Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

АТА – АНАНЫҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ РӨЛІ


22 июня 2012, 11:47 | 11 310 просмотров



Жас ұрпақты тәрбиелеу жүйесі заман талабына сай қоғамдық өмірде болып жатқан ұлы өзгерістерге байланысты. Қазір қоғам жан – жақты үйлесімді жетілген жаңа адамды тәрбиелеуді талап етіп отыр. Қоғам талабы – заман талабы, өйткені «әр адам – өз заманының баласы». Сол себептен адамды заман білмейді, заманына сай Заңы туындайды. Қай заманда да тәрбие жөнінде талай ойшыл – педагогтар адам бойындағы теріс қылықтар мен жаман мінез – құлықтар әлеуметтік құбылыстың кемшіліктерінен туады... Халықтың эканомикалық тұрмыс – жағдайларын, тіршілік – күйін өзгерту керек, сонда өзі де өзгереді, - деп тұжырымдаған. Сондықтан «Туа жаман жоқ, жүре жаман бар», «Заман түзелсе, жаман түзеледі» - деп халық педагогикасы тәрбиенің заманға, қоғамға, оның материалдық, рухани байлығына тәуелді екенін дөп басып жеткізген.

Жас адамды есті, саналы, сергек етіп тәрбиелеу отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының есті ұрпақты тәрбиелеу ісімен шектелмек.

Отбасына тәлім – тәрбиенің мақсаты – баланың жасын, жеке ерекшелігін, психикалық процестерін ескере отырып, жарасымды жетілген ұрпақты тәрбиелеу. Аталған нысанға жету үшін отбасындағы тәрбие төмендегі міндеттерді шешеді:

- Отбасында баланың өсіп жетілуіне, денсаулығына қамқорлық жасау, нығайту, бекіту. Тазалық дағдыларын қалыптастыру.

- Еңбексүйгіштікке, еңбекті қажетсінуге баулу, баланың күнделікті өмірін мәнді ұйымдастыру, тұрмыстағы, үй шаруашылығындағы еңбекке құлшынысын арттыру өзіне – өзі қызымет ету дағдыларына үйрету.

- Отбасы мүшелерінің өзара дұрыс қарым – қатынасын, тіл табысып түсінісуін, бірін – бірі тыңдап, ата – ананы, туған туыстарын, жасы үлкендерді сыйлап, құрмет тұтуға үйрету.

- Оқудың, білім алудың, мәдени мінез – құлықтың әдет дағдыларын қалыптастыру.

- Отбасында баланың икемділігі мен қабілетін байқап кәсіптік жағынан бағдарлау.

- Әдебиетке, өнерге, мәдениетке, ғылымға құштарлығын тәрбиелеу, уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру.

- Баланың ақылына, күйіне, біліміне сай берілген тапсырманы талапты орындауға дайын болуға үйрету. Бақылау, тексеру, бағалау.

- Тәртіптілікке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке, ойшылдыққа, сергектікке, естілікке т.б. баулу.

Жас ұрпақты тәрбиелеуде отбасы маңызды орын алады. Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя болса, «Баланың бас ұстазы – ата - ана». Бұлар балаға отбасылық өмірдің алуан түрлі қыры мен сырын, тылсым дүние жұмбақтарын танытып, тағылым – тағылымға, әдептілікке баулиды. Себебі отбасы – таным белгісі, отбасы – өркениет ошағы, отбасы – үлгі өнеге бастауы. Ата – ана күнделікті өмір тіршілігінде еңбегі, адамдық бейнелері, жақсы мінез – құлқы, дұрыс қарым – қатынасы, арқылы балаға үлгі. «Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Әкеден ақыл, анадан мейір» алады. Отбасында «Әке асқар тау, ана бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» - болып есептеледі, ата – анаға баладан жақсы ешкім жоқ. Сондықтан баласының әдепті, арлы азамат болып қалыптасуын армандайды. «Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді», «Әдепті бала - арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала» - деп қиналады, күйзеледі, күйінеді, сол жолда еңбек етеді.

Ата – ана отбасының жылылығы мен ынтымағын, бірлігі мен тыныштығын, қамқорлыққа, мейірімділікке, сүйіспеншілікке негіздеп құрып, сақтап, жанұя мүшелерінің көтеріңкі көңіл – күйде болуын қамтамассыз етіп отыруы керек. Ата – ана отбасында өздерінің күнделікті жұмысы, тындырған ісі туралы бала – шағасының алдында айтып, әңгіме дүкен құрады. Әкесінің жетістігіне балалары да бірге қуанысады. Бұл мақтаныш сезімін тудырады.

Бірте – бірте ұл қыздары да өз жаңалықтарын ортаға салып, айта бастайды. Осылайша, жанұя мүшелелерінің бір – біріне деген сенімі, сүйіспеншілігі, достық қатынастары нығая түседі. «Жанұяға қарап бала өседі, қарағайға қарап тал өседі» - деп тегін айтылмаған.

Халық педагогикасында «Бесіксіз үйде береке жоқ», «Үйінде ұл – қызы бардың көгінде сөнбес жұлдызы бар», - деп бала тәрбиесіне әуел бастан жіті қараған, өмірдегі қыз бала мен ұл баланың орнын дәл анықтаған.

«Ұл туғанға – күн туады, қыз туғанға ай туады», «Қыз өріс», «Ұл өссе ұрпақ», «Дәулетіңнің қадірін ұлың өскенде білесің, абыройыңның қадірін қызын өскенде білесің» сияқты аталы сөздер қыз бен ұл тәрбиесінің қаншалықты жауапты екенін байқатады. Болашақтағы бақыттың баянды болу үшін әке мен шешенің жеке тұлғасы баланың жетуге талпынатын мұратына айналуы керек. Себебі: «Ақ жүрек әке - күншуақ, ақ жүрек ана – ақ бұлақ», «Әке – ер, ана – жігер, бір үйде екі кемеңгер», - деп бағалаған халық.

Отбасында баланы ежелден–ақ халықтың әдеп – салты, дәстүрі, жөн – жоралғысы рухында тәрбиелеген. Атап айтсақ, адамдар арасындағы дұрыс қарым – қатынас, екі жақсы сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, дарқан қонақжайлылық, көл – көсір меймандостық, жомарттылық, кеңпейілдік, адамдарға ілтифат, ізет көрсету, сөз өнерін құрметтеу, табиғатты қастарлеуге баулыған.

Сонымен, отбасындағы тәрбие мен қоғамдық тәрбие өзара тығыз бірлікте, халықтық педагогикадан бастау алып ғылымда дәлелденген нәтижелерге сүйеніп, тәрбие құралдарымен әдістері дұрыс таңдалып жүргізілсе, ізгілікті тәрбиенің көзі қаланбақ.

Автор:
А.Б.НУСИПОВА, Қоңыр орта мектебінің педагог – психологы, Алакөл ауданы.