Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Дарынды оқушыны дамыту моделі


10 августа 2012, 09:19 | 8 562 просмотра



Дарынды оқушы - ұлт болашағы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев:«Қазақстан ұлы державада болуы үшін бізге күш-қуаты,қажыр-қайраты мол, ақылды да ойлы, дарынды жастар керек»,-деп Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баса айтып өткен болатын,сондықтан да ұстаздар қауымының негізгі міндеті - тәуелсіз қазақ елінің күні ертең тұтқасын ұстайтын жас ұрпақты білімді де білікті етіп өсіру жолында тиянақты жұмыс істеу.

Ерекше қабілетімен көзге түскен оқушы жоғары белсенділігімен, ұшқыр ойымен, байқағыштығымен, мәселені шешуде жан-жақты жолды қарастыруымен танылады. Кейбіреулерінің ақыл-ойы табанды түрде дамиды да, өз қатарластарын басып озады. Олардың ақыл - ойының кемеңгерлігі сонша – байқамау мүмкін емес.

Бала дарындылығының байқалмайтын жақтары да кездеседі. Кейде тіпті баланың есейген шағында сирек кездесетін қабілеттері көрініс тауып жатады, сондықтан дарындылыққа байланысты сан қилы сұрақтар туындайды. Бала бойындағы белгілі бір қабілеттің жарқын көрінісі ой - өріс деңгейінің жалпы дамуымен, ғылымның, өнердің арнайы бір саласына бейімделуімен сипатталады. Дарынды баланың өзгешелігі неде? Оқушы пікірінің ерекшелігі мен дербестігінде, сұрақты әр қырынан қарастыруында. Бұл қабілеттер оқушының жоғары деңгейін көрсетеді. Баланың дарындылығын байқағанда не істеу керек? Әрине, оны ары қарай дамыту керек.

Лицейіміздің «Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын арнаулы лицей» атанғанына да бірнеше жыл болып отыр,сондықтан бізде дарынды балалармен көптеген жұмыстар атқарылады.Соның бірі-дарындылықты дамыту жолдары. Бала бойындағы дарындылықты дамытуда ата-ана, мектеп, ұстаз арасында ынтымақтастықпен бірлескен ауқымды іс-шаралар өткізілуі қажет. Мектебімізде дарындылықты дамытудың мынадай моделі бойынша жұмыс жасалуда: модельде ұлттық қазақ үй бейнеленген.Қазақ үй,негізінен, керегеден бастап құрылады ғой,сондықтан мұнда атқарылатын ауқымды жұмыстар белгіленген.Уықтары- отбасы, мектеп, ұстаз, солардың бірлесе атқарған жұмыстарының арқасында дарынды бала қалыптасады.Ал қоғамға біліммен шыңдалған, еңбексүйгіш, талапты, терең ойлы дарынды бала қажет.

Баланың жеке тұлғасының дара қасиеттерін қалыптастыруда ата -анасы үлкен мүмкіндіктерге ие. Олар күнделікті отбасылық өмірде, отбасының дәстүрлері мен адамгершілік ұстанымдары, шежіресі мен тарихы, отбасы мүшелерінің ортақ қызығуы мен мақсат–мүдделері арқылы іске асады. Ата-ана баласының талабы мен қызығушылығына қолдау көрсетіп, оған рухани, материалдық көмек көрсетуі керек. Бұл мүмкіндіктерді мектептің мүмкіндіктерімен үйлестіру – табысты тәрбиенің тағы бір негізі.

Ата – аналар белсенділігін көтеру кез келген мектеп үшін оңай іс емес,өйткені мектеп – қоғамның, отбасының және өзінің өзара тәрбиелік іс-қимылын үйлестіруші қоғамдық институт. Өзара іс-әрекеттің мақсаты мен міндеттерін мектеп тек өзінің ұстанымына сүйене отырып анықтаса, ал ата-аналарды іске асыру барысында ғана қамтыса, нәтиже төмен болады. Мектеп пен отбасы байланысы ынтымақтастық пен серіктестік жүйесін жетілдіруге бағытталып, ата-аналар мектептің кез келген бастамасын қолдап отыруы қажет. Ал екі жақты қолдау көріп отырған ұстаздың мүмкіндіктері мол болмақ.

Жай мұғалім хабарлайды,

Жақсы мұғалім түсіндіреді.

Керемет мұғалім көрсетеді,

Ұлы мұғалім шабыттандырады,-

деп Уильм Уорд айтқан болатын. Демек, ұстаз ерекше дарынды балалардың табиғи интеллектуальдық және арнайы

шығармашылық қабілеттерін дамытатын терең де жан-жақты білім беруі

тиіс.Дарынды оқушыларды біліктілігі жоғары, кәсіби мәдениеті қалыптасқан мұғалім ғана тәрбиелей алады.Ұстаз міндеті білім беру ғана емес, оқушының өзіндік дамуына, бағалауына, ойлау дербестігіне, қызығушылығына, психологиялық ерекшелігіне байланысты әр түрлі жұмыстар жүргізуі тиіс.

Лицейіміз ынтымақтастықпен атқарылған жұмыстардың арқасында көптеген жетістіктерге жетуде. Өткен оқу жылындағы жетістіктерге тоқталсақ,олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың қорытындысы бойынша мынадай көрсеткіштеріміз бар:

-қалалық деңгейде олимпиада-41 орын, 17 мақтау қағазы, ғылыми жобалар жарысы- 24 орын,7 мақтау қағазы

-облыстық деңгейде олимпиада -25орын , 7 грамота, ғылыми жобалар жарысы- 20 орын.

-республикалық деңгейде олимпиада -2 жүлделі орын , 6 грамота , ғылыми жобалар жарысы-33 орын, 2 мақтау қағазы

-қазақ тілінен республикалық қашықтық олимпиада - 6 орын

-«Тарих ата» республикалық қашықтық олимпиадасы- 10 орын, 2

мақтау қағазымен марапатталды. 2011 жылы оқу бітірген 57 түлектің 26- сы Халықаралық жарыс жеңімпазы,5 оқушы «Алтын белгі»иегері, 1оқушы Үздік аттестат иегері, 52оқушы Мемлекеттік грант иегері атанды.

Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады. «Адам ұрпағымен мың жасайды” демекші, болашағы бар ел ғана тарих бетінде ұлт болып жазылмақ! Сонау ХІХ ғасырда ағартушылық-демократтық бағыттың негізін салған Шоқан,Ыбырай, Абайлардың, ұлттың ұстазы болған Ахметтің, жалыны мен жігері жанған Міржақып пен Мағжандардың ұлы мұратын жүзеге асыруда дарынды балалардың атқарары мол.

Автор:
Ә.М.ҮКІБАЕВА, Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №20 арнаулы лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Талдықорған қаласы