Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Білім жүйесіне үштілділік керек пе?


22 июня 2012, 12:23 | 2 445 просмотров



Қазақстан көптілді білім жүйесін дамытпақ. Білім және ғылым министрінің төрағалығымен алғаш рет «Қазақстандағы көптілді білім беру жүйесі: даму стратегиясы» атты жиын өтті.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, «Президенттің Қазақстан халқы ассамблеясы отырысында айтқан тезисі бойынша әрбір азамат мемлекеттік тілді, ұлтаралық қатынас тілі - орыс тілін және ағылшын тілін меңгеруге ұмтылуы тиіс. Қазақстанда тілдерді оқыту орталықтарын дамыту бойынша жұмыс басталған. Елдегі 33 мектеп үш тілде сабақ береді. Жекелеген жоғары оқу орындарында көптілді білім беруді енгізу бойынша жұмысқа кіріскен». Көптілді білім беру жүйесін дамытуға арналған жиында Қазақстанның басым салалары бойынша көптілді мамандарды әзірлеу мәселесі талқыланады. Көптілді білім беруді енгізу қазақстандық тү¬лектердің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттігін арттыруға жағдай жасамақ деп есептейді министрлік.

Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Парламент депутаты:

- Қазақстанда бірде-бір қазақша мектебі жоқ қалалар бар. Павлодар, Қостанай, Қарағанды сияқты облыстарда қазақ мектептерінің тапшылығы айтылған. Қазақ тілінде білім беру жүйесі мәселелері шешілмей тұрып, үш тілді қатар оқыту дұрыс па?

- Қазақ тілінде мектептер бар. Қазақша оқимын деген бала жоқ шығар? Жақында Ақмола облысының бір ауылында болдық. Сонда бір кісілер қазақ мектебін өздері қалай ашқандарын айтып берді. Қазақ сыныбына бару үшін 4-5 бала ғана жиналыпты. Сонан кейін 5-6 кісі өзара келісіп, 2-орыс сыныбында оқитын балаларды қайта қазақ тілінде оқытатын 1- сыныпқа әкеліпті. Осылай олар қазақ сыныбын құрып, ақыры қазақ мектебінің ашылуына мұрындық болған. Яғни, ең алдымен ата-аналармен жұмыс істеуіміз керек. Кейбір мемлекеттерде 4 жасқа дейін балаға өзінің ана тілінен өзге тілдерді естіртпейді. Отбасының барлық мүшесі сәбиге тек ана тілінде сөйлейді. Сонан кейін ғана басқа тілдерді үйрете бастайды. «Ана тілі ана сүтімен енсе, ол ешқашан естен кетпейді» деген сөз бар. Осы мәселені қолға алуымыз керек.

- Ол үшін қазақша балабақшалары қажет болар?

- Ең алдымен, отбасында қазақша сөйлеу керек. Сонан кейін қазақша балабақшалар қажет. Егер балабақшаларында, бәлкім, 5 жасқа дейін ана тілінде ғана сөйлесе, кейін үнді тілінде сабақ оқытса да, бала ана тілін естен шығармайды.

- Бірінші сыныптан бастап, үш тілде сабақ оқыту жүйесі тиімді ме?

- Әзірге министрлік мұны жаппай енгізіп жатқан жоқ. Жоба ретінде әр аймақтан бірер мектептен алып, байқап көрмекші. Әзірге оны жақсы, жаман деп айту қиын. Бала қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде бірдей сөйлесе, оның еш жаман жері жоқ. Оған тек қуануымыз керек. Біз кезінде ағылшын тілін оқымадық. Қазір іссапарға барсақ, мылқау адамдай жүреміз. Сондықтан балаларымыз қазақ тілін, орыс тілін, ағылшын тiлiн біліп, барған жерінде сол тілдерде сайрап жатса, бұдан еш жамандық көрмейміз. Әзірге мектеп емес, қазақ тілін отбасы мен бала-бақшадан көтеру керек.

Мұсылмандарда сәби туылғанда құлағына азан айтады. Алланың атын естіртеді. Бұл баланың миына ең бірінші Алла кірсін деген мақсатта жасалады. Сол сияқты 4-5 жасқа келгенше, ана тілі сәбидің санасына енсе, ондай бала ешқашан ана тілін ұмтыпайды.

Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы, профессор:

- Жалпы, бұл тілдердің балансы, тілдердің теңдігі туралы ой тудырады. Сондықтан кейбір елдерде 2-3 тіл оқыту етек алған. Бірақ екі-үш тілде оқытатын мем¬лекеттерде ана тілінің, мемлекеттік тілдің меңгерілуіне көп мән беріледі. Егер мемлекеттік тіл әлі де әлсіз, осал, тұғыры берік болмаса, үш тілді меңгеру мақсат етіп қойылмайды. Сондықтан Қазақстанда үш тілді білім беру жүйесін ең алдымен, қазақ мектептерінде қазақ тілін терең меңгерген 10-11 сыныптарға қолдануға болады. Мектепке дейінгі буыннан бастап үш тілді енгізу - мемлекеттік тілдің болашағына үлкен қауіп төндіретін саясат. Егер оқушылар қазақ тілін мықтап меңгерсе, онда басқа тілдерді де оқуға болады. Жалпы, бұл саясатты қолдай отырып, қоғамда «үш тұғырлы тіл саясаты қоғамда мемлекеттік тілді әлсіретуі мүм¬кін» деген пікірдің тарағанын да ескерген жөн.

Автор:
Айжан КӨШКЕНОВА, aikyn.kz.