Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚР БҒМ БАСШЫСЫ: СОҢҒЫ 9 АЙДА ҚАЗАҚСТАНДА МЕКТЕП ПЕН БАЛАБАҚШАЛАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫС МЕРЗІМІ КЕШІГІП ЖАТЫР


5 октября 2012, 23:45 | 1 599 просмотров



Соңғы 9 айда Қазақстанда мектеп пен балабақшалардың құрылыс мерзімі кешігіп жатыр. Бұл туралы сейсенбі күні өңірлерде білім беру нысандарын салу мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Ақпаратқа сәйкес, Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өңірлерде білім беру нысандарын салу мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.

Ведомствоаралық комиссия жұмысына ҚР Экономикалық даму және сауда, қаржы министрліктері, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі, облыс және Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Ведомствоаралық комиссия отырысында білім беру нысандарының құрылысы мен республикалық бюджеттің игерілуін қатаң бақылау мәселелері талқыланды.

БҒМ басшысының айтуынша, мектеп пен балабақшалардың құрылысы бойынша жергілікті инновациялық жобаларды іске асыруға жергілікті атқарушы органдар жауапты. БҒМ трансферттерді уақытында бөледі және жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық міндеттердің орындалуын талап етеді.

Ведомствоаралық комиссия ақпараты бойынша, тоғыз ай ішінде бюджет қаржысын игеру төмен деңгейде. Республикадағы білім беру нысандарының құрылыс барысын тексеру мәліметтері бойынша, игерілмеген қаржы көлемі 9,7%, яғни 5,5 млрд теңгені құрайды. Ең төменгі көрсеткіш Ақмола - 72, 6%, Атырау - 81,8% , Шығыс Қазақстан – 88,5%, Жамбыл -78,3%, Қызылорда - 76,1%, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облыстарында. Бірқатар нысан бойынша байқау рәсімдерінің өткізілмеуі олардың пайдалануға беру кестесінен кешігуіне әкеледі.

ВАК отырысының нәтижелері бойынша, жергілікті атқарушы органдарға бюджет қаржысын игеру және білім беру нысандарын уақытында пайдалануға беру бойынша жедел шаралар қабылдау тапсырылды.

Автор:
www.bnews.kz.