28 сентября 2012, 14:35 | 2 093 просмотра
ҚР Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұловтың Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясын тағайындау рәсімінде сөйлеген сөзі.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы жастар еліміздің жарқын болашағы деп үнемі айтып келеді.
Жастардың заманға сай білім алып, денсаулықтары мықты болып, еңбекке араласуына жан-жақты жағдай жасауда.
Бұл – Мемлекет басшысы стратегиясы негіздерінің бірі. Осы бағыт арқылы экономикада, саясатта, әлеуметтік салада табысқа жетіп отырмыз. Спорттағы қазіргі тамаша жетістіктеріміз де осыған куә.
Елбасы Назарбаев Университетінде оқыған лекциясында «білім – мемлекеттің экономикалық ресурсы, өндіріс факторы ретінде қарастырылады» - деп атап өтті.
Президент айтқандай, жастарымыз әлемнің кез келген жерінде сұранысқа ие болуы тиіс. Сонымен қатар, Қазақстанның ХХІ ғасырдағы дамуын қамтамасыз етуге қабілетті кәсіби шеберлерге айналуы қажет.
Сондықтан, бүгін білім беру жүйесі әлемдік стандарттарға сай жаңаруда.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, жыл сайын білім мен ғылымға бөлінетін қаржы көлемі өсіп келеді. Талантты жастардың жоғары білім алуына, еліміздегі және шетелдегі үздік зертханаларда ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысуына мүмкіндіктері мол. Ал, «Болашақ» бағдарламасын талай елдер өздерінің тәжірибесінде қолдануда.
Осылардың бәрі сіздердің болашақтарыңыз үшін, еліміздің келешегі үшін жасалып жатқан үлкен іс-шара.
Сіздер, өткен жылы ғана тағайындалған бірегей Назарбаев стипендиясының иегері атанып отырсыздар.
Бұл – жай стипендия емес.
Бұл – сіздердің қабілеттеріңізді, әлеуеттеріңізді танудың жоғары белгісі.
Мемлекеттің сіздерге деген ерекше назары Президент деңгейінде танылып отыр. Сіздерді Конкурстық комиссия үздіктердің үздігі ретінде іріктеп алды.
Талантты магистрант ретінде ғылыми жетістіктеріңізді, оқудағы табыстарыңыз бен белсенді қоғамдық қызметтеріңізді көрсете білдіңіздер.
Назарбаев стипендиясы – сіздер үшін жоғары мәртебе болуымен қатар, үлкен жауапкершілік те жүктейді.
Сіздер бұдан да жоғары жетістіктерге жетеді деп сенемін.
Ал бұл үшін, тынымсыз еңбек ету қажет.
Елбасы: «Сендердің білімдерің - ол сендердің еңбектеріңнің нәтижесі. Сендер өздігінен білім алуға неғұр¬лым көбірек еңбек етсеңдер, соғұрлым көбірек білетін боласыңдар» - деп атап өткен болатын.
Елбасының Қазақстанды мықты, гүлденген және жан-жақты дамыған елге айналдырсам деген асыл арманын іске асыратын жастар – сіздер сияқты болуы тиіс.
Президент осы миссияны келер ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілік деп біледі.
Президент стипендиясының иегерлері Елбасының сенімін ақтайды деп сенемін.
Бүгінгі күн сіздердің естеріңізде мәңгі қалады деп ойлаймын.
Алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп, биіктерден көрінуге тілектеспін.
Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясын табыстай отырып, сіздерге зор денсаулық, мол табыс тілеймін!
Отандық тарихнама жетістіктерін енгізуге баса назар аударылды 25 қыркүйекте Астанада Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарына, оқулықтар мен оқу құралдарына талдау жүргізу мен сараптама жасау жөніндегі жұмыс тобының мәжілісі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, ғалым-тарихшылар, ЖОО оқытушылары мен мектеп мұғалімдері қатысты.
Жұмыс тобының төрағасы болып Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Ғ. Аяған тағайындалды. Топ құрамына Қазақстанның көрнекті ғалым-тарихшылары, оқу орындарының оқытушылары: әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ Тарих факультетінің профессоры, т.ғ.д. Берекет Кәрібаев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Тарих факультетінің профессоры, т.ғ.д. Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Какенова Галина Мәжитқызы, Абай атындағы Қазақ ҰПУ Отан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Құдайбергенова Жанар Әділханқызы, ҚР БҒМ ҒК «Мемлекет тарихы институты» ММ Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Дүкенбаева Задаш Оразғалиқызы және т.б. кірді.
2012 жылдың қыркүйек айының басында жұмыс тобының алғашқы жұмыс мәжілісі өтіп, қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды. Отан тарихы методологиясының Қазақстанның қазіргі жағдайына сай мәселелерін терең оқыту қажеттілігіне, білім беру үдерісіне отандық тарихнама жетістіктерін енгізуге баса назар аударылды. Сондай-ақ тарихи пәндер бойынша ғылыми-зерттеу зертханаларының жұмысын жетілдіру: зерттеу амалдары, проблемалары және әзірлемелері талқыланды. Бұл үшін оқытушылар біліктілігін барынша көтеріп, жақын таяу және алыс шет елдерінің жетекші оқу орындарымен ынтымақтастықты дамыту қажет.
Республика аймақтарында орта мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында тарихи білім беруді модернизациялаудағы қазіргі оқулықтың рөлі талқыланған «дөңгелек үстелдер» өткізілді.
Жұмыс тобының кеңейтілген құрамдағы кезекті отырысында заманауи білім талаптарына сай Қазақстан тарихы бойынша оқулықтарды әзірлеудің көкейкесті мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы тарих емес мамандықтарда Қазақстан тарихын оқыту жағдайы мен пәннің теориясы мен әдіснамасы сөз болды.
Жиын қатысушылары оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларын жетілдіру мәселелері бойыншы ой-пікірлерімен бөлісті.
Барлық мәселелер Мемлекет басшысының Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы мақаласындағы берілген тапсырмаларға, егемен Қазақстан жағдайындағы тарихи білім міндеттеріне сай қарастырылды.