Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК – ЖАДЫМДА ТҰРАР ЖАҢҒЫРЫП...


28 сентября 2012, 13:50 | 2 216 просмотров



Ұстаз туралы ұшқары, піспеген пікір айту- қандай да болмасын шәкірттің азаматтығы мен адамдығына үлкен сын болары анық. Себебі, ұстаз – өресі биік,ұлы да текті тұлға! Өмір атты ұлы көште кім де болмасын, ұстаз алдында мәңгі қарыздар десем, қателеспеспін.

Жас қанатымызды қатайтып, өмірдің ақ пен қарасын ажырата білуге үйретіп, сәби өмірден азаматтық өмірге қанат қақтырған, оқушылық кезеңдермен қатар, мектептегі сынып жетекшім болған, қырық жылға жуық еселі еңбек еткен, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі – Шайзатова Зауреш Рысбайқызың бойынан үлкен жігер, келешекке деген сенім, шәкірттерге деген ыстық ықылас, үлкен талапкершілік ерекше байқалып, әр оқушыны өзіне аса ерекшелікпен жақын тартып тұратын. Ол кісінің бойындағы адамгершілік, тектілік қырларын шын ниетіммен айтып өтсем, ұстаз алдындағы тамшыдай міндетімді орындап, таудай мақсатыма жеткенім деп ойлаймын.

Қызыққа толы бастауыш мектеппен қоштасып, жоғарғы сыныпқа көшіп, жаңа бір сырлы әлемге қадам басып, 5-7 сыныптарда Жанар Абдиевна мен Гүлбархан Иманқұлова апайлардың жетекшілігінде болып, 8 сыныптан бастап біздің сыныпқа Зауреш Рысбайқызы жетекшілік етті. Зауреш апай қарлығаштың қос қанатындай қиғаш қасы, көзінен нұр, жүзінен шуақ шашылып тұратын білімді де білікті ұстаз еді. Ол кісі бізге ағылшын тілі пәнін терең оқытумен қатар, сабақтан тыс уақыттарда әр-түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, әсіресе ұлттық салт-дәстүрді сақтай білу мен насихаттау үйірмелеріне оқушыларды көптеп тарта білді. Тіпті дұрыс сөйлеу, бойды таза ұстау, достықты қадірлеп, адами қасиетті сақтай білуді бойымызға сіңірді. Қарап тұрсаңыз, қарапайым дүние сияқты, мән берсең үлкен тәрбиелі іс.

Ұжым дейтін күрделі оркестрда өз аспабында ойнай білген Зауреш Рысбайқызы мектеп ұжымы арасында сыйлы, беделді, үлкенге кішілік, кішіге ізеттілік таныта білген,

«Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға» -деп ұлы Абай жырлағандай, жастарға өз білгенін үйретуден еш тынбаған ұлағатты ұстаздың есімі аудан, облыс көлемінде өткізіліп жүрген іс-шара, байқауларда әрқашан құрметпен аталды.

«Ұстаздың бүкіл мақтанышы-шәкірттерінің өсіп-өнуінде»-демекші,елімізді өзге шет мемлекеттерге танытып, өз елімізде биіктерден көрініп, өмірден өз орындарын тапқан А. Атайбекова, Ж. Тоғаева, А. Тұрарова, Е. Назаровтай шәкірттер Зауреш Рысбайқызы Шайзатованың ұстаздық ұлы жүрегінен нәр алған, ел мақтанышына айналғандар.

«Білім –арзан, білу-қымбат» дегендей, жас ұрпаққа ерекше көңіл бөліп, білім нәрімен сусындатып, көңілі кең, жүрегі мейірімге толы, қырық жылға жуық ұстаздық қызметін аброймен атқарып келген ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, білімі мен біліктілігін ұштастыра білген Шайзатова Зауреш Рысбайқызы 1951 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Андреев ауданы, Екпінді селосында, қарапайым отбасында дүниеге келген.

Шәкірттерді қадірлеу, оның өмірге деген құштарлығын оятып, өзін өзгеге түсіндіруді емес, шәкіртті түсінуді мақсат тұтқан Зауреш Рысбайқызы ұстаздық жолын 1976 жылы Кербұлақ ауданындағы, Шанханай орта мектебінде бастап, кейіннен Көксу ауданындағы М. Құрманов атындағы № 2 орта мектепте жалғастырып, сол қара шаңырақ, білім ордасынан ел азаматтарын тәрбиелеп, ұшырған ардақты ұстаз, бүгінгі күні құрметті зейнеткер.

Сырлы сұхбат:

Жақын арада зерделі шәкірт қалыптастыруда аянбай тер төгіп, үлгілі еңбек еткен ұстаз-анамызға хал сұрасып, амандаса барған едік. Өткен мен кеткенді еске түсіре отырып, әңгіме барысында біраз сұрақтарға жауап алған едім.

- Әуел баста мал дәрігерлікті таңдаған екенсіз, не себепті мамандығыңызды ауыстырдыңыз, мұғалімдік саланы, соның ішінде ағылшын тілі мамандығын таңдауыңызға не себеп болды деген сұрағымызға:

- Мен 7 сыныпта оқып жүргенімде тағдырдың жазуымен асқар таудай әкем өмірден өтті. Жалғыз қалған анама 6 баланы асырап, адам ету қиын екендігін түсініп, 1968 жылы мектеп бітірген соң үйдің үлкені ретінде анама бір көмегім болса екен деп, сол жылы 2 жылдық мал дәрігерлік техникумына оқуға түстім. Дипломымды алған соң, ауылдағы мал дәрігерлік дәріханасында жұмыс істеп жүрген едім. Ол уақытта менің замандастарым, бірге оқыған сыныптастарымның барлығы да Алматы қаласында білім алып келген, кейбіреулері қызметте жүр еді. Кенеттен мені, неге мен де өзгелер сияқты үлкен қалада білім алып, қызмет істемеймін, менің олардан қандай кемшілігім бар деген ой мазалады. Осы ой мазалаған сәтте анама барып: Тәте, мен Алматыға оқуға тапсырамын дедім. Анам менің бұл ойыма қарсылық танытпады. Сөйтіп арман қуып Алматыға аттандым. 1972 жылы Алматы қалалық Шет тілдер институтының, неміс тілі факультетінің студенті атандым. Қуанышымда шек жоқ. Сөйтіп жүргенде бір күні мұғаліміміз келіп: Ағылшын тілі факультетіне ауысатын 3 оқушы керек, сен, сен, сен деп үш қыздың атын атап сендер ауысыңдар деді. Біз аң-таңбыз. Неге үшеуіміз, мүмкін біз ауылдан келген соң ештеңе білмейді деп, алдап ауыстырайын деген шығар деп қоямыз.Сосын мұғалімімізге барып, жоқ біз ауыспаймыз. Ағылшын тілін мүлдем білмейміз, мектепте неміс тілін оқығанбыз деп қарсылық білдіріп едік, ұстазымыз: жоқ, білмесеңдер үйренесіңдер, келешекте нағыз керек тіл - ағылшын тілі болады. Қазір бас тартсаңдар, кейін өкінесіңдер, көп сөзге келмей ауысыңдар деді.Содан әйтеуір ары ойланып, бері ойланып, не де болса тәуекелге бел буып, ағылшын тіл факультетіне ауыстық. Қазір ұстазымыздың айтқаны дәл келіп, ол кісіге алғысымызды айтып, шүкіршілік етіп отырамыз. Шет тілдерін таңдаудағы басты себеп, менің шет мемлекеттерді араласам деген арманым болды-деп жауап берді студенттік шағын еске ала отрып, Зауреш апай.

- Шет елді аралаудан басқа да армандарыңыз бар ма еді?

- Әрине. Армансыз адам болар ма. Менің асқақ армандарымның тағы бірі – «диктор» болу еді. Біздің кезімізде теледидар деген болмады ғой. Күнде кешке жақын қазақ радиосын қосып қойып, жүргізушілердің дауыстарын емірене тыңдап, шіркін, менің де дауысым бүкіл қазақ жұрты тындайтын радиодан саңқылдай шығып тұрса деп армандап, тіпті қолыма қағаз алып, айна алдында отырып бірдеңелерді оқи беретінмін. Бір күні радиоға дикторлыққа касинг жарияланды. Тәуекелге бел буып касингке бардық, жанымда курстас құрбым мен араласып жүрген бір жолдасымыз бар еді. Не керек, кастинг аяқталып, үшеуімізді де радиоға жұмысқа шақырды. Ол уақытта мен отау құрып, аяғымның ауырлығына байланысты, арманымның орындалуының соңғы белесінен бас тартуыма тура келді. Ал, сол кездегі арманымыз бір болған құрбым мен досым еңбек жолдарын сол жерде бастап, өмірде де өнерде де бір ғұмыр кешуде. Арманым орындалмады деп ойламаймын.

- Отбасыңызда сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма? Ұстаздық жолыңызды бала-шағаңыздың жалғастырғанын қалайсыз ба?

- Жоқ. Балаларымның ішінде ұстаздықты таңдаған ешкім жоқ. Бірақ болашақта немерелерімнің жолымды жалғастырғандарын қалаймын. Олар да мен сияқты шет елдерді аралауды армандайды. Өмір қарбаласымен шет елге барсам деген сол кездегі балалық арманымды қазір ұмытып та кетіппін. Ендігі арманым, ұрпағымның аман-саулығы, солардың арман-тілектерінің орындалуы.

- Бос уақытыңызда немен айналысқанды ұнатасыз?

- Бос уақытымда ақын-жазушылардың өлең – жырларын оқып, шығармашылықтарымен танысып, сол кісілерге еліктеп, аздап өлең жазғанды жақсы көремін.

- Ең алғаш шығарған өлеңіңіз қандай тақырыпта, кімге арналған еді?

- Мектепте оқып жүргенімде, «Сиқырлы қазан» деген бір байқау болды. Байқаудың шарттарының бірі, берілген тақырыпта өлең шумағын жазу, сол кезде өзімді қинап өлең шығарғаным есімде. Содан бері бойымда ақындыққа деген құштарлықтың пайда болғанын сезіндім. Ең алғаш шығарған өлеңім әкем мен анама арналған, «Әке» «Ана» деген өлең шумақтары еді.

- Есіңізде қалған қызықты бір оқиғаңызбен бөліссеңіз

- Бір жылдары оқушыларыммен «мектеп бітірген түлектермен он жылдық кездесу» кешіне бардық. Ресторанда болды. Барлығы бір- бірлерін көріп, сағынысып, сағыныш сезімдері басылмай, өткен мектептегі кездерін естеріне алып отыр. Содан бәрі тынышталып, үстел басына жиналып, тілектер айтылып жатыр. Сөз кезегін маған берді. Мен жоқ, аяғында қорытындылай сөйлеймін деп, оқушыларымның лебіздерін, тілектерін, жетістіктерін тыңдап отырып, кеш соңында сөз алып, өз тілегімді, ұстаздық алғысымды білдіре келе, өздерінің мектеп кезінде әр түрлі себептермен жазған «түсініктемелерін» өздеріне оқып бердім. Сол сәттегі оқушыларымның ду күліп, апай, қалайша осының бәрін біз үшін сақтап келгенсіз деп, тіпті мектеп кездері естеріне түсіп, көздеріне сол сәтте жас алғандары да болды. Міне, осы сәт менің көңілімнен еш кетпес қызықты да қимас сәттердің бірі. Бұйырса, сендермен де кезесу кешінде бір тосын сыйлығымды алып барармын- деп, өзі де күліп, бізді де бір күлдіртіп алды, жаны жомарт ұстазымыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Түйін

Иә. 40 жылға жуық аянбай еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне аса үлкен жауапкершілікпен қарап, өмірінің жартысын ұстаздыққа арнап өткен Шайзатова Зауреш Рысбайқызы бүгінгі күнде құдай қосқан жары Төлеген ағамен бірге 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ұрпағынан 8 немере сүйіп отырған ардақты ана, аяулы жар, сүйікті апа. Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазымыздың аяулы бейнесін көріп, өзімен кездесіп, балалық қызық кезеңдерді бір аралап қайтқандай болдық.

Санамның аршып бұлағын,

Жаттаған үнін құлағым.

Жақсылық жолын үйреткен

Қадірлі адам- мұғалім – демекші, ардагер ұстазға шәкірттері атынан басымды иемін.

Апай! Салтанаты мен мәні жарасқан ғұмыр тілеймін!

Автор:
Айгерім БАҚТЫБАЕВА Көксу ауданы