А.В.Петровский, В.А. Петровский, С.Л.Рубинштейн и др.), философиялық (Э.Дюргейм, СП. Иваненков, И.С.Кон, Н.Смелзер, В.М.Чернышев и др.) еңбектерінде қарастырылған.

Тұлғаны әлеуметтендіру мәселелері бойынша қазақстандық ғалымдар Р.Әбсаттаровтың, М.Дәкеновтың, З.У.Кенесаринаның, Г.Ж. Меңлібекованың, Ж.Меңлібаевтың, Ж. Нұсқабаевтың және т.б. еңбектерін атауға болады.

«Білім беру ортасы» феноменінің философиялық аспектілері, сондай ақ оны кеңістікте жобалау Н.Б.Крылова, В.А.Петровский, В.И.Слободчиков және т.б. ғалымдардың еңбектерінде ашылып көрсетілген. Білім беру кеңістігінің тұлғалық даму үстіндегі мәнін пайымдаудағы педагогикалық тұжырымдар А. Веряевтың, О.С.Газманның, В.И.Гинецинскийдің, О.В.Гукаленконың, Е.С. Заир-Бектің, Т.П. Ильевичтің, Ю.С.Песоцкийдің, В.Е.Радионовтың, В.Д. Семеновтің, И.Д. Фруминнің, И.К.Шалаевтің, Б.Д. Элькониннің, Б.Яковлевтің, В.А. Левиннің және т.б. еңбектерінде қарастырылған. Жоғары оқу орнындағы білім беру ортасының ерекшеліктері М.Г. Гарунов, П.И. Пидкасистый, Р.С.Пионова, Е.В. Положенцева, Н.Сенаторова, Л.М. Фридман және т.б. зерттеулерінде айқындалған.

Бүгінгі таңда кәсіби білімнің құндылығы жеке тұлғаның әлеуетті мүмкіндіктерін ашу және оны пйдалану, жылдам өзгеруші қоғамдағы шығармашылық әлеуетін, ұтқырлығын жүзеге асыру; жастардың білімге қажеттіктерін қанағатттандыру; жоғары сатыдағы қоғамдық қызметке тұруға, мәртебелі, беделді және жоғары деңгейдегі еңбек ақыға қол жеткізіп, мүмкіндік беретін диплом алу.

Әлеуметтену әрдайым белгілі бір кеңістікте өтеді. Жеке тұлға өзінің әлеуметтеніп қалыптасуы барысында өзге индивидтермен, топтармен, әлеуметтік қауымдастықтармен, институттармен өзара қарым -қатынасқа түседі. Ал, жеке тұлғаның әлеуметтік кеңістігіне әлеуметтік қатынастар жиынтығы, индивидтің түрлі жүйелердегі байланыстары мен әлеуметтік рөлдері кіреді. Жеке тұлғаның әлеуметтену кезеңдерін анықтауда бірнеше тұрғылар қалыптасқан. Дегенмен ол тұрғылардың қай- қайсысы болмасын оны адамның жас кезеңдерімен байланыста қарастырады (балалық, жасөспірімдік, жастық, кемелдену).

.Келесі факторлар тобына микрофакторларға отбасы, құрбыларының ортасы және оқу – тәрбие мекемелері жатады. Соңғы кезде әлеуметтенудің микрофакторы ретінде құрбыларының ортасы басымдық танытуда.

Әлеуметтендіру проблемасы бойынша арнайы әдебиеттерді талдау бізге болашақ мұғалімді бастауыш сынып оқушыларын әлеуметтендіруге даярлаудың теориялық негіздерін анықтау; болашақ мұғалімді бастауыш сынып оқушыларын әлеуметтендіруге даярлаудың педагогикалық шарттарын нақтылау; болашақ мұғалімді бастауыш сынып оқушыларын әлеуметтендіруге даярлаудың үлгісін, өлшемдері мен көрсеткіштерін айқындау; болашақ мұғалімді бастауыш сынып оқушыларын әлеуметтендіруге даярлаудың мүмкіндіктерін тәжірибелік-эксперименттік жұмыс барысында айқындау сияқты зерттеу міндеттерін айқындауға мүмкіндік берді.

Автор:
М.О.УШАКПАЕВА, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ магистранты, №10 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гиназиясының бастауыш сынып мұғалімі