Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Сөздің көркі-мақал»


21 сентября 2012, 17:02 | 5 592 просмотра


Сабақтың мақсаттары: 1. Ауыз әдебиетінің бай саласының бірі – қазақтың мақал-мәтелдерін жас ұрпақтың керек орнында пайдалана білуге үйрету;

2. Мақал-мәтел үйрету арқылы баларды өнер-білімге, адамгершілікке, достыққа, татулыққа тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі: Нақыл сөздер жазылған плакаттар, ата мен баланың суреті салынған плакат, сөзжұмбақ, төсеніш, көрпешелер, үстел, еңбек құралдары, ұлттық тағамдар.

Сабақтың барысы: 1) Ұйымдастыру кезеңі.

2) Әнұран айту.

3) Кіріспе сөз.

Бүгінгі біздің тәрбие сағатымыз сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып , ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ауыз әдебиетінің бай саласының бірі-қазақтың мақал-мәтелдеріне арналған «Сөздің көркі-мақал» деген тақырыпта.

Дастан, хиссаларға қарағанда мақал-мәтелдердің ерекше қасиеті көлемінің шағындығы, мазмұнының кеңдігі, тілінің өткірлігі, мағынасының тереңдігі. Мақал-мәтелдер қай халықтың да жан-дүниесінің, мінез-бітімінің, тыныс-тірлігінің айнасы: ол сол халықтың сөздік қорының байлығын танытып қана қоймайды, оның уақыт озған сайын құны артпаса кемімес қазына екенін де сездірер белгісі. Өйткені, қазақтың мақал-мәтелдерінің айтары-өсиет, ұлағат, тәлім, парасат, ізгілік.

Мақал-мәтелдердің тақырыптары әр алуан: еңбек пен ерлік, жақсы мен жаман, достық пен қастық, ақыл мен өнер-білім, ынтымақ пен бірлік, Отан туралы болып келеді. Мақалдар көбінесе өлеңдік өрнекте айтылады, қара сөзбен айтылатын мақалдар да өте көп. Мақал, негізінен, екі бөімнен құралады. Бірінші бөлімде ойдың түп негізі айтылса, екінші бөлімде ой қорытындысы айтылады. Мысалы, Еңбек етсең емерсің, Тура мағынада. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей, ауыспалы мағынада. От жақпаған үй қорамен тең, адам кірмеген үй-моламен тең.

Қазақ халқы-сөз қадірін білген, қасиетті сөзді қастерлеп, аузынан тастамай, өнеге ретінде данышпандығын өлең өрнектерімен өрнектеп, терең мағыналы сөздермен зерлеп келе жатқан халық. Сөз зергерлерінің аузынан шыққан мақал-мәтелдерді үлгі етіп, ұрпақ тәрбиесіне пайдалану мақсатқа айналған. Мақалсыз, мағынасыз сөйлеген қарт адамның сөзінің қадірі болмайды. Өйткені, мақал-мәтелдің мағына-мәні терең, аз сөзбен көп мағынаны, үлкен ойды жеткізеді. Өздеріңнің де әкелерін, аналарың, ата-әжелерің көбінесе, мақал-мәтел қолданып сөйлейді. Сендер де ата-әжелеріңнің өсиет-өнегелерін үйренулерің керек.

Әдеби монтаж: «Өнер кезеңі».

Көп жасаған қария-

Ақылы теңіз-дария.

Көп өнеге сөзі бар,

Сөзі соқпақ, өзі нәр.

Ата салты ардақты,

Әрбір сөзі салмақты,

Сол сөздерді ұқпасаң,

Тістерсің бір күн бармақты.

Тәртіп, талғам, тәрбие,

Үлкендерден аламыз,

Қанат байлап қияға,

Тұлпар мініп шабамыз,

Ғылым, білім кімде көп,

Саған ұқсап бағамыз.

Сағат санап өсуде

Ақыл, оймен санамыз.

Мұғалім: Балалар, сендер төменгі сыныптардан бастап, ана тілінен мақал-мәтелдер үйреніп, жаттап келе жатырсыңдар. Мысалы, кітап жайында қандай мақалдарды білеміз?

1) «Ой маржаны кітапта», «Кітап-білім бұлағы, білім-өмір шырағы», «Кітаппен кеңес-білімдімен теңес», «Білім тозбайды, білімді азбайды» деп, кітапты жоғары бағалап, оны қолға алып, оқу үшін кітап сөздерін жаттап, жадында сақтай білу керек.

2) Әке жайында қандай мақал-мәтелдер білесіңдер?

«Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі», «Әке-бәйтерек, бала-жапырақ», «Жас-кәрінің көзі, кәрі-жастың тезі», «Ата-балаға сыншы» деген мақалдар отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен аталардың рөлі ерекше екенің көрсетеді.

3) Тағам жайында мақалдар. Қазақ халқы үшін дастарқаннан, дәмнген үлкен нәрсе жоқ.

«Ас-адамның арқауы», «Жаман ауруға-жақсы ас», «Ас қадірін білмеген аштан өледі, ат қадірін білмеген жаяу өледі» деп халық тегін айтпаған.

4) Туыстық қатынас жайында мақалдар.

«Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар», «Үлкен тұрып , кіші сөйлегеннен без. Аға тұрып, іні сөйлегеннен без», «Ағаға қарап іні өсер, апаға қарап сіңлі өсер» деген мақалдарда қазақ ежелден ағалы-інілі, апалы-сіңлілі арасындағы татулықты, бауырмалдықты дәріптеген.

5) Төрт түлікке байланысты мақалдар.

«Мал өсірсең, қой өсір. Өнімі оның көл көсір», «Қойдың сүті-қорғасын, қойды соққан оңбасын», «Есі кеткен ешкі жияр, ешкісімен есін жияр», «Нар жолында түк қалмас» деген мақалдар қазақ өмірінде малдың орны ерекше екенің білдіреді.

6) «Жылқының сүті-шекер, еті-бал», «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «Адам-жылқы мінезді», «Адам баласы сөйлескенше, жылқы баласы кісінескенше» деген мақалдардан қазақтың жылқыны жақсы көретіндігінің шегі жоқтығы байқалады.

7) Еңбек туралы мақалдар.

«Бақыт-жерде, ерінбей еңкейіп ал», «Есті адам-еңбекшіл», «Ерлік пен еңбек-бір туған серік», «Еңбексіз кіріс бетке шіркеу» деген мақалдар адал еңбектің абыройлы ісінің жемісін меңзеп тұрғандай.

8) Шешендік сөздер жайында мақалдар.

«Шешеннің сөзі мерген, шебердің ісі мерген» , «Сөз сүйектен өтеді», «Жақсы сөз-жарым ырыс», «Жақсы сөз жан семіртеді» деген мақалдардан ата-бабамыздың сөйлей білуді үлкен өнер санағанын байқауға болады.

9) Сәлемдесу туралы мақалдар.

«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем берер» деген яғни алыстан келген адамға сәлем беру тәртібі кейде жасқа, үлкен-кішіге байланысты емес.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей «Жалғасын тап» ойыны арқылы кімнің мақал айтуға жүйрік екенің байқаймыз.

«Білекті бірді жығар, ...».

«Ақыл-тозбайтын тон, ...».

«Батыр туса-ел ырысы, ...».

«Ата көрген оқ жонар, ...».

«Адам көркі-шүберек, ...».

Ары қарай оқушылар жалғастырады.

Ендігі кезекте кім тез мақал құрастырады екен, соған сөз берелік.

Қыс-жаз. «Қыс қысыларсың, жаз жазыларсың», т.с.с.

Сабақты қорытындылау: Қазақ халқының өз мақал-мәтелдері өте көп. Оның үстіне басқа халықтардың тілінен аударылған мақалдар да көп. Дегенмен, дүние жүзі халықтарының мақал –мәтелдері бір-біріне ұқсас болып келеді. Осыған қарап мақал-мәтелдерді ұлтаралық, жалпы адамзаттық әдеби мұра деуге де болады.

Автор:
Шакира ТУҒАМБАЕВА Ж.Жапаров атындағы орта мектеп- шағын орталығы бастауыш сынып мүғалімі