Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қалдырған ізің мәңгілік, Жадымда тұрар жаңғырып!..


24 декабря 2009, 17:53 | 3 657 просмотров



Қалды дейсің жер болып талай адам,

Қатал заман ешкімді аямаған.

Сондай сұмдық, қапастың шеңгелінен,

Таң қаламын,

Қалдыңыз қалай аман?..

Әлемдегі ең қадірлі мамандық – ҰСТАЗ БОЛУ! Сан мыңдаған шәкірттердің жүрегіне білім шамшырағын жағып, бала жанының бағбаны болу – ең тәтті де ауыр міндет. Тарыдай болып келіп, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіннің күні ертең таудай болып шығып, есейіп, бой түзеп, теңіздей телегей өмірге енді араласа бастаған сәтін көргенде: «Мынау мен оқытқан қыз ғой!.. Бұл менің шәкіртім болған!..» дегендерді көріп қаласың. Міне, мені көргенде осындай сөздерді жиі-жиі айтатын, мен үшін «ұстаз» атаулының ең биік шыңында тұрған, туған әкемдей болып кеткен ақылшым, жанашыр бір ірі тұлға бар. Ол – Тілеукен Шаймұханұлы. Бұл есім мәңгілік менің жадымда сақталады! Тіпті, оны өмірдегі ұлағатты ұстазым десем асыра айтқандығым емес. Бар білетінім, ол – «ҰСТАЗ» атты ұлы ұғымға лайық тұлға! Ол – тамшысымен тас тесетін, жарық дүниеге адамгершілік қасиеттің ұрығын себетін Ұлы мамандық иесі! Ол - өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай білген жан! Ол - талай жыл мектеп басшысы болса да, қатаңдықтан гөрі қарапайымдылықтың иісі аңқып тұрған, парасаттың ең биігінде тұрған адам!.. Оның бүкіл болмысын сипаттап, сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес...

«Кісіні танымақ болсаң, ісінен таны» дегендей, оның ауыл мектебі үшін атқарып жүрген ісі ұшан-теңіз.

Қазіргі таңда өзге мектепте басшы болып жүрсе де, ол өз туған ауылын, өзі бекіп, іргетасын нықтаған мектебін еш ұмытпаған емес. Кейде жолшыбай көріп қалған сәтте жаны қалмай амандасып, хал сұрасады. Жылы мейір мен кең пейіл танытып амандасуының кереметі мен шарапаты сонда – туған баласындай жанына жақын тартады. Оның ашық қабақпен, күлімсіреп берген сәлемінің өзі жан дүниемді жадыратып, әлгі көрініс көпке дейін көңілдедіріп жадымда жүреді.

Тілеукен ағай бізге математикадан сабақ берген. Басқа басқа, бірақ сол кісінің сабағына мұқият дайындалып келетінбіз. Әсіресе, Мерей есімді сыныптас құрбым екеуміз ағайдың түсіндірген есеп-қисабын тез іліп алып, тақтаға шығуға таласатынбыз. «Ағай, мен шығарайыншы!..» деп екеуміз екі жақтан дабырлағанда, ол қайсысымызды тақтаға шығарарын білмей дал болатын. Ең ақыры, көңілімізге қарап, басмызыдан сипап, кезекпен шығартатын.

...Жаңылыспасам, 7- сынып оқитын кезім болса керек. Әдеттегідей жұма күні берген тапсырманы тақтада орындап, ағайдың «Отыра ғой, балам. Бес!» дегеніне көңілденіп өз орныма отырдым. Сабақ соңында ағай өзінің маржандай жазуымен күнделікке баға қойып беретін әдеті бар-тын. Оның сабағынан бестік алуды «етім үйреніп» қалған мен үшін, сол күні күнделікті ашып қарап көру ойымда да болмапты. Апта соңында марқұм әкем жұмыстан келген бойда тамақ ішпес бұрын әпкем екеуміздің күнделігімізді тексеруді әдетке айналдырған. Құдды бір бір мұғалімнің алдында емтихан тапсырып тұрғандай әпкем екеуміз бір-бірімізге жалтақтай қараймыз. Әпкемдікін бірінші тексеріп болысымен, менікіне кірісті. Сол күні өз есептеуімше төрт сабақтан кілең бестік алған болатынмын. Соны ескеріп, әкемнің келесі бір мақтауы мен «шоколады» бұйырып тұр-ау деп ойланып тұрғанмын. Кенеттен әкемнің өңі бұзылып кетті. Аурып қалмады ма екен деп, жанына жүгіріп барсам «Мынауың не?» деп күнделігімді шұқшитып көрсетеді. Дереу күнделігімді ашып қарап қалсам, Тілеукен ағайдың сабағының тұсында қара сиямен жазылған үп-үлкен ҮШ тұр?!. Өмірі үш алып көрмеген мен үшін бұл кәдімгідей соққы болды. Екі жанарымнан жас парлай жөнелді. Сасқанымнан, не істерімді білмей, ішімнен «бұл мүмкін емес...» деп ашудың қаһарына мінген әкеме түсіндірумен әлек болып, зыр жүгіріп жүрмін. Алайда, әкемнің көз алдында бір құласаң, қайта көтерілу өте қиынға соғатынын біліп, төсегіме барып жылап жатып алдым. Әдеттегідей жылап қалсаң жұбататын әкем де қуланып алған, осы жолы еш демей жұмыс бабымен қалаға төрт күнге кетіп қалды. Ертеңінде сенбі күні Тілеукен ағайдың сабағы жоқ болатын. Сыныптас қыздарым «Ағайдың саған үш қоюы мүмкін емес, есептің бәрін дұрыс шығардың ғой...» деп жұбатып қояды. Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатымен құрбымды ертіп алып, директордың кабинетіне тарта жөнелдім. Өкінішіме орай, директор да қалаға кетіп қалыпты. «Бір қалада әкем екеуі жолығысып қалмаса екен...» деген тағы бір уайым қосылды. Оқушылар демалатын бір күннің өзі маған бір жылдай болып өтті. Үйде әпкем екеуміз болған соң, айналып келіп әпкеме тиісе беремін. Одан қалса, мектеп жаққа аяңдап барып, директордың қаладан келген-келмегенін байқап келемін. Күнделігіме де қарағым келмейді. Өзегімді өртеп бара жатқан жалғыз сұрақ: «Неліктен ағай маған үш қойды екен?». Әкем қаладан келгенше мұны анықтап қою керек. Көптен күткен дүйсенбі де келіп жетті. Ағайдың сабағы бірінші болатын. Бірақ, бүгін ағайдың жүзі салқын, қабағы суықтау. Шамасы аздап ауырыңқырап қалса керек. Әлгі Мерей құрбым екеуміз «сен айт, мен айт» деумен 45 минуттың қалай тез өтіп кеткенін аңғармай қалдық. Сөйтіп тағы бір «азапты күн» өтті. Әкем де қаладан келмей жатыр. Келесі күні ағайдың кезекті сабағы. «Әлия, шыға ғой!» деген ағайдың дауысын ести сала, екі көзім мөлтілдеп тақтаға шықтым. Есепті шығарып, біткен соң ағайдың «Дұрыс, отыр» дегенін естіп орныма бара жатқаным сол-ақ еді, Еркебұлан атты парталасым «Ағай, сіз Әлияға үш қойыпсыз...» демесі бар ма? Ағай оқыс естіп, «Еркебұлан, тұра қойшы. Не дейсің? Естімей қалдым» деді. Еркебұлан ағайға мән-жайды айтып берген соң ағай менің жаныма келіп «Балам-ау, күнделігіңді көрсетші. Олай болуы мүмкін емес, балам...» деп күнделігімде өз қолымен қойған Үш-ті қарады. Аң-таң болып, өз үстеліне беттеп, «Бұл мүмкін емес...» деп журналына қараумен әлек. Сөйтсе, жұма күні оқымай келген бір сыныптасымның бағасын шатастырып, маған қойып қойған екен. Ағай менің көңіліме қарап, басымнан сипап «Балам-ау, саған үштік қоймаймын ғой. Неге жұма күні маған айтпадың?» деп ақталып, бағаны түзеп берді. Бойымды қуаныш оты кернеп әкетіп бара жатқаны соншалық, сасқанымнан көзіме жас алдым. Сабақ біте сала үйге асығып келсем әкем әлі келмепті. Тағатсыздана күттім. Сағат кешкі бестерге таяу әкем де келіп жетті. Машинадан түсе сала есік алдынан күтіп алып, әлгі мәселені түсіндіріп, жүгіріп жүрмін. Барлығын тыңдап түсінген әкем маңлайымнан иіскеп, әдеттегідей «шоколадын» ұсынды.

***

Қазақта жақсылыққа жаны құмар қайраткер адамды «Ай мен Күндей, әмбеге бірдей» деп жатады. Міне дәл осы сөйлем Тілеукен ағайыма арналып айтылғандай. Тек мен емес, күллі Қаратал жұрты танитын ұлағатты ұстаздың игі істері мен жақсылығы ел ауызында жүр. Өмір мен қызмет жолында аянбай еңбек етіп жүрген жанның өрнекті өмірінен бір үзік сыр бөлісуге арнайы іздеп барған едім.

Тілші: Ағай, ұстаз бен шәкірт байланысын қалай түсінесіз?

Т.Ш: Ұстаз дегенді мен мына әл-Фарабидің ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысы жайлы оқиғасымен түсінідіріп бергім келеді.

Ғұлама ғалым Әл-Фараби бір үйдің жолынан өткенде ылғи атынан түсіп жаяу өтеді екен.Мұны сырттай бақылап жүрген бір қарапайым адам бірде тоқтатып: «Осы сіз үнемі осы үйдің жанынан өткенде не себепті аттан түсіп өтесіз?» депті. Ұлы ғалым болса: «Өйткені, бұл үйде менің ұстазым тұрған!.. » деген екен. Міне, ұстаз деген сол әл-Фарабидің ұстазындай болуы керек те, ал шәкірттердің бәрі Әл-Фарабидей болуы керек!...Тек өзіне ғана емес, атынан түсіп, оның туған үйіне де сәлем беру ұстаздың деңгейін аңғартады. Біз, ұстаздар, шәкірттеріміздің алдында сол Әл-Фарабиді оқытқан ұстаздың деңгейіндей орында тұруымыз керек. Мен ұстаз бен шәкірттің арасындағы байланысты дәл осылай бағалаймын.

Тілші: Бүгінгі ауыл мектебінің жағдайы қалай? Не жетіспейді?

Т.Ш: Ауыл мектептерін қала мектептеріндегідей базаға жақындату керек. Әрине, жетіспейтін жақтары да баршылық. Мысалы, интерактивті тақталар, қаланың өзінде 5-6 тақтадан бар. Биыл бізге береміз деп отыр. Білімнің бәрі қалада, ауылда білім жоқ деген ел арасында қате пікір бар. Мен өз басым бұл пікірмен толық келіспеймін. Ауылды жердегі білім қала білімінен ешқандайда қалмаған, қалмайды, қалмайды да. Оған дәлел, мысалы мектебімізде соңғы үш жылдағы көрсеткішті алып қарасақ, осыдан үш жыл бұрын 16 бала бітірсе, соның 8-і грантқа ие болды. Одан кейінгі жылы 14 бала қатысса, оның 6-уы грант иегенрі атанды. Өткен оқу жылында 16 оқушы қатысса, оның 7-еуі грант ұтып алды. Қарап отырсақ, үш жылдың ішінде, бір кішкентай ғана ауылдан 21 бала өз күшімен оқуға түсіп, бүгінгі таңда білім алып жатыр. Ал, осыларды қала мектептерімен салыстырып қарасақ, біз олардан әлдеқайда көшілгеріде тұрмыз. Тестілеу жүйесіне қатысты айтатын болсам, бұл жүйенің енгені дұрыс болды. Себебі балалардың білімін тәуелсіз сарапшының сараптауы өте дұрыс. Бұл жүйе алғаш енген кезде «бұрынғы жүйеміз жақсы еді..., осының керегі не?» деген түсініспеушіліктер болды. Жалпы бұқара халық болған соң, қоғамдық пікірдің орын алуы орынды нәрсе ғой. Ал, шынтуайтына келгенде бала да, ата-ана да толық түсінді. Кім білімді болса, сол білімнің төрінде өз орнын алатыны белгілі. Соңғы кезде баламен бірге ата-ана да түбегейлі бет бұрды. Біз ілгері дамыған 50 елдің қатарына қосыламыз деп жатырмыз, осы жүйенің өзі де соған қосылған іспеттес. Елбасының ұстанған саясаты маған ұнайды, бірақ оның жанындағы «уәзірлері» жақсы болуы керек. Ел қамын ойлаған, ұлтжанды азаматтар болуы керек. Бір Елбасымыздың атқарып келе жатқан саясаты ұшан-теңіз. Елбасымыздың «Барлық мектептер компьютендірілсін» деген бағдарламасы шыққанда, біз Қазақстанда қаншама мектеп бар, бізге жетпейтін де шығар деген күмәнмен қарап едік. Алайда, кішкентай ғана ауылдағы мен басқарып отырған орта мектепке 21 компьютер берілді. Бала басына шаққанда біздің мектепті Астана мектептерімен салыстыруға болады.

Тілші: Сіз талай жыл басшылық қызметтің төрінен көрініп келесіз. Халқыңыз сіз туралы тек жақсы сөздер айтуда. Ел ауызында жүретін білікті басшы болуыңыздың сыры неде? Қазіргі ұжымыңыз жайлы да айтып өтсеңіз.

Т.Ш: Ұжымдағы қызметкерлердің бәріне бірдей тең көзқараспен қарауға тырысамын. Тіпті, менің сүйіп қосылған жарым – Бақыт та менімен бірге қызметтес болған кезде, жұмыс барысында мен оған отбасымның жақын адамы ретінде қарамаппын. Үйде отанасы ретінде бөлек, ал жұмыс барысында бөлек көзқараспен қарадым. Жұмысқа келгенде ол - мұғалім. Тіпті балама сабақ бергенде де, мен оған көтермелеп баға қоймаппын. Әділ жасасаң бәрі халықтың көз алдында болады. Менің бір түсінгенім, қол астындағы қызметкерлерге еш қысым түсірмей, толыққанды жағдай жасап отыру керек. Қаншалықты бес күндік дүниеде пендешілікке салынып, қатты сөз айтсаң да, күні ертең татуласатын да орын қалдыру керек. Сонда ғана жұмысың оңды бағыт алып, алға басады. Одан бөлек, басшы білімді болуы керек. Мен математик болсам да, тек сол салаға ғана берілмей, сонымен қатар, басшы ретінде тарихшы мен де, әдебиетшімен де, биологпен де тең дәрежеде сөйлесе білуім керек. Ал терең білім үшін мен Сок-

раттың мына бір нақылын өмірлік кредом ретінде ұстанамын. Сократ: «Менің білетінім сол ғана, мен ештене білмеймін»,- деген екен. Сонда Сократ білмесе, қалғанымыз не білеміз? Бұл дегеніміз - ол мына өмірде қай күні бәрін білдім десең, сол күні өміріңнің өшкені. Сондықтан, таңертең мен жұмысқа «Мен ештене білмеймін» деп аттанамын. Мектепте жүрген кешке дейінгі қайнаған өмір білуменен, ізденуменен, «инемен құдық қазуменен» өтеді. Басшы білімді болса, артынан ерген ұжымы да соған бейімделіп, еліктеп өседі. Тіпті, Алғазы орта мектебінде директор болып жүргенімде мұғалімдер арасынан «Осы директордың өзі күнделікті сабақ жоспарын жаза ма екен?» деген сыбысты құлағым шалып қалды. Мен 44 жыл еңбек жолымда күніне сабақ жоспарын жазудан еш жалыққан да емеспін, қазір де жазып жүрмін. Содан бір тоқсандық сабақ жоспарымды әдейілеп ұмытып кеткендей болып, мұғалімдер кабинетіне тастап кеттім. Арада бір екі күн өткен соң бір-біріне айтады екен: «Біздің директор да күнделікті сабақ жоспарын жазып жүреді екен ғой. Қой, біздің бұлай жалқауланғанымыз болмас...» деп. Қарап отырсақ, мұның өзі бір сабақ. Айқайға салмай, айтпай, үндемей ғана тәрбиелеу. Бір басшыға айталық мектептің іргетасын қарау бақыты бұйырса, біреуіне сол мектептің қабырғасын көтеруге, үшінші бір басшыға оның шатырын жауып, айналасын гүлдендіру нәсібі бұйырады. Сондықтан әр басшы өз деңгейінде үлесін қосып, тырысып бағады. Бірақ бұл мектептің мен келгенде материалдық базасы төмен болды, шынын айту керек. Көпжылдық тәжірибемде мен мектептің табалдырығын аттағаннан бастап ұжымның материалдық-техникалық жағдайына көп мән беремін. Аудан әкімі мен білім бөлімімен тікелей байланысқа шығып, мектепке керек құрал - жабдықтарды қамтыдым. Компьютер, жиһаздар алдым.

Сонымен қатар, театрдың мәдениеті киім ілгіштен басталады дегендей, кіріп келгеннен бастап маған бұл мектептің безендірілу жағы көңілімнен шыға қоймады. Эстетикалық талап

қа сай көрінбеді. Содан мектептің фойесінен бастап, түрлі саладағы стендтер жасалып, безендірілу жұмысы қолға алынды. Екінші қолға алған бір мәселе - мектеп айналасын көгалдандыру. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша көгалдандырудан облыс көлемінде жарыс болып өтті. «Гүлстан» журналының қолдауымен бұл жарысқа біз мектеп болып ат салыстық. Алғашқы он мектептің бәйгесіне ілініп, 100 мың теңгеге гүлдер мен ұзақ жылғы өсетін көшеттер, шыршаларды сыйға тартты. Мұның барлығы мектептің маңайына түгел отырғызылды. Мектептің айналасы жазда гүлге оранып тұрады. Бұл да балаға беріліп жатқан тәрбиенің бір түрі. Әрқайсысының өз учаскесі бар. Әр оқушы өзіне тиесілі көшеттеріне қарайды. Ұжым жайында сөз қозғасам, ұжым толықтай жоғары санаттан құралған, еңбекке шыңдалған мамандар тобы. Бір мен өзім атқарып тастадым деген де болмас. Мектеп ұжымы жыл сайын аудан көлемінде болып жатқан іс-шаралардан құр алақан қалмай, жүлделі орындар мен түрлі марапаттар алып, ешкімге дес бермей келе жатырмыз. Алған орындары мен қосымша компьтер, теледидар сынды сый-сияпаттары да баршылық. Алайда, маған ең ыстық мектеп – өзімнің алтын ұя мектебім. Сол мектептен түлеп ұшқан шәкірттерім де маған ыстық көрініп тұрады. Алматы, Талдықорған, Үштөбе халқының амандасуынан ауылдағы халқымның амандасуы екеуі екі бөлек. Тіпті, көзіме жас келеді. 1992 жылы Бөрлітөбе ауданына қарап тұрған шағымызда, өз мектебміде директор болып тұрған кезім. Ол кезде компьютер аудан бойынша жоқ болатын. Әлі ешкім қолданбаған. Алматы облыстық білім депертаментінің сол кездегі басшысына қайта-қайта кіріп, компьютер алуға рұқсаттама алдым. Мейрен Битөлеуова деген әріптесім «Осы компьютер деген сенің басыңа қайдан ғана ұялап алды? Сен алып келгенмен мен оны жүргізе алам ба?» деп айтатын. Мен алған бетімнен қайтпай, колхоздан мәшине алып, қолымдағы білім басқармасының рұқсаттамасын алып, Алматыға тартып отырдым. Содан ауылға компьютермен оралдым. Кейін компьютер енді ене бастаған кезде әлгі Мейрен әріптесім: « Сенің істеген игі ісің құптарлық екен. Сен бізден әлдеқайда алдыға ойлап қоясың?!..» деп таң қала рахметін айтады.

Атақ - даңққа аса құмар емеспін. Біреудің алдына барып, мен мындай едім деп, бірдеңеден дәм ету менің қолымнан келмейтін іс. Маған беріліп жатқан марапат, ордендерге мені ұсынып жатқанында білгенім де жоқ. Мұғалімдер арасындағы ең жоғарғы сыйлық – Ы. Алтынсарин атындағы сыйлықпен марапаттал дым. Елордамыз Астананың он жылдығы қарсаңында «Астанаға10 жыл» деген марапатқа ие болдым. Аудан бойынша бұл марапатқа әр саладағы маман иелері ие болды. Соның ішінде білім саласынан маған бұйырды.

Тілші: Ағай, отбасы жайында сөз қозғасақ...

Т.Ш: Жолдасым Бақыт та мен секілді – Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері. Ол көршілес Дөңши ауылының тумасы. 1968 жылы шаңырақ көтердік. Екеуіміз 2 қыз, 3 ұлы сүйдік. Үлкен қызымның аты – Жайна, ол Украинада Киев мемлекеттік университетін үздік бітірді. Қазіргі таңда ЖМУ-дың заң фаультеті деканының орынбасары, Жақсылық атты ұлым Томскінің автомобиль жол қатынастары институтын бітірген. Қазір Үштөбе қаласында техникалық училищеде мамандар даярлайды. Одан кейін Жоламан атты балам Политехникалық Университеттің түлегі, ал кенже ұлым Асқар Жол қатынастар институтын бітірді. Екеуі де кәсіпкер, кішігірім бизнеспен айналысады. Анар және Әлия атты келіндерім бар. Алайда жолдасым 2004-жылы ауыр науқастан қайтыс болды. Туған ауылымнан жат ауылға ауысуыма жолдасымның ауырып, науқастануы себеп болды. Анау шалғай ауылдан күнделікті дәрігерге әкеп қарату мүмкін емес, өзің білесің. Ал бұл ауыл қалаға бір табан жақын орналасқан. Қалада күніге онкологқа қаралып тұрды. Жолдасымнан айырылу маған соққы болып тиді. Табиғат екеш табиғаттың өзі де әлімсақтан жұптасқан дүние ғой. Таңның атуы мен күннің батуы, жердің оңтүстігі мен солтүстігі, шығысы мен батысы, жылуы мен ыстығы деген сыңайлы. Екеуі егіз болып жұптасқан жағдайда ғана жарасымды болады. Сол сияқты адам баласы да жұптасып өмір сүруге жаралған. Жарымның о дүниелік болғанына 5 жылдан астам уақыт өтті. Алла сәтін салса келер жылы пайғамбар жасқа келемін. 60-тан асқан шақта 35 жыл отасқан жолдасымнан айрылу маған оңайға тиген жоқ. Бұл қайғыны денсаулығым көтере алмай, Н.Сызғанов атындағы ғылыми зерттеу орталығында бауырыма үлкен операция жасаттым. 5 ай көлемінде төсекке танылып жаттым. Ауруға мойынсұнған мен жоқ, бірінші – Құдайға, сосын өз-өзіме сеніп, өзімді-өзім қамшылап, жігерлендірдім. Биылғы оқу жылының басында да тағы сырқаттанып, Алматыда урологиялық институтта бүйрегіме 2 ай операция жасатттым. Осылай тағдыр сынға алған кезде бар қуатымды балаларым мен немерелерімнен аламын. 5 ай төсекке танылған кезімде олар менің төсегімді айналып тұрып алды десем өтірік айтқаным емес. Немерелерім де құжылдап, ауруханадан шықпай қойды. Бес немеренің атасымын, Арнұр, Әлішер, Ақмарал, Әлинұр, Мәди – менің бес қанатым. Ауру атаулыға берілмеу керек, немерелерімнің қызығын көру бақыты әлі алда деп өз-өзімді демеп келемін!

Қараша Қараман, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қаратал ауданының құрметті азамаазаматы, Қаратал ауданының мәде ниет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

Мағыналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған Тілеукеннің білім саласындағы қол жеткізген жетістігінің сыры – жүрек қалауымен таңдаған мамандығын бар ынта пейілімен құлай сүюінде, бірыңғай ізденіп, ой өрісін кеңейте түсуде, өзіне де, өзгеге де талап қойғыштығында, әдептен озбауында, мінезінің көркем, мәдениетінің жоғары, жан дүниесінің бай болуында, ең бастысы сапалы білім мен саналы тәрбиені шебер жылдамдастырып ұштастыра білуінде жатыр. Тілеукен қай жерде, қай салада еңбек етпесін тек өзін жақсы қырынан ғана көрсетіп, артына бірыңғай жақсы із, жылы сөз қалдырып отырды. Бұған Көкше теңіздің қолтығында шалғайда жатқан Көпбірлік ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы білім ордасындағы игілікті істері нақтылы мысал.

Республикалық Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері бүгінгі таңда қазақ өнерінің мақтанышы, театрсаңлағы, жерлесіміз Қанабек Байсейітов атындағы орта мектебі ұжымына жанды басшылық етуде. Білікті кадрлармен, қазіргі заманғы оқу-әдістемелік құралдарымен жабдықталған. Ынтымағы жарасты білім мекемесі ұстаздары әр оқу жылын жемісті қорытындылауда. Мектеп директорларының тікелей басшылығы және жан-жақтылы қолдауы арқасында өтетін аудандық деңгейдегі мәдени-көпшілік шаралардың тағылымдық мәні зор. Біздің бір түсінгеніміз – басшысы іскер де көреген ынтымақшыл ұжымның шығар тауы да биік, асар асулары зор, көкжиегі кең де кемел.

Қайрат Саханұлы, Қаратал аудандық білім бөлімінің бас маманы:

«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай Тәуелсіздік туын тіккен елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп.

Сондай ауыл мектебінің білікті басшысы – Шаймұханұлы Тілеукен. Басқару қызметтерінің ішіндегі ең маңызды болып саналатындардың бірі – ұйымдастыру. Іскер басшы ұтымды ұйымдастыра білетін қабілетінің арқасында мектеп соңғы жылдары биік көрсеткіштерден көрінуде. Айта кетсек, аудан бойынша жыл сайын мектеп түлектері мемлекеттік грант иеленушілердің алдыңғы қатарында. Өзі жетекші болып отырған білім ұясындағы жас мамандарға өз қолынан келген білімділік көмегін көрсетуде. Ізгі мінезқұлық, адамгершілік, ұлттық қасиеттерін қалыптастыруда да оқушылардың дарындылығын жетілдіріп, шығармашылыққа жетелеуде де әрбір ұстаздың атқарар міндетін ай-

қындап отырады.

Мамандығы математика пәнінің мұғалімі, өзінің жарты ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған басшының аудан үшін атқарған еңбегі зор.

Мектеп жетістіктерін саралай келе ауыл мектеп ішіндегі оқу-тәрбие жұмысының жақсы жолға қойылғаны айдан анық. Алдағы уақытта мектеп жоғары жетістіктерге жетуіне, жақсы шәкірттерді дайындауда аудандық білім бөлімі тарапынан зор сенім артамыз.

Ришад Тұрғанбаев, шәкірті, «Жетісу» газетінің тілшісі:

Ұстаз! Осы бір сөз құлағыма жылы естіледі. Бірақ бұл үлкен мамандық иесі және мамандықтың киесі. Олай деуге толық негіз бар. Жарық дүниенің есігін ашқаннан кейін бірінші ананың тәрбиесінде, содан соң мұғалімнің тәрбиесінде боласың. Өмірінің барлығын бала оқытуға арнаған ұстаздар қауымының еңбектері ерен. Осындай бар ғұмырын ұстаздық жолға арнаған ағамыздың бірі – Тілеукен Шаймұханұлы. Балалық шағымда мен де Тілеукен ағамызға ұқсап ұстаз болсам деп армандайтынмын. Ол кісінің жүріс-тұрысы, сабақ беру барысы, одан қалса ер балалармен еркін сөйлесіп, болашаққа деген бағыт-бағдар бергенінің өзі әр оқушының жүрегіне жаққан шам секілді. Алғашқыда айтқанымдай, ұстаз болуды армандаған боз бала ол арманыма да жеттім. Жоғары оқу орнын бітірген бетте өзімнің дәріс алған мектебіме келдім. Алдымнан жылы жүзбен мектеп директоры қарсы алды. Ол кешегі біз армандаған кісіге қарап бой түзеген ұстазымыз Тілеукен Шаймұханұлы еді. Міне, кезінде білім нәрімен сусындатса, енді оқытушылық жолдың қыр-сырын үйретіп, әкелік ақылын айтты. Енді сол кісінің тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттерінің біразы облыс, республикада қызымет жасап, ел аузында жүр. Мұндай жетістік сол кешегі дәріс берген ұстаздардың арқасы дегім келеді. Ендеше, «Өзгенің бақытын ашқан адам бақытсыз болуы мүмкін емес». Олай болса Тілеукен Шаймұханұлы да бақытты болуға тұрарлық азамат!..

Азина Қабдешқызы, Қ.Байсейітов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Ағай туралы мен 2008 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне «Білікті басшы мектепті өрге сүйрейді» атты мақала жазған едім. Тілеукен Шаймұханұлы келгелі біздің мектебіміздің екінші тынысы ашылды деп айтуға болады. Тіпті жасы үлкен ұстаз болсақ та, онымен шәкірт сияқты көптеген іс-тәжірибелерімен алмасамыз. Әрбір ұстаздың жағдайын түсініп, ақыл-кеңесін аямай, қол ұшын созудан тайынбайды. Ұстаз болсын, оқушы болсын ол кісінің сөзін ұйып тыңдайды. Оқығаны өте көп, әдеби кітаптарды көп оқиды. Үлкен ұстазбын демейді. Кез-келген нәрсеге араласып кетеді. Мысалы, гүл егіп жатсақ, бізбен бірге гүл егіп кетеді. Тіпті, аудан көлеміндегі іс-шараларға да ат салысып, шапқылап жүреді. Әрдайым өзі бірінші бастап жүреді. Ағайға айтар алғысымыз зор.

Әлия Кенжеғұлқызы, Қ.Байсейітов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

Тілеукен Шаймұханұлы келгелі ұжымның ауызбірлігі артып, жұмыстың алға басқаны анық. Мектебіміздің бірден жоғары деңгейге көтерілуіне білікті басшымыздың қосқан үлесі өте зор. Ол кадрлар таңдауда, олармен бірге жұмыс істеп, бағыт-бағдар беруде өте шеберлік танытады. Басшылықпен қатар ұйымдастырушылықтың да қыр-сырын жете меңгерген адам. Оған айтар алғысымызды тіпті сөзбен жеткізе алмаспыз. Тек тілерім - денсаулығы мықты болса екен! Әрдайым, осылай ұжым арасында күліп-ойнап жүре берсе екен!

Автор:
Әңгіме - сұхбатты жүргізген Әлия Тілеужанқызы