Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰЛЫЛЫҚТЫҢ БАСЫНДА ҰСТАЗ ТҰРАР...


10 августа 2012, 09:13 | 2 966 просмотров


Әр адамға ізетпен қараған,

Өз бойынан мол ізгілік тараған.

Талап пенен тәртіпті тек ту етіп,

Осы өмірге ұстаз болып жаралған...

«Өз бақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын» (З. Қабдолов) ұстаздардың алдыңғы қатарында жүрген білімді де білікті ұстаздардың бірі – Талдықорған қаласы №14 орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиетінің жоғарғы санатты мұғалімі Насырова Гүлжан Тұрарбекқызы.

Ол – өмір талабына сай, жаңалыққа жаны құмар, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жаңаша ойлау дағдысын меңгерген, балалардың талабы мен қабілетін, өздігінен еркін дамуын ұйымдастыра алатын, ата-аналар, педагогтік ұжыммен ынтымақ орнатуға бейімділігі бар, шығармашылықпен еңбек ететін ұстаз. Оның әр сабағы – өмір сабағы, әдеп сабағы, адам тану сабағы. Сондықтан ол шәкірттеріне ізгілік қасиеттерді дарытуда, иманжүзділікті, еңбексүйгіштікті, зор адамгершілікті тәрбие етіп беруді нысана етеді. Мұны оның әр сабағынан, оқушылармен, әріптестерімен қарым-қатынасынан көруге болады. «Елім» деп еңіреген, «жерім» деп жігерленген, ақ сүтімен бойына сіңген ана тілінің қадірін арттыратын, ата-салтын құрметтейтін жеткіншек тәрбиелеуде өзінің бар ұстаздық шеберлігін пайдаланды.

Насырова Г. Т. мектептегі ұстаздық еңбегімен қатар, поэзия, журналистика саласымен де айналысады. Оның қаламынан шыққан М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесі бойынша жазылған сценариі, «Жетісуым – жерұйығым», «Үш үзік сыр», «Ұстаз салған із», «Еліміздің елтаңбасы еңкеймесін» мақаласы, «Мөлдір сыр», «Сағыныш» мөлтек әңгімелері оқырман қаумының қызығушылығын тудырды.

Ұзақ жылдық ұстаздық тәжірибесін жинақтап, қазақ әдебиетін тереңдетіп оқытуда 7-сыныпта қосымша сабақ бағдарламасын құрастырса, «Модульді оқыту технологиясы» бойынша «Шебер класс» жетекшісі ретінде қалалық, облыстық, республикалық көлемде өзінің сабақ жоспарларының үлгісін / «Қазақ тілімен әдебиеті» журналы, 2007 ж. №1/ көрсетіп, / «Әдебиет сабағында модульді оқыту технологиясын қолдана отырып, оқушының шығармашылық қабілетін қалыптастыру» атты баяндамасымен іс-тәжірибесін бөлісуде.

Алдындағы шәкірттеріне ана тілінің құдіретін терең ұқтырып, оларды шешендік өнерге баулудағы еңбегі өзге әріптестеріне үлгі. Гүлжан апайдың шәкірттері республикалық «Дарын» ғылыми жобалар жарысында, «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Асыл сөз» телебайқауы, сол сияқты қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі оқуларға, шығармашылық байқауларға, пән олимпиадаларына қатысып, жеңімпаз атанып жүр.

2003-2004 оқу жылынан 2010-2011 оқу жылына дейін мектеп түлектеріне сапалы да терең білім беруінің нәтижесінде оқытқан шәкірттері ұлттық бірыңғай тестілеуден 100% білім сапасын көрсетіп келеді.

Гүлжан Тұрарбекқызының жолын қуған шәкірттері республикамыздың әр түпкірінде жемісті еңбек етуде. Олар әркез өздерінң осындай ұлағатты ұстаздары болғанын мақтанышпен айтып жүреді.

Ұстаздық қызметіне адал, өз ортасында беделді, мұғалімдердің ақылшысы, әдіскері, кеңесшісі, шәкірттерінің бағалы ұстазы, жарқын бастамалардың қолдаушысы Гүлжан ұстазын мектеп ұжымы да мақтан тұтады. Қандай іске болсын бар ынта-жігерімен кірісетін осы бір жан – көпшіліктің аяулысы.

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, бізге, әріптестеріне Гүлжан Тұрарбекқызы көп тағылым, өнеге береді. Ақыл-парасатының тереңділігі, имандылығы, оқушымен де, мұғаліммен де тез тіл табыса білетін қарпайымдылығы, әділеттілігімен өз ортасынан озық көрінеді.

Шебер әдіскер, жақсы ұйымдастырушы, білгір маман ретінде қала мұғалімдері мен ата-аналары, шәкірттерінің құрметіне бөленген.

Аяулы ана, ақылман әже, парасатты ұстаз Насырова Гүлжан Тұрарбекқызы – кәсіптік шеберлігін үнемі жетілдіріп отыратын, ғылыми-зерттеу, шығармашылық жұмыстарына бейім, өз бақытын бала тәрбиесінен тапқан жан. Тәжірибелі ұстаз бүгінде кемеліне келіп, өсу үстінде.

Автор:
Ғ.С.НҰРҒАЛИЕВА, №14 орта мектеп-гимазиясының орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі