Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бастауыш сынып оқушыларын халықтық педагогика негізінде тәрбиелеу


24 декабря 2009, 20:18 | 4 490 просмотров



Қаншама заман өтсе де, маңызын жоймаған халықтық педагогиканы тәлім-тәрбиенің түп қазығына айналдыру –ата-ананың да, мектеп ұйымының да басты борышы. Қоғамның барлық тарихи даму кезендерінде халық педагогикасы жайлы ұғымды анықтау, әртүрлі ғылыми –педагогикалық көзқарастарды қалыптастыру проблемаларына көптеген ғалымдар,педагогтар көңіл аударды, құнды пікірлер айтты, өмірлік мұра қалдырды. Әр халық өзінің жас ұрпағын қайырымды, адал,үлкенді құрметтейтін, әділ, ержүрек, ізгі ниетті, ар-ожданы мол болып өссін деп армандайды. Бұл мәселені өзінің тұрмыс салтына байланысты шешіп отырады. Ол үшін ғасырлар бойы қолданып, сұрыпталып,өмір тәжірбиесінің сынынан өткен салт-дәстүрлерді, педагогикалық әдіс-тәсілді пайдаланып келеді.

Халықтық педагогика дәуірдің небір қатал сынынан өтіп, жаңарып, жаңғырып, шым болаттай тіршілік тынысы және салт- дәстүрлерімен біте қайнасып,бірге жасасып келе жатқан қазына. Қазақ халқының ұлы педагогы, этнографы, жазушы Ы.Алтынсарин өзінің әдеби және педагогикалық еңбектерінде қазақтың фольклорын пайдалана білген. Мәселен «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» атты әңгімеде әкесі он жасар баласымен далада жүріп келе жатып бірнеше сұрақтар қояды:

-Балам, анау өрмекшіні көремісің, ол не істеп жүр?

-Көремін әке, өрмек тоқып жүр.

-Анау құмырсқаны көремісің?

-Көремін, ауызында тістеген бидайы бар.

-Жоғары қарашы, көкте не көрінеді?

Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр, аузында тістеген шөбі бар. Сонда әкесі: «Олай болса шырағым,бұл кішкентай жәндіктердің ісі, еңбегі саған ғибрат. Өрмекші, маса, шыбынға тұзақ құрып жүр,ұсталғаннан кейін оны өзіне азық етеді. Құмырсқа бала-шағаларына тамақ тасып тапқанын өзі жемей, аузына тістеп ініне жүгіріп кетіп барады. Қарлығаш балаларына ұя салуға шөп жинап жүр. Міне, көрдің бе, жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Бәрі де жұмыс істеп жүр. Сен де ертеден кешке дейін уақытыңды босқа жіберме, еңбек етуге әдеттен». Ы.Алтынсарин барлық еңбектерінде жеке адамның жоғары қасиеттерін қалыптастыруда еңбек, адамгершілік, ақыл –ой тәрбиесінің ерекше орын алатынын атап көрсетті. Кемеңгер ұстаз Ы.Алтынсаринның ұлағатты сөздері, педагогикалық мұралары халық педагогикасында үлкен орын алады. Оларды қазіргі қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен салт- дәстүрінің қайта жаңарту кезінде кең мағынада насихаттау әрбір ғалымның, мұғалімнің борышы болуы қажет. Халықтық педагогиканың құрамы ұлттық ойындар тек балаларды алдандыру, ойлату әдісі болып қалмай, олардың жас ерекшеліктеріне сай көзқарастары мен мінез-құлқының қырағылығы мен тапқырлығының қалыптасу құралы деп те ерекше бағаланған.

Математика сабағында ұлттық ойындарды пайдалану оқушылардың тапқырлығын,ептілігін,ой-өрісін жетілдірумен бірге өз халқымыздың ғасырлар бойы салт-дәстүрін, ата-мұрасын кейінгі ұрпақтарға жеткізу құралы болып табылады. Математика пәнін оқытуда және сыныптан тыс жұмыстар жүргізгенде шәкірттерге ұлттық тәлім–тәрбие беруге, қазақтың тұрмыстық салт - дәстүрлері, әдет-ғұрыптары туралы түсінік беруге болады. Математика сабағын халық педагогикасымен байланыстырудың өзіндік қиын жақтары көп. Оның басты себебі, мектептегі математика оқулықтарының басқа тілден аударылуы, оның ішіндегі мысалдар мен есептердің біздің халыққа тән еместігі. Дегенмен, халқымыздың ертегілерінде, аңыз әңгімелерінде, шешендік тапқыр сөздерінде, салт- дәстүрінде математикамен байланысқан тұстарын көптен байқауға болады. Халқымыздың асыл қазынасын сабақтың кейбір тұстарында тиімді пайдалану, оқушыларды өз ұлтын сүюге оның салт – дәстүрлері мен мәдениетіне құрметпен қарауға үйретері сөзсіз.

Ғалым әрі ұстаз С.Елубаев өзінің «Қазақ халқының қара есептері» (Қазақстан баспасы, 1996) деген монографиялық еңбегінде мынан дай тұжырым жасайды: «Әртүрлі есептерді пайдалану оқушылардың жас шамасына шақталып оқушыны жасытпай , қайта жігерлендіретін, ықыласын арттырады. Қызықты есептер, математикалық өлең, әзіл ертегі , тақпақ , жаңылтпаш тапқырлықты талап етеді. Логикалық есептер кеңірек ойлануды қажет етеді. Оны шешу қатаң дәлелге сүйенеді. Тақпақ- есеп арқылы математиканың өмірден алатын орнын, қоғамды дамытудағы рөлін сипаттаймыз . Мұндай есеп оқушыларды ұйымшылдыққа, ұстамдылыққа, адамгершілік қасиетке, математиканы құрметтеуге, адал еңбекті бағалауға , достыққа тәрбиелейді».

Ұлттық ойындар халық педагогикасының бір саласы болып табылады.Ол сандаған ұрпақтың керегіне жарап,оларды өмірге әзірлеу қажетін өтеген, сыннан өткен сенімді тәрбие құралы. Қазақ халқы өмірге дені сау, шыныққан, әділетті, өнерлі, елін, жерін сүйетін азаматтарын тәрбиелеу жөнінде өз ұрпақтарына таусылмас мұра қалдырған. Оқушыларды қазақ халқы педагогикасы негізінде ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, эстетикалық талғамы жоғары, ар-ожданы мол, еңбекқор етіп тәрбиелеу басты мақсатымыз болып табылады.

Автор:
А.Т. Темірбекова, №13 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Қаратал ауданы