Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

“АТА-БАБАМ ТАРИХЫ – МЕНІҢ ТАРИХЫМ”


12 октября 2012, 14:32 | 6 334 просмотра



Мақсаты: *Ата-бабам тарихы – менің тарихым” бөлімінде өткен мәтіндерді пысықтау;

*Оқушылардың тәуелсіздік жайлы түсініктерін жетілдіру,тілін,ойын дамыту;

*Оқушылардың туған жеріне, еліне деген сүйіспеншіліктерін арттырып, Отанын қорғай білуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: саяхат сабақ

Әдісі: сұрақ –жауап, түсіндіру, әңгімелеу.

Көрнекілігі: Қабанбай, Бөгенбай, Ақжолтай,Кенесары,Амангелді,

5-арыс, Тоқаш, Тұрар, Бауыржан,Әлия,Мәншүк,Қайрат, Сәбира , Ләззат,т.б.суреттер.

Құралы: Интерактивті тақта.

Сабақтың барысы:

1. Ұйымдастыру кезеңі:

Талпын жақсы болуға,

Күндей сәуле шашатын.

Білім іздеп, өнер тап,

Түнді күндей ашатын.

2 Жаңа сабақ:

Сабақтың тақырыбын, мақсатын хабарлау.

Біздің еліміз талай қиыншылықтарды басынан кешірді. Ол оқиғалардың бәрі тарих беттеріне жазылып қойылған. Сондықтан, біз, бүгінгі сабағымызды тарихқа саяхат түрінде өткіземіз. Мынау тарих кітабы.

Кітаптың әр бетін аша отырып, халқымыздың басынан кешірген оқиғалар жайлы еске түсіреміз. Сабақ сұрақ-жауап түрінде өтеді. Әр сұраққа жауап беріп сендер өздеріңе ұпай жинайсыңдар. Әр фишка бір ұпай.

1-бет: «Жоңғар шапқыншылығы»

Халқымыз жоңғар шапқыншылығын басынан кешірген екен.

Суретпен жұмыс:

Суретте кімдер бейнеленген?

Олардың қазақ батырлары екенін неден аңғардың?

Суреттегі ақ боз атқа мінген батырды кім дер едің?

Қазақ батырлары неліктен атқа қонды деп ойлайсың?

Жоңғар шапқыншылығы кезінде халық қандай күйге ұшырады?

Шұбырынды дегенді қалай түсінесің?

Шұбырынды- қорғансыз,панасыз есеңгіреген халық

Жоңғар шапқыншылығы кезінде халықты жаудан қорғаған батырларды ата. (Қабанбай, Бөгенбай суреттері)

Бұхар жырау Бөгенбай батыр туралы не деп жырлаған?

(Жырды жатқа айту)

Жоңғар шапқыншылығы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл

сұлама » деген атпен тарихта қалып отыр.

2-бет: «Ресей патшалығының үстемдігі»

1. Патша үстемдігі туралы қандай мәтінді оқыдық?

(Ақжолтай Ағыбай батыр)

2. Осы мәтінде патша үкіметінің қандай бассыздығы туралы айтылған?

3. Кенесары кім? Мәтінде ол туралы не айтылған? Тауып оқы.

4. Кенесарының әскери кеңесшісі кім?

5. Неліктен Ақжолтай Ағыбай батыр деп аталды?

3-бет: Ұлт – азаттық қозғалысы

1. Суреттен кімді көріп тұрмыз? (Амангелді)

2. Амангелді туралы не білесіңдер? (Амангелді батырым өлеңін жатқа айту)

4-бет: Ашаршылық кезеңі

1. Сурет қай мәтін бойынша салынған? (Күлпаш)

2. Қали мен Күлпаш Мақтымның келгенін неге асыға күтті?

3. «Бәрі де шықпа жаным, шықпа деп отырған секілді » дегенді қалай түсінесіңдер?

4.Қазақстанда болып жатқан аштық, оның себептері жайлы Сталинге хат жазған адам кім? (Тұрар Рысқұлов)

Түсінік:

Қазақ халқы 1930-1932 жылдары 6 миллионнан асқан болса, соның 2 миллионнан астамы аштықтан қырылды.

5-бет: Репрессия

1. Репрессия дегенді қалай түсінесің?

Репрессия – мемлекеттің өз азаматтарына қолданатын қатаң жазалау түрі

2. Репрессия құрбаны болған кімдерді білесіңдер?

Түсінік:

1937-38 жылдары қазақ зиялылары Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деген айыппен қудаланып, репрессияға ұшырады. 105 мың адам қамауға алынып, оның 22 мыңы атылды.

6-бет: Ұлы Отан соғысы

1. Ұлы Отан соғысы қай жылдары болды?

Ұлы Отан соғысы 1941-1945 жылдары болды.

2. Ұлы Отан соғысында кімдерге қарсы күрестік? (фашистерге)

3. Фашизм дегенді қалай түсінесің? (дәптерге жазғызу)

Фашизм – дүние жүзіне үстемдік орнатуды көксейтін басқыншы топ.

4. Ұлы Отан соғысы жайлы оқыған «Батыр Бауыржан» мәтінінен Бауыржанның жігіттерге айтқан сөзін тауып оқы. (131-бет)

5. Соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен тағы қандай батырларды білесіңдер? (Суреттер)

Ойын: «Адасқан сөзді тап»

а) Мақал-мәтелдердегі көп нүктенің орнына тиісті сөзді тауып қой.

Жеңілсе – жасымас.

ә) Мақал-мәтелдерге ортақ тақырып ойла. (ерлік, батырлық)

Ұлы Отан соғысында жан аямай күрескен батырлардың арқасында жеңіске жеттік. Ең алғаш жеңіс туын желбіретіп, рейхстагқа тіккен кім? (Рақымжан Қошқарбаев)

7-бет: Желтоқсан оқиғасы

1. Желтоқсан оқиғасы қай кезде болды?

(1986 жылы 16 желтоқсанда)

2. Желтоқсан оқиғасының себебі не?

3. Желтоқсан құрбандарын ата.

4. «Ол ақын болар ма еді ...» мәтінінен Қайрат Рысқұлбековтың ақтық сөзін тауып оқы.

ЖЕЛТОҚСАНДА жас өмірін жалау етіп, қыршын кеткен Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира сынды батырларымыздың армандары, үміт-тілектері орындалды. Қазақ елі өзінің Тәуелсіздігін алды. Қазақ елі өзінің тәуелсіздігін қай жылы жариялады?

1991 жылы 16 желтоқсанда

Биылғы жылы Тәуелсіздікке неше жыл толды? Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне биыл 20 жыл толып отыр.

Осымен бүгінгі сабағымызды Мұхтар Шаханов ағаларыңның «Төрт ана» өлеңімен аяқтап, тарихтың бетін жабайық. (Өлеңді оқу)

Талдау.

Сабақтан жинаған ұпайларын санап, оқушылардың өздеріне бағалату.

Үйге тапсырма: қайталау

Автор:
Венера БАЗАРБАЕВА, Ы. Алтынсарин атындағы орта мектеп – шағын орталығының бастауыш сынып мұғалімі.