Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мақтанышым мамандығым


28 августа 2009, 11:08 | 6 087 просмотров


Бастауыш мектеп кезеңі баланың жеке басының ары қарай қалыптасуы үшін аса маңызды рөл атқарады. Оның өмірінде мектеп табалдырығын алғаш аттаған күннен бастап білімге деген құштарлығы оянады. Міне, сондықтан да мен мектеп табалдырығын алғаш аттаған шәкірттерге «А» деген әріпті үйретіп, білім нәрімен сусындатуды өз жүрегіммен қаладым.

Қазір Алакөл ауданы, Үшарал қалалық №2 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарамын. Педагог маманы бойынша 10 жылдық еңбек өтілім және екінші квалификациялық категориям бар.

Мен өзімнің таңдаған мамандығыма үлкен жауапкершілікпен қараймын. Ш.А. Амонашвилидің: «Мұғалім өз сабағын сүймесе, оған өзі сүйсіне білмесе, ол шәкірт бойында да сүйіспеншілікті дарыта алмайды....» деген сөзі босқа айтылмағаны белгілі. Себебі, мен әр сабағымда оқушымен қарым-қатынасты, олармен сөйлесу мәнерін, сабақты ашып түсіндіруді, оқушы бойына қызығушылық туғызып, оқушының жан-жақты болуына үлкен көзқараспен, сенімділікпен қараймын. Сонымен қатар оқушылардың ойын жинақтай отырып, еркін , қысылмай сөйлеуіне жете көңіл бөлемін. Кәсіби міндетім- бастауыш сыныпта балалардың ақыл- ой ынтасын,ойлау қабілетін дамыту, оқуға қызығушылығын көтеріп, білімді игеруге ынтасы мен дағдысын қалыптастыру, ойлау қабілетін шыңдау, сөйтіп жан-жақты дамыған , жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын, білімді жас жеткіншектер тәрбиелеп шығару. «Баланы өте жақсы оқыту мұғалім үшін күнделікті қажеттілікке айналуы керек»,- деп білемін.

Тәрбиелік жұмыс жүйесін балалардың жас кезеңімен жеке жас ерекшеліктерін ескере отырып жасаймын. Оқушымен және олардың ата-аналарымен бірлескен жұмыста сыныптың тәрбиелік жүйесін үлгілеу әдістер мен тәсілдерін қолданамын.

«Келіңіз танысайық» шығармашылық шеберханасы, социамериялық эксперимент, «Біздің сынып жайлы мультфильм әдістемесі», «Сынып таңбасы», «Құлпырма түстер» әдістемелері, «Менің отбасым-ең жайлы орын» шығармалар байқауы, «Сүйікті істер сансыз көп» ойыны тренинг, психологиялық гистограмма, «Өзіңді-өзің тани біл» тренинг сабақтарын жүргізіп отырамын.

Сыныптың құрамын анықтап, жайсыз, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларымен арнайы жоспар бойынша жеке жұмыс жасап тұрамын. Оқушының жаұясына барып тұру жанұяға барғанда оқушының үйдегі өмірімен, тұрмыс жағдайымен танысамын. Оқушының үлгерімі мен тәртібі туралы ата-анасына хабарлап, нәтиже алуға тырысамын.

Оқу-тәрбие беруде әр ұстаз, әр баланы өз балам деп есептеп, қамқор бола білуі керек. Еліміздің ертеңі болып саналатын жас ұрпағымыз қиялыңды қияға өрлеткен ғажайып ертегілерді, шыншыл да сыршыл аңыз әңгімелерді, ерлікті, елдікті, дәріптеген батырлар жырларын, тағы да басқа жатқа білетін халық мұраларынан ғибрат алған қазақ елінің нағыз азаматы болу керек деп білемін.

Бала біздің болашағымыз. Болашаққа борышты болып қалмауымыз үшін дұрыс оқу-тәрбие беру керек. Оқу-тәрбие сан қырлы үрдіс. Оны жүйелі жүргізгенде ғана біздің еңбегіміз нәтижелі болмақ.

Осыған дәлел ретінде мен мектепішілік, аудандық семинарларда өзімнің сыныбыммен жоғары деңгейде ашық сабақтар және тәрбие сағаттарын өткіздім. Сонымен қатар аудандық «Жыл сынып жетекшісі-2009» байқауының бас жүлдегері, облыстық «Жыл сынып жетекшісі-2009» байқауының І орын иегері атандым. Алдағы уақытта ауданымыздың, облысымыздың намысын қорғау үшін республикалық байқауға дайындық үстіндемін.

Автор:
К.М. САДУАҚАСОВА, Үшарал қаласы №2 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі. Алакөл ауданы