Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАҚЫТЖАН ЖҰМАҒҰЛОВ МӘЖІЛІС ДЕПУТАТАРЫНЫҢ АЛДЫНДА НЕ АЙТТЫ?


22 июня 2012, 12:18 | 3 189 просмотров



Қазақстанда 29 оқу орны жабылады, бірінші сынып оқушылары ағылшынша оқиды, әр өңірде ақпараттық үйлестіру топтары мен Қоғамдық кеңес құрылады, ғылымды қаржыландыру 80 пайызға өсті, педагогтер даярлайтын оқу орындарына талап барынша күшейтіледі. Айтылған осы жайттар туралы ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Мәжілістегі үкімет сағатында мәлімдеді. Министр биылғы ҰБТ қорытындысын айтып, білім және ғылым саласында атқарылған жұмыстары жайында депутаттар алдында есеп берді. Мәжіліс депутаттары да өз кезегінде еліміздің бас педагогіне сұрақтар қойды.

ҰБТ-2012

Бақытжан Тұрсынұлы биыл 117 мың бала ҰБТ-ға қатысқандығын, 70,9 пайызы орташа балл жинағанын хабарлады. Бұл алдыңғы жылға қарағанда , 16 пайызға төмен. «Оның себебін сұрасаңыз, биыл ұйымдастыру жұмысы өте жақсы жүрді. Екіншіден, біз жылда тестілік тапсырмаларды 30 пайызға ауыстырып, жаңартып отыруымыз керек. Өкінішке қарай, бұл бұған дейін жасалмады. Сондықтан биыл оқушылар өздерінің «қалтасында» жоқ сұрақтардың пайда болғанына қатты таңғалды! Бірақ барлық сұрақтар - мемлекеттік стандарттар аясында» деді БҒМ басшысы. Расында да, «бұл ҰБТ бұрыңғы ҰБТ-дан өзгерек» болды. Еліміздің Астанасында орын алған қыздарды «қолайсыз» тінтілеу мәселі бойынша министр былай деп жауап қатты: - Қазақта жақсы мақал бар: «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген. Бұл - аграрлық университетте болған бірегей жағдай, үш-төрт баланы қарауды Сарыарқа ауданының ішкі істер қызметкерлері «шаш ал десе, бас ал» жағдайға айналдырған. 150-дей орталықта тестілеу өтті, басқаларында мұндай жағдай болған емес.

Сонымен қатар Бақытжан Жұмағұлов өз ведомствосындағы бұған жол бергендер жазаланғандығын хабарлады: «Бұл келеңсіздікке орай менің орынбасарымнан бастап, комитет төрағасы Ирсалиев, тағы басқа азаматтардың бәріне сөгіс жарияланды. Сол ҰБТ тапсыру пунктінің басшысы жұмысынан босатылды. Содан кейін мен өз коллегама, Ішкі істер министріне «Осындай жағдай болды, сіздер де қараңыздар!» деп хат жазып жібердім».

Сонымен ҰБТ қорытындысына оралсақ, биыл жоғары оқу орнына түсу үшін төменгі межені 43 163 талапкер (36,8 %) өте алмады. Бірнеше рет қайталанған бұзушылықтар үшін 101 бітіруші аудиториядан шығарылды.Республикалық апелляциялық комиссияға 1543 өтініш түсті, оның ішінде 627 қанағаттандырылды.125 баллды 3 мектеп бітіруші түлек жинады (Кысикова Асель - Астана қ-сы, қыздарға арналған ҚТЛ, Ким Кирилл – Алматы қ-сы, № 90 лицей, Айдарова Асем – Алматы облысы, Қарасай ауданы, Абай ат. мектеп-гимназия). 100 баллдан жоғары алғандар саны 10 755 (9,2%). ҰБТ нәтижелері бойынша Алматы қаласының түлектері озып келеді, орташа балл 84,7.5 816 «Алтын Белгiге» үміткерлердің ҰБТ-ға 5 761 түлектер қатысты, төс белгіні 1401 ақтады.

МЕН «ENGLISH» ОҚИМЫН!

Келесі жылдан бастап барлық мектептерде бірінші сынып оқушылары үшін ағылшын тілі енгізіледі. Үштілді оқыту мәселесіне тоқталған министр, бұл бағытта мемлекеттік тілде оқытуға баса назар аударылатынын атап өтті. «Қазақ тілі - ұлтымыздың рухы, рухани байлығы, оны білу әрбір Қазақстан азаматының борышы деп білеміз», - дейді министр Б. Жұмағұлов.Сонымен қатар, «Орыс тілі біздің ортақ байлығымыз, оны жоғалтпауымыз керек. Сонымен қатар, ғылымға, инновацияға, технология мен бизнеске жол ашатын ағылшын тілін біліп, үйренуіміз қажет. Қазірдің өзінде 33 мектепте бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылса, келесі жылдың қыркүйегінен бастап аталған тәжірибе барлық мектептерге енгізілетін болады», - дейді Б. Жұмағұлов.Оның айтуынша, жекелеген пәндер кезең-кезеңімен ағылшын тілінде оқытыла бастайды. Министдің сөзінше, білім деңгейін арттыру үшін, ағылшын тілі 1-сыныптан бастап үйретіледі. Жоғары оқу орындарының барлығында, шет тілінде білім беретін арнайы бөлімдер ашылады.

Әрине, өзге тілдің бәрін білу керек. Бірақ, өз тілімізге деген құрметпен не болмақ? Бақытжан Жұмағұлов та туған тілді білу бәріне міндет екенін айтады, іс жүзінде бүгінгі қоғамда ана тілінде сөйлей алмайтындар жетерлік.

ЖОСПАР

Әр өңірде ақпараттық үйлестіру топтары мен Қоғамдық кеңес құрылады

«Министрлік алдағы уақытта екі маңызды қадамды жүзеге асыратын болады. Біріншіден, әр аймақта ақпараттық үйлестіру топтары құрылады. Олар білім саласындағы болып жатқан өзгерістер, істеліп жатқан жұмыстар туралы жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Осы топтар арқылы біз өзіміздің қызметіміздің барлық бағыттары туралы қоғамды хабардар етіп отырамыз», - дейді Б. Жұмағұлов. Ал екінші маңызды қадам Қоғамдық кеңесті құруға қатысты болмақ. Оның құрамына депутаттар, саяси партиялар өкілдері, танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері кіретін болады.Министр сөзіне сенсек,бұл кеңес - білім сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылап, ақылдасып отыратын негізгі алаң болмақ. Барлық жаңалықтар осы жерде қоғамдық сараптан өтетін болады.

Ғылымды қаржыландыру 80 пайызға өсті, ал педагогтерге талап күшейтіледі

Ғылымға бөлінетін қаржы соңғы екі жылда 80 пайызға өсіп отыр.Министрдің айтуынша, егер 2011 жылы ғылым саласына бөлінетін қаржы 26,8 млрд. теңгені құраса, 2012 жылы 48 млрд. тегеге жетіп, 80 пайызға өсті. «Ғылым туралы жаңа заңға сәйкес, зерттеу институттары құрылуда. Қазіргі уақытта инновациялық бағытта 10 университет жұмыс жасайды. Жалпы алғанда Елбасы ағымдағы жылғы Жолдауында Назарбаев Университеті айналасында инновациялық-интеллектуалдық кластер құру туралы идея ұсынған еді. Кейін оның тәжірибесі басқа да ғылыми-білім беру орталықтарын құру үшін пайдаланылатын болады. Біз бұл бағытта жұмысты жалғастырамыз», - деп мәлімдей түсті министр Б. Жұмағұлов. Педагогтер даярлайтын оқу орындарына талап барынша күшейтіледі.«Қазірдің өзінде еліміздегі 89 жоғарғы оқу орнының 43-іне ғана педагогикалық мамандық бойынша кадрлар даярлауға рұқсат беріліпті. Қалған 46-сына педогог мамандар даярлай алмайтындығы бойынша шешім қабылдап, оларға тыйым салыпты министрлік. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының шеңберінде жаңа формациядағы педагогтер даярлау және олардың біліктілігін арттыру басталып, педагог мамандығына берілетін мемлекеттік грант көлемі көбейтіпті. Министрдің айтуынша, аталған шаралар мұғалім кәсібінің тартымдылығын арттырып, педагог мамандығын нағыз талантты жастардың таңдауына мүмкіндік береді.Бұдан бөлек, министрдің сөзіне сенсек, қазіргі таңда мұғалімдер біліктілікті арттырудың жаңа жүйесі енгізіле бастады. Бұл үшін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жанынан Педагогикалық шеберлік орталығы, Педагогтердің біліктілігін арттыру орталығы құрылуда. «Бұл орталықтарда мұғалімдер әлемдік тәжірибеге сай әзірленген жаңа бағдарламалар бойынша арнайы үш айлық қайта даярлаудан өтеді. Мұндай қайта даярлаумен 5 жылда 120 мыңнан астам мұғалім, яғни мұғалімдер корпусының тең жартысына жуығы өтеді», - дейді ведомство басшысы.

Алдағы 2-3 жылда Үкімет қаржыны оқушылардың жан басына шағып бөлетін болады

«Орта білім сапасын арттыру үшін білім беру ұйымдарында жан басына қаржыландыру тетігін енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жаңалық бюджеттік шығыстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ілкі жобаға енгізілетін мектептер қазіргі таңда іріктелді. Барлық есептер жасалды, қаржыландыру әдістемесі толық әзірленді. Енді 2-3 жылдан кейін осы жоба мектептерімізге жаппай енгізілетін болады», - дейді Б. Жұмағұлов. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде 6 Назарбаев Зияткерлік мектебі құрылды. Ал 2015 жылға қарай осындай 15 мектеп салу жоспарланған. Ондай мектептер тәжірибесі еліміздің барлық өңіріне таратылатын болады. Бұл еліміздегі жалпы білім сапасын арттыруға ықпал етеді.

Қазақстанда білім

сапасы төмен тағы 29 ЖОО жабылады

Кезінде лицензияны оңды-солды таратқан министрлік университеттердің қисапсыз өсуі білім берудің сапасына кері әсерін тигізетінін енді түсінсе керек. 30 бірдей жоғары оқу орнының жұмысын тоқтатып, саннан сапаға ауыспақ. Алдағы уақытта елімізде білім беру сапасы төмен тағы 29 жоғары оқу орны жабылатын болады.

«Біз бұған дейін 6 университетті жауып едік. Ендігі күні, ағымдағы жыл барысында тағы 29 университетті жабуды жоспарлап отырмыз. Жалпы алғанда жоғары оқу орындарын жабу білім мекемелерінің рейтингін есепке ала отырып, жүйелі түрде сот тәртібімен жүзеге асатын болады. Біз жоғары оқу орындарын 5-6 критерий бойынша тексереміз. Әрбір университеттің рейтингін де қадағалаймыз. Ең басты көрсеткіш - бұл түлектердің білім жетістігіне байланысты және ол 30 пайызды құрайды», - дейді министр.Оның сөзіне қарағанда, бұдан бөлек, жоғары оқу орындарының ғылыми көрсеткіштер, оқытушылардың деңгейлік көрсеткіштері де сапаға қамтылып, бағаланады.Жоғары оқу орындарын жабу үшін сотқа шағымдануға тура келеді. Ол тұрғыдан қаржылық шығын да талап етіледі. Жалпы, сапасы төмен университеттерді жабу министрлік үшін шынымен күрделі әрі қиындықтары да, кедергілері көп екені министрдің өзі де мойындады.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА.