28 сентября 2012, 14:38 | 2 764 просмотра
«КТК» телеарнасы авторлық құқымызды таптады» деп дүйім жұртты дүрліктірген шоумен Нұртас Адамбаев пен оның әріптесі Дәуіт Шайхисламов
ақыры айтқандарынан айныды. Қос сері кеше бұқаралық ақпарат құралдары алдында «КТК»-ны негізсіз қаралағанын ресми мойындады. Бұл туралы аталмыш телеарна хабарлады.
«Иә, бағдарлама оларға тиесілі. Бірақ ондағы барлық образдарды «КТК-ның» техникасы емес, біз жасап келдік. Сондықтан біздің құқымыз тең. Олардың авторлық құқықтары тек оператор, режиссер сияқты қызметтермен ғана шектеледі», - деген болатын бұған дейін Нұртас Адамбаев.
Естеріңізде болса, наурыз айында «Наша Казаша» бағдарламасының экс-мүшелері Нұртас Адамбаев пен Дәуіт Шайхисламов БАҚ өкілдерін жинап, «КТК» телеарнасы «заңсыздыққа жол берді», «авторлық құқымызды таптады» деп айыптаған болатын. Қос КВН-шиктің ондағы мақсаты «Наша Казаша» маркасын өздерімен алып кету болыпты. Бірақ сот барысында аталмыш жобаның «КТК»-ға тиесілі екендігі дәлелденді. Ал қос шоуменге негізсіз қаралағаны үшін «КТК» арнасынан ресми түрде кешірім сұрау міндеттелді. Бүгін соттың осы үкіміне сәйкес, Нұртас пен Дәуіт айтқан сөздерін жеке-жеке жоққа шығарып, су ішкен құдықтарына түкіргендерін мойындады. Айта кетейік, қазір Адамбаев пен Шайхисламов «7-Арнаның» эфирінде «KZ-ландия» бағдарламасымен шығып жүр.