Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Балапан» бағдарламасы бойынша мектепалды білім беретін ұйымдар саны 3528-ге артты


22 июня 2012, 12:23 | 1 816 просмотров



Қазақстанда мектепалды білім беретін ұйымдардың санын арттырып, балаларды балабақшамен барынша қамту үшін жүйелі шаралар қолға алынуда.

«Балапан» бағдарламасының аясында құрылған мектепалды білім беру ұйымдары арқылы 230 мыңнан астам баланы балабақшамен қамтуға мүмкіндік туған, деп хабарлады pm.kz. сайты.

Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2009 жылы 3 жастан 6 жас аралығындағы балаларадың мектепалды тәрбиемен қамтылу деңгейі 36,2 пайызды құраса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 65,4 пайызға жеткен.

Айта кетерлігі, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесінің енгізілуі еліміздегі жекеменшік балабақшалардың көптеп ашылуына мүмкіндік берді, олардың желісі 289 ұйымға артып, бүгінгі таңда 499 жекеменшік балабақша мен шағын орталықты құрап отыр.

Білімі бәсекеге қабілетті адам капиталын тәрбиелеуде Қазақстандағы барлық балаға тең жағдай жасау, мектепалды дайындықтың тең стандарттарын енгізу, тамақтану, медициналық қызмет, мемлекеттік тілді үйретуде де бүкіл балаға тең қарау маңызды қадам болып табылады. Осыған байланысты, мектепалды білім беру сапасын күшейту үшін «Мектепке дейінгі балалық» атты Республикалық орталық құрылған. Орталықтың қызметі баланың дұрыс тәрбиеленуі үшін, мектепалды білім беру саласында мемлекеттік саясат қалыптастырып, сол саясатты жүзеге асыру үшін ғылыми-әдістемелік шарттармен қамтуға бағытталған.

Еске сала кетейік, «Балапан» бағдарламасының негізгі мақсаты 2015 жылға дейін қалада да, ауылда да мектеп жасына толмаған бүлдіршіндердің 70 пайызын, ал 2020 жылға дейін 100 пайызын балабақшамен қамту болып табылады.

Мектепалды білім және тәрбиемен қамтуға бағытталған шараларды алдағы уақытта да жүзеге асыру Қазақстандағы балабақшалар санын көбейтіп, білім беру қызметтерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік туғызады.

Автор:
Марлан ЖИЕМБАЙ.