Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жастай келін атану – жас өмірге балта шабу


14 сентября 2012, 18:41 | 4 771 просмотр



Бүгінде жас демей, кәрі демей телеарналардан үздіксіз көрсетіліп жатқан түрік, үнді телехикаяларына жаппай телміруде. Қайтерсің, отандық кино индустриясында мұндай жоғарғы талғам, даму, үрдіс кенжелеп тұрған соң өзге елдің «ертегісіне» ұйымағанде не істерсің?! Осындай сананы жаулап, өзіне байлап алған телехикаяның бірі «келін» сериалы. Ауылдағы, қаладағы қалың қазақ болып, қаршадай қыздың тағдырына бас шайқап, аһ ұрудамыз. «Әр елдің салты әр басқа, иттері қара-қасқа демекші»- өзге елдің салт- дәстүр, менталитетінен хабардар, көзайым болғанымызда дұрыс шығар. Бірақ осы телесериалдар біздің қоғамымызды, жас өспірімдерімізді, ұлттық санамызды улап жатқан жоқ па деген ойға да қаласың. Олай дейтініміз басы мен аяғына жетіп бітпейтін атақты түріктің «ДЕНИЗ» телехикаясының бізге берері көп болған жоқ па? Оны көрген жастарымыз өздерінше, бірі Дениз ұқсап, бірбеткей, қайсар болуға тырысып жүрсе, енді бірі Пелинге еліктеп, өр көкірек, «ерке тотайдың» ролін сомдап, енді бірі Мелих мырзаға ұқсап қиындықтан оп-оңай өле салу арқылы құтылмақ болып, өздеріне қол жұмсағандардың болғаны да жасырын емес. Әрине, өзге елден үйренеріміз болғаны жақсы ғой. Бірақ оның жақсы, жаманын бірдей қабылдап, санамызға сіңіре берудің де керегі шамалы. Дұрысын алып, бұрысынан жиренуге болмас па? Біздің осы орайда айтпағымыз «Келін» телехикаясының тәрбиелік мәні жайлы еді.Ерте жастан қыздарын тұрмысқа беру дамушы елдердің, соның ішінде экономикасы төмен елдердің арасында әлі де бар.Олардың қыздарын 14 жастан бастап құтты орнына қондыруға асығатыны рас. Бірақ бүгінгідей өркениетті заманда атадан келе жатқан дәстүр деп бәріне кө жұмып, бас шұлғи беруге келмес. Оның үсіне салт - дәсүрдің озығы да, тозығы да бар. Әрине бұл киноның бізге берері де, бізден алары да көп болары жалған емес. Келін қай ғасырда, қай дәуірде, қай ұлтта болмасын ол - қашанда келін. Бұл ұғым ешқашан өзгермек емес. Заман талабына, күнделікті тіршілік қамына қарай келінге артылар талап пен қойылатын шарттардың өзгеріске ұшырауы мүмкін болғанымен «келін» деген қастерлі аттың өзгермейтіні хақ. Алайда кейбір бойжеткендер осы қастерлі ұғымның байыбына бармай-ақ, жауапкершілігі үлкен отбасылық өмірге тым ерте асығып жатады. Ойланбай істеген істен кейін өзі де опық жеп жатқандарын кеш біледі. Жасөспірім кезеңнің өтпелі желімен «сүйемін» деген ұғыммен «ынтызарлықты» уақытша еліктеушілікті «махаббатпен» шатастырып алып жатады. Ерте келін атануға, ерте бала сүйіп, отанасы болуға дайынмын ба деген өмірлік сұраққа жауап іздеп басында қатырып жатпайды. Жс қыздардың біразы ойнақтап жүріп, отбасып жатса, енді бірі балиғат жасқа жетпей ақ, өздерін «келін» атанып, баласүюге дайынмын деп ойлап, осы асығыстық қадамға барып жатады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне көз жүгірсек, әлем бойынша жылына 16 миллионға жуық бойжеткен кәмелеттік жасқа толмай ақ бойына нәресте бітіреді. Ең қорқыныштысы сол бір жылда 15 пен 19 жас арасындағы 3 миллион бойжеткен қауіпті жолмен түсік жасатады екен. Сырт көзбен қарағанда біздің елде ондай бассыздыққа жол жоқ сияқты көрінеді. Алайда былтырғы 2011-2012 жылғы статистикаға жүгінер болсақ, елімізде 13 пен 18 жасқа дейінгі аралықта 31 мыңнан астам бойжеткен «келін» атанған. Ал, бейресми дерек бойынша жыл сайын 3 мың жасөспірім қыздар босаға аттайды екен. Айтпаса де белгілі, АХАЖ бөлімінде жастары кәмелетке толмауына байланысты ресми некеге тұрмағанмен еш қысылмастан мешітке барып некелерін қидыра салып, отбасылық өмірді бастап та кетеді. Осы отбасын құрып жатқан жас қыздардың орташа жасы 14 жасты құрайды. Демек, 8-9 сынып оқушылары. Бұған әрине қалай шошына, жағаңды ұстамассың?! Десе де осы ерте ана атануға кім қандай жолмен келеді екен, біраз тоқталып, шолу жасасақ.

Әрине әркімнің тағдыр - тақтасы әр түрлі. Пешененің жазуына бірдеңе деп болмас. Әйтсе де осы жас өспірімдердің ерте бастан махаббат «қызығына» түсіп, мезгілінен тым ерте отбасылы атануында ата- аналардың да үлесі, тәрбиесінің орны ойсырып тұрғаны әсер ететіні ащы да болса шындық. Бала отбасында не көрсе соны ұядан ұшқанда ілері баршамызға аян. Ана қызына дұрыс тәрбие беріп, әке ұлына ертеден желік қуып, еліктеп, солықтаудың бәрі өткінші, өкінішті сезім екенін, күнәнің ұлысы- зинақорлық екенін ұғындырса, осылай аңдамай отбасқандардың саны азаяр еді – ау.

Жастайынан некеге тұрғандар үй болудың қиындыған, артылатын жауапкершіліктің зор екенін түсінгенен кейін ажырасып жатады. Әрине оған айтар өз уәждары да жоқ емес. Көңіл жараспады, жас болдық, мас болдық деген желеу де, сылтауда бар. Бірақ ортада қалған бейкүнә сәбидің тағдыры, болашағы ешкімді алаңдатпайды. Бүгінгі кездегі еліміздегі жетімдер санының артып, жетімдер үйінің көбейіп бара жатқанына осындай ойнақтап от басу, жастықтың желеуімен күтпеген жерден ерте отбасын құру факторлары әсері екені де шындық. Осы орайда жастардың өзі ерте бастан отбасылы болуға, жастай ана, келін атануға қалай қарайды екен осыған біраз тоқталсақ.

Мөлдір 3 курс студенті

-Мен ерте жастан отбасылы болуға үзілді- кесілді қарсымын. Себебі, жастықтың жалынымен жүріп, ерте тұрмысқа шығып ана атанған құрбыларым бар. Аттарын атап айтпай-ақ қояйын. Балалықпен жіберген сол бір қателеріне бүгінде өкінуде. Жасы 20 дан енді асса да келін, де, әйелде атанып, бүгінде жалғыз басты ана. Өткінші сезімнің, қызығушылықтың жетегінде жүріп, алдағы болатын зор жауапкершілікті талап ететін өмірді болжамай жасаған қателігіне кімді кіналайды? Алып қашудың «құрбаны» болып еріксіз «келін» атанып жатқандар да бар. Бірақ сонда да қыздар өздерінің есейіп, отбасылы болуға дайын екенін сезінгенде ғана тұрмыс құруы дұрыс деп ойлаймын.

Ертеден отбасын құрған бойжеткен мен ақыл-санасы толығып, физиологиялық жағынан толысып отбасын құрған келіннің арасында айырмашылық болады ма? Күнделікті өздері көріп жүрген «келін» телесериалындағы өмір құрсауынан шыға алмаған қыз ғұмыры жайлы қалың көрерменге, көпті көрген ақ жаулықты аналарға біраз сауал жолдап, пікірлеріне жүгінген едік.

Сайра Асқарова, қала тұрғыны- зейнеткер

-Біздің жас кезімізде мынадай сериал дегендерді білмейтінбіз. Әрине басқа елдің тыныс- тіршілігімен танысқан да дұрыс қой. Бірақ, осы «Келінде» біздің қоғамымызға жат, оқиғалар кездесіп жатады. Рас атамыз қазақ «13 те отау иесі» деп айтқан. Бірақ, бүгінде заман өзгерді. Жастар оқып-тоқып, өзінің тұлғасын қалыптастырып, оң солын ажыратып барып тұрмысқа шыққаны дұрыс. Жас кезде көп нәрсенің байыбына бара бермейсің ғой. Жастық желік деген тағы бар. Қазіргі кезде 14-15 дегі қыз тұрмақ, 20-25 жастағы қыздардың өзі өмірдің байыбына бара бермейтін сияқты. Теледидардан нәрестесін туа салып әжетханаға, қоқысқа тастап кетіп жатқан безбүйрек аналар жайлы да жиі көріп, біліп жатамыз. Осындай масқаралық тиылмай тұрғанда, ұлттық тәрбие, адамгершілік, жайлы сөз айтудың өзі артық сияқты.

Гүлжазира апай қала тұрғыны

- Меніңше «келін» телехикаясындағы көрсетіліп жатқан, көтеріліп жатқан мәселелер олардың өздерінің ұлттық проблемалары. Бізде қазақтарда олай 9 жастан қызын тұрмысқа беру деген жоқ қой. Десе де алып қашып жастай келін атанып жатқандар де аз емес. Ұдай жамандай беруге болмайды ғой, жастай отбасылы болғанның да өзінше жақсы жақтары бар. Мысалға бұл сериалда ерте бастан басқа отбасыға түсу, сол үйдің тәрбиесіне үйренісіп, бір адамға бауыр басып, жастай тек соны ғана жақсы көруге әкеледі. Және де ерте бастан үйленгендер тұрмыс тауқіметіне көніп, қиыншылыққа төзімді болады. 25 жастан асып, оң жақ босағада отырып қалған қыздардың да отбасы болып қатырмай жатқанын көріп жүрміз. Өз пікірімен, өз бостандығымен жүріп үйреніп қалған кексе бойжеткендер жанындағы жарының айтақанына, ене сөзіне құлақ асып,ығына жығылғысы келмейді. Көрегенді қазақ салтында да бар ғой, қызы оң босағада көп отырып қалып, немесе оң жақта отырып, аяғы ауыр болап қалғаннан сақтандыратын жастай атастырып, ұзату салты. Әрине бұл менің жеке пікірім.

Ерте тұрмыс құру мәселесі жайлы мамандар не дейді екен. Тыңдап көрелік.

Қарлығаш Қолдасова, психолог терапевт, Психологтар қауымдастығының мүшесі

- Қазір қыздардың кәмелет жасқа толмай жатып тұрмысқа шығуы көбейіп кетті деп айта алмаймын. Себебі ол өмірдің әр ағымында кездесетін нәрсе. Алайда бұл жерде назерға алатын екі фактор бар. Кәмелеттік жасқа дейінге жас өспірім кезеңі бозбала мен бойжеткендеріміздің жыныстықжетілу кезеңі болып келеді. Бұл аралық психологиялық түсінік бойынша туғаннан басталып, 1жас, 3 жас, 7 -13-17-25 жастарда болатын нормативтідағдарыс кезеңі. Ол адамның психологиялық жетілуіне байланысты кездеседі. Егер адам осы дағдарыспен жетілсе онда бәрі қалыпты деген сөз. Кәмелетке толмағанжасөспірімдік кезеңдегі нормативті дағдарыс кезінде горманалды өзгерістер бола бастайды. Психология тарапынан адам осы кезде барлық қиындықтармен күресе алатын сияқты, бәріне төтеп бере алатындай, өмірде бәрін шеше алатындай эмоцоналды түрде болады. Осы кезде жасөспірімдерде жыныстық жетілуі байқалады. Ұл балаларда қыздарға қарағанда 1-2 жылға кешірек жүреді. Бұл кезде қыздар сырт көздерге ұнай бастағанын, өзінің әдемілігімен жұрттың назарын тарта бастағандығын түсіне бастайды. Сол кезде өмірінің соңына дейін сүйіп өтетіндей махаббат сезімі оянады. Осыдан ерте тұрмыс құрып жатады. Ал, екінші факторға туған- туыс, ата- ана қарым қатынасы жатады. Айталық егер отбасында, туыстарының арасында тұрмысқа ерте шыққандар болса, кейін осы үрдіс қайталанады. Оған қоса қыз баланың ата- анамен сыр бөлісуі, қарым- қатынасы да зор маңызға ие.

Маған 15 жасында тұрмысқа шыққан қыздар да келеді. Ерта шығып арасында ажырасқысы келетіндер де бар. Себебі, олар бар болғаны 25 эжаста болса да өмірдің барлық кезеңдерінен өткен сияқты болады. Тұрмысқа шықты, бала туды, тәрбиеледі, енді не істерін білмейді. Жай ғана жұмыс істегілері де келмейді, қандай да бір жаңалықты қалап, жаңаша сезімге бөленгісі келіп тұрады.Сондай-ақ, айта кететін нәрсе, заң бойынша кәмелетке толу 18 жас болғанымен, әркімнің ағзасы әртүрлі дамиды, біреуінің ақыл-ойы, сана- сезімі, бітім-болмысы кеш дамыса, енді біреуінікі ерте дамуы мүмкін

Міне енді осы мақаладан шығатын қортынды жасөспірімдерге дұрыс тәрбие берілуі керек. «Қыз балаға қырық үйден тыйым» деген даналы сөзде бекерге айтылмаса керек. Осы орайда баланың тәрбиесіне алдымен ата- ана басымен жауапты екені даусыз. Ана қызына өмірдің қыры мен сырын, жауапкершілігін, адамгершілік деген адами құндылықтың бәрінен жоғары екенін түсіндірсе, осы айтылған қаталіктерге жас қыздардың бой алдырмасы аян. Ендеше жақсы тәрбие отбасынан басталады, осыны ұмытпайық.

Автор:
өз тілшіміз ДИНАРА АУЖАНОВА