Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Оқушылардың шығармашылық мүмкіндігін дамыту


14 сентября 2012, 18:49 | 2 045 просмотров


Кіріспе:

Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу әрбір ұстаздың басты міндеті. Білім негізі бастауышта қаланатын болғандықтан, оқушының жеке тұлғалық күшін дамыту, оның шығармашылық мүмкіндігінің дамуы басты рөл атқарып отыр. Олай болса, қазіргі ұстаздар қауымының алдындағы үлкен мақсат: өмірдің барлық саласындағы белсенді, шығармашылық, өзіндік танымдық іс-әрекетіне қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеу.

Негізгі бөлім

Қазіргі таңдағы еліміздегі білім беру жүйесінің ең басты міндеті білім берудің ұлттық модуліне өту арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге дейін жеткізу болып табылады.

Білім беру жүйесі қоғаммен бірге дамып, онымен бірге үнемі өзгеріп отырады, осыған сәйкес мектептерге қойылатын талап та, ондағы оқыту және тәрбиелеу әдіс-тәсілдері де өзгеріп отырады.

Оқушының жеке тұлғасын, оның рухани әлемін, қабілеті мен ынтасын дамыту бүгінгі таңдағы негізгі мәселенің бірі. Оның себебі оқушы өз бетімен ізденіп жұмыс істеу, өз бетінше алған білімін тәжірибеде, өмірде пайдалануды үйренбеген. Сол шығармашылығын дамыту мақсатында мұғалімнің әр сабағы әр түрлі, жан-жақты болу керек.

Сабақ мазмұнының теориялық – практикалық құндылығы жоғары болған сайын оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу өте тиімді жүргізіледі. Мұғалімнің әрбір сабағы оқушы сезіміне, ынта – ықыласына әсер етуі тиіс. Мен өз іс-тәжірибемде сабақ беру үрдісінде мынадай факторларға сүйенемін:

Оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге үйрету.

Оқушылармен жекелей, пармен, топпен жұмыстар жүргізу.

Оқушылардың компьютерлік сауаттылығын арттыру.

Оқушылардың шығармашылық қызметін дамыту.

Қазіргі кезде оқушының алған білімі мен іс-әрекет түрлерін іс жүзінде пайдалана алатындай дәрежеге жеткізудің маңызы зор.

Оқушының өз бетімен жұмыс істеуін әртүрлі деңгейде ұйымдастыруға болады. Өз бетімен жұмыстың тапсырмаларын құрастырғанда оның қиындық дәрежесі оқушының оқу мүмкіншілігіне қарай әзірленеді.

Бұл күндері экономиканың көптеген салаларында компьютермен жұмыс істей білетін мамандар қажет етілуде. Осыған орай информатика пән ретінде енгізіліп, білім берудің жаңа стандарты жасалды және білім жүйесін ақпараттандыру бағдарламасы да қабылданды.

Жас жеткіншектердің техникалық және бейнелік қабілеттерін біріктіре алатын ізденістік тәрбие етек алып келе жатқанда, олар жаңа ғылым мен техниканы игере отырып, осылармен қатарластыра өз жеке қасиеттерін де жемісті түрде дамыта алады. Соңғы кездерде оқушылардың логикалық ойлау қабілетін арттырып, құжаттарды да эстетикалық тұрғыдан безендіре алатын жақтарын жетілдіруге мүмкіндік пайда болып жатыр.

Біздің мектепте информатика пәнін оқу 7-сыныптан, ал соған дайындау кезеңі 2-сыныптан жүргізіліп келеді. Бізде информатика пәнін оқытуда ЭЕМ зерттеу объектісі және оқыту құралы ретінде қарасытырылады. Есептеу техникасы кабинетінде әр түрлі пәндерден әр түрлі тақырыптар бойынша сабақ ұйымдастырудың көптеген формаларын араластыра отырып өткізуге көңіл бөлініп, мысалы: биология, қазақ тілі, география, алгебра, музыка, тарих, физика пәндерін оқушылар компьютерде отырып есептер, тесттер және тапсырмалар орындай алады. Қазіргі таңда электрондық оқулықты пайдалануда оқушының компьютермен жұмыс істеу қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ айтып кетер болсақ біздің компьютерлік кабинетте компьютерді мәтіндік құжаттар, хаттар, шығармалар, презентациялар, рефераттар даярлау үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнде байқап отырғанымыздай, дайын программалық жабдықтардың молшылығы кезінде компьютерлік сауаттылық негіздерін меңгерумен шектеліп, алгоритммен программалауға көңіл бөлмеу – бұл компьютерлік технологиядағы ең ауқымды шығармашылық потенциалдың программалауда жатқанын ескермеу деп ойлаймын. Сондықтан да оқушыларды таныс алгоритмдік тілдің көмегі арқылы программалаудың әдістерімен таныстырған жөн. Ал мұғалімнің басты міндеті – оқушының әрбір ұғымды, терминді, заңдылықтарды жаттанды қабылдамай терең ұғынып, теориялық білімдерін есеп шығаруды, практикада қолдана білуге, дәлелдеуге, талдау жасауға үйрету. Бұл мақсат мұғалімнің үнемі ерінбей – талмай ізденуді, дидактикалық әдістемелік жағынан өз деңгейін жетілдіруді, сабақ өткізудің тиімді жолдары мен әдістерін қарастыруды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда өз сабақтарымда оқыту мен тәрбиелеудің әр түрлі формаларын іздестіре қолданып, сол арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, шығармашылық ізденісіне жол ашуға баса назар аударамын. Сондықтан әр сабақты жоспарлығында мына жағдайларға көңіл бөлемін:

Сабақтың мазмұны.

Оның өткізу әдістері мен тәсілдерін талдау.

Сабақтың нәтижелілігі.

Мұғалімнің шығармашылық жұмысы ең алдымен сабаққа даярлықтан басталады. Сабақ жоспарын жасағанда сынып оқушыларының жеке психологиясын ескере отырып, сабақ өткізудің тиімді жолы қарастырылады.

Оқушы ізденісі ең алдымен өз бетімен жұмыс істеуін әртүрлі деңгейде ұйымдастыру, жеке тапсырмалар беру арқылы ойлау қабілеттерін, таным белсенділігін арттыру негізінде жүзеге асады. Өз бетімен жұмыстарды мақсатына қарай оқыту, жаттықтыру, дамыту, қайталау, іздену, бағалау, бекіту деп бөлемін.

Информатика пәнінен қазақша оқу әдістемелік құралдардың аздығы, оқушы үшін дидактикалық материалдардың және жұмыс дәптерлерінің жоқтығы, оқулықтың жетіспеуіне байланысты сабақты лекция және практикалық түрде өткізуге тиімді.

Практикалық сабақ өткізудің маңызы өте зор. Олар төмендегідей ерекшеліктермен ерекшеленеді:

Не істеу керек екенін мұғалім айтып тұрады, ал оқушы бұл тапсырманы дереу орындайды;

Мұғалім оқушылардан сұрақ қойып алған білімін сұрай алады, ал оқушы оған жауап береді.

Мұғалім тапсырманың дұрыстығын тексере алады.

Оқушының компьютермен жұмысы барысында пайда болған қиындықтарды сол кезде шешуге болады.

Кейбір амалдарды оқушылар өз бетімен орындайды.

Сабақ берудің мұндай түрі:

Сынып оқушыларынан толықтай сұраққа жауап алуға,

Компьютерде практикалық жұмыс істеуге үйренуге, Алған білімді практикада бекітуге,

Мүмкін қиыншылықтарды жеңуге және оқушы біліміндегі кемшіл тұстарды анықтауға,

Білімі төмен оқушылармен жеке жұмыс істеуге,

Білімі басқаларға қарағанда едәуір жоғары оқушыларға өз бетімен жұмыс істеуге толық мүмкіндік береді.

Автор:
Б.С.БАЗАРБАЕВА Матай орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығымен мемелекеттік мекемесінің информатика пәнінің мұғалімі