Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«БІР ӘРІП ҮЙРЕТКЕНГЕ 40 ЖЫЛ СӘЛЕМ БЕР...»


26 октября 2012, 00:16 | 2 823 просмотра



«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі». Тек оның ұлылығы мен қадірін арттыру мұғалімнің өзіне тікелей байланысты екені анық. Елімізде жас ұстаздарға деген құрмет-қошаметтің артып келе жатқандығы қуанарлық жағдай. Бұған жас маман Нұрлан Тіленұлымен болған біздің сұхбатымыз дәлел бола алады...

Біздің анықтама

Нұрбеков Нұрлан Тіленұлы-жас маман.

1983 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниге келген. Осы аудан мектебінде он бір жылдық білім алып, кейіннен Ақтөбе Мемлекеттік Педагогикалық Университетінің «тарих» факультетін тәмамдаған. Қазіргі таңда Қапшағай қаласының тұрғыны. Сүйікті жар, 2 баланың әкесі. Алматы облысы «Жылдың үздік мұғалімі-2012» байқауының жеңімпазы.

- Нұрлан Тіленұлы, жас маман ретінде қазіргі таңдағы білім саласы жайлы не айтар едіңіз? Көңіліңіз тола ма?

- Әрине көңілім толады. Себебі, Елбасының білім саласына деген қолдауы мен көрсетіп жатқан көмегі орасан зор. Жас мамандарға деген «дипломмен ауылға» бағдарламасы, сондай-ақ ұстаздарға көтерме жалақы беріп, әр маманның ұстаздық жолды емін-еркін бастап, еңбек етуіне барлық қолайлы жағдайларды жасап отыр. Сонымен қатар мамандардың әлеуметтік жағдайы мен тұрғын үй мәселесін шешудің оңтайлы жолдары да қарастырылып қойылған. Бұл жалпы үкімет тарапынан болмасын, қай саладан болмасын ұстаздарға деген үлкен құрмет деп білемін.

- Еліміздегі білім сапасының деңгейін қалай бағалайсыз?

- Негізінде білім саласына қойылып отырған талап өте күшті. Соның ішінде ұстаздардың еңбектері ерен. Жас ұстаздардың ұрпаққа беретін тәлім мен тәрбиелері ерекше орын алады. Осы орайда білім сапасын көтеруде білікті мамандар өте қажет. Сол себептен де ұстаздарға күндіз-түні іздену керек. Ал білім сапасына келер болсақ, білім сапасы өте жоғары деп те төмен деп те айта алмаймын. Өз деңгейінде. Бірақ әлі де болса білім сапасын әлем стандартына дейін көтеруге мүмкіндік бар.

- Жас мамандардың ұстаздық жолға тартылуы көп деп ойлайсыз ба?

- Көбіне жастар қағаз жұмыстарынан қашқалақтап жатады. Әйтсе де, жас мамандар келуде. Өйткені қазіргі ұстаздарға көрсетіліп жатқан көмек, қамқорлық, қолдаулар өте жоғары деңгейде. Мұғалім мамандығын таңдап жатқандар және сол салада аянбай қызмет істейтін жастар көп деп ойлаймын. Өз тарапымнан ұстаздық жолға шақырамын!

- Білім саласындағы реформалар жөнінде не айтасыз?

- Білім саласындағы реформаларда жалпы басты тақырып «он екі жылдық білім беру», «1 сыныптарда ағылшын тілі пәнін оқыту», «үш тілділік» мәселесі ғой. Мен өзім қызмет ететін мектепте биылғы жылдан бастап бірінші сыныптарда ағылшын тілі пәнін мемлекеттік стандартқа сәйкес эксперимент ретінде жүргізіп жатыр. Көрсеткіші жаман емес. Балалардың оқуға деген талпынысы мен ата-аналар тарапынан да ризашылықтары зор. Бұны білім саласын жақсартудағы, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылудағы алғашқы қадамдар деп түсінемін.

- Мектеп оқушыларының тәрбиесі жайлы не айта аласыз және бала тәрбиесіндегі ұстаздың рөлі қандай деп ойлайсыз?

- «Тәрбиесіз берген білім, адамзаттың қас жауы» демекші, бірінші тәрбие, содан соң сапалы білім болуы керек. Қазіргі таңда әрине заман күннен күнге өзгеру үстінде. Мұның барлығы мектеп оқушыларының психологиясына өз әсерін тигізеді. Осы орайда тәрбие беруде ұстаздар балаларды көшбасшылыққа, адамгершілік, имандылық бағыттарында тәрбилеудеміз.

- Сөзіңізде діни бағыттарда тәрбие береміз дедіңіз. Негізі жастардың қазіргі таңда дінге деген көзқарасы қандай?

- Мектептерде дінтану сабақтары мемлекеттік стандартқа сай енгізілген. Қазіргі кезде әр-түрлі діни ағымдар, секталар көбейіп кетті. Осы орайда балаларды имандылыққа тәрбиелеп, имандылық жайлы дұрыс көзқарас қалыптастыруларына қарай бағыт-бағдар береміз. Жалпы балалардың дінге деген көзқарастары мен пайымдары жақсы. Діни ағымдардың көптігі келеңсіз жағдайларға әкелуі де мүмкін екендігін оқушылар түсініп келе жатыр.

- Педагогика саласында ер азаматтар аз кездеседі. Осының себебі неде деп ойлайсыз?

- Енді кез-келген адам ұстаз болып туылмайды, ұстаз бола да алмайды. Себебі, ұстаз мамандығы үлкен жауапкершілікті талап ететін, ауыр жол десем қателеспеспін. Осы орайда ер азаматтар көбіне дене тәрбиесі, алғашқы әскери даярлық сынды қосымша пәндерді таңдауда. Ал негізгі пәндерде ер азаматтар аз кездеседі. Бірақ, бұл әркімнің өз көзқарасы мен таңдауы. Қазіргі кезде енді тәй-тәйлап ер азаматтарымыз ұстаздық салаға бет бұра бастады. Ер азаматтардың ұстаз болуы бала тәрбиесінде де ерекше орын алары да анық.

- Ер азаматтар жайлы сөз қозғадық қой, негізі сіздің педагогика саласын, соның ішінде тарих пәнін таңдауыңызға не себеп болды?

- Бұл мамандықты таңдауыма тілге , филология саласына деген құштарлығым себеп болды. Тарих ауызша сабақ болғандықтан балалардың ой-пікірін, ел тарихын еркін жеткізе алуына ықпал етсем деген ой мен мақсат негізгі себеп.

- Педагог болу ауыр дегенге не айтасыз?

- Жеңіл деп те айта алмаймын. Бірақ егер адам өзі ізденсе, талпынып, өзін жан-жақты көрсете білсе ауыр жолды жеңілдетуге мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған. Барлығы да адамның өзіне байланысты деп ойлаймын.

- Балалардың тарихқа деген ынта-жігері қандай деңгейде?

- Өзім сабақ беретін оқушыларымды жыл сайын пән олимпиядаларына дайындап отырамын. Осы уақыт аралығында оқушыларым қала, облыс көлемінен тек жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл көрсеткіш жастардың оқуға, тарихты білуге деген талаптарының зор екендігінің белгісі деп ойлаймын.

- Жалпы елімізде тарих пәні кітаптарындағы мәліметтер бір-бірімен сәйкес емес, оқулықты қайта жөндеу керек деген пікір-таластар болған еді. Осыған келісесіз бе?

- Иә ондай жағдайлар кездесіп жатады.Әр кітапта, әр баспада әр түрлі мәліметтер кездеседі. Кейде өзіміз білім алған кітаптар бойынша балаларға түсіндірсек, қазіргі оқулықтармен сәйкес келе бермейді. Осы орайда оқулықтардағы мәліметтердің бір ғана дұрыс нұсқасы берілсе деген ойдамыз.

- «Жылдың үздік ұстазы-2012» атағына ие болуыңызға бойыңыздағы басты қандай қасиет себеп болды деп ойлайсыз?

- Бұндай байқауларға бұрындары да қатысып, біліктілігімді шыңдап жүргенім бар. Енді облыстық байқауда жеңімпаз болуыма көпшілікпен жұмыс жасай білуім мен мамандығыма деген сүйіспеншілік басты себеп шығар деп ойлаймын. Білікті деген 19 ұстаздың арасынан оза шығуым мен үшін үлкен жетістік, ерекшк құрмет.

- Алға қойған мақсатыңыз не?

- Өз білгенімді өзгеге үйтеруден талмай қызмет етуден еш аянбаймын. Менің мақсатым - сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеп, ел болашағына өз үлесімді қосу.

- Жас маман ретінде әріптестеріңізге айтар сөзіңіз

- «45 жыл ұстаздық етсең де, 45 минуттық сабағыңа дайын бол»-дегендей, әр бір сабақты ұстаз ерекше көңіл-күй, ынта-жігер, жаңалықпен өткізсе,ол ұстаздың білікті де білімді екендігінің белгісі. Жас мамандарға, ұстаздық жолда жалықпай білім-білік, дағдыларыңызды көрсете біліңіздер деймін.

- Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіз жана берсін деген тілектеміз.

Автор:
Сұхбаттасқан: Әйгерім БАҚТЫБАЕВА өз тілшіміз