Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ИСЛАМ ДІНІ НАСИХАТТЫ ҚАЖЕТ ЕТПЕЙДІ


12 октября 2012, 14:38 | 3 124 просмотра



Бүгінгінде қоғамымызда жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай әртүрлі діни ұйымдар қаптап кетті. Намаз оқимыз деген азаматтардың бәрі сақал- мұрт қойып, намазға жығылған әйелдердің біршамасы оранып, бүркеніп жүретінді шығарды. Ата - бабамыз намаз оқыған, бірақ та, осындай хиджап киген бе? «Бауырласпыз» деп топтанып ұйым болып жүрген бе? Қазіргі жастардың барлығы дерлік намазға ден қойғаны рас. Бірақ, осылардың діни сауатты бар ма? Болса, қаншалықты деңгейде? Міне осындай көңілде жүрген сансыз сауалдың жауабын дінтану пәнінің мұғалімі Баймолданова Минуар Құсманқызымен болған риясыз әңгімеден оқи аласыздар.

- Минуар апай, әңгімемізді алдымен діннің шығу тарихынан бастасақ...

- «Дін қастерлесең - қасиет, түсінбесең- қасірет» -деген халықтың сөзі бар. Жұртшылық арасында «Дінсіз де болма, діндар да болма» деген тәмсіл де шыққан. Жалпы мен ойлаймын дінге келген кезде өзіміздің ұлттық, халықтық философиямызға жүгіну керек шығар деп. Дін дегеніміздің өзі адамдардың сонау бағзы заманнан бері түбіне жетпеген, тылсым дүние десек болады. Ертеде адамдар табиғаттың алдында дәрменсіз болған. Осы дәрменсіздіктен өздерін билеп тұрған ұлы күшке табынған, сенген, екіншіден содан үміт күткен. Кез-келген жамандықтың артында жақсылық тұратынына сенген. Сонда ұлы тылысым күшке деген сенім мен үміттен осы дін туындаған. Осы сенім келе –келе әлемдік ірі 3 дінге алып келді. Алдымен будда, христиан, сосын ең жас кеңінен тараған ислам діні. Бүгінде адамдардың көбісі діндердің жақсысы исламға бет бұрып, қаншама ғасырлардан бері осы дінді ұстанып келеді.

- Жастардың бүгінде дінге жалпылай бет бұрғанына не айтасыз?

- Дін дегеннің өзі - мәдениет қой. Жастар көбіне дінге бет бұру деген сақал- мұртты өсіріп, киімді өзгерту деп ойлайды. Ал, ұлылардың еңбегіне үңілер болсақ « Шын мәнінде дін адамның сыртқы пішінінде емес. Діндегі ең маңызды- имандылықты сақтау»- деп айтылады. Сақал қойып, ұзын етек киудің дінге еш қажеті жоқ. Мұхаммед пайғамбардың хадисінде «ең жақсы мұсылман ол - мінезі көркем мұсылман» деп жазылған екен. Алдымен адамгершілік, қарпайымдылық, сабырлылық, білімділік, мейірімділік осы қасиеттер керек адамға. Адам білімді болған кезде ғана еш қашанда адаспайды. Ал, бүгінгі жстардың көбісі үстіріт, біреудің айтқан уағыздары арқылы, түбіне үңілмей «осылай істеу керек» деген фанатизмнің жетегінде кетіп қалуды. Бірде біздің мектебімізге хиджап киген қыз практикадан өтуге келді. Ол қызды басшылық сіз тәжірбие жинауына көмектесесіз, жетекші боласыз деп маған тапсырды. Енді ойлаңыз, біздің мектепте дінтану сабағы жүреді. Мен балаларға сабақ бере тұрып, сыныпқа, оқушылырдың алдына тұмшаланып киінген қызды қалай алып барамын? Сосын мен ең бірінші қызбен сөйлестім. Мынауың дұрыс емес дегендей сөгуге бармадым. Жайымен ғана «Сен исламды қалай түсінесің? Мына киімді не үшін кидің? Намазды бұрыннан оқып, осылай киінуші ма едің, әлде бертін пайда болды ма ?» деп сұрадым. Қыз «бертін дінге көштім» деп жауап берді. Оған не себеп болды деген сауалыма: «Жүріп жүрген жігітім «ақ жолға» түскен. Менде онымен бірге осы жолда болуым керек»- деп жауап берді. Оған қарап мен қыз өз жүрек қалауымен, өз ниетімен, білімінің жеткенінен емес, жігіттің ықпалымен ғана осы жолға келгенін түсіндім. Сақал қойып, хиджап киіп жүрген қыз- жігіттеріміздің көбі ықпал етумен ғана осы жолға түскенін аңғардым.

- Ері намаз оқыған жағдайда, әйелі 3 жылдың ішінде намазға жығылуы керек дегенге не дейсіз?

- Әрбір мұсылман 5 уақыт парызын өзі үшін өтейді. Ислам діні насихатталмайды. Үгіттеп, насихаттап, намазға жығылмасаң тозақтың отында жанасың деген сияқты сөздер арқылы бүгінде ислам дінінің қадірін түсіріп жүргендер көп. Қоғамдық орындарда, көпшілік жерлерде насихат жүргізу деген біздің дінге жат нәрсе. Мырзатай Жолдасбековтың мынадай бір сөзі бар: « Алла дінді адам үшін жаратты. Діннің қасиеттін артыратын да, қадір, берекесін қашыратын да адам. Ислам діні тасты жарып шыққан бұлақ. Ол әр адамның жүрегіне өзі жол табуы керек » деген. Міне, осыған қарап біз қазір исламның берекесін кетіріп жүрміз десек болады. Әйтпесе ислам жақсы мәдениетке айналар еді. Өкінішке орай түрлі ұйымдар құрып алып, неше түрлі адамның психологиясына әсер ететін істер жасап, діннің обалын арқалап жүргендер көп. Күнәмнан осылай арылымын деп алып, үстіне күнә жамап жатқандарын түсінер емес. Тарихты да білмегендіктен әркім әртүрлі айтып жатады. Егер тарихқа үңілер болсақ, Білге Қағанның баласы «Мен әкемнің басына былбық (ескерткіш тас) қойдым» деп жазады. Жақында Атырау жақта молалардың басына қойылған мәрмәр тасты ескерткіштерді қиратқан оқиға болды ғой. Осыларды іздестірген кезде колледждің 1 курс студенттері мен мектепте 11 сыныпта оқитын балалар екен. Осылардың бәрі де медресеге барып, діни сабақ алатындар. Үйлерінен құран кітаптар табылады. Олардан «неге қастерлі жерге барып, молаларды қиратасыңдар» дегенде олардың мынадай жауап естиді. «Бізге медреседегі ұстазымыз қазақтар ешқашанда қаза болған адамның басына ескерткіш қоймайды. Оларға әсем күмбездер тұрғызбайды деп айтқан» дейді. Ал,егер түп төркінге үңілер болсақ, түркі тектес халықтарда ата- бабаларымызға үлкен күмбездер, кесенелер соқтырған. Міне, діни сауаттың таяздығынан осындай адасушылықтар туындап жатыр.

- Минуар Құсманқызы бүгінде дінтану сабағы мектеп бағдарламасына енгізілді. Осы сабақтан балалар не алады?

- Бұл пәннің мектеп бағдарламасына енгеніне де көп уақыт бола қойған жоқ. Республика бойынша 4-5 жыл көлемінде оқылып келеді. Дінтану сабағы әрі тарихпен астаралас келеді. Бұл пәннен балалардың алары көп болмақ. Өйткені олар осы сабақ арқылы діннің тарихын, діннің тазалығын, айналасына мейірімді, адал көркем мінезді мұсылман болуды үйренеді. Осыған тәрбиеленеді. - Пайдалы сұхбатыңызға рахмет. Еңбегіңіз жана берсін!

Автор:
Сұхбаттасқан Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз