Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ИНДИРА ИВАНОВА: ҚАЗАҚҚА КЕЛІН БОЛСАМ ДЕЙМІН…


26 октября 2012, 00:17 | 1 653 просмотра


Қостанай өңірінде де қазақ тілін жетік меңгеріп, жұртшылықтың құрметіне бөленіп, замандас¬тары арасында дараланып жүрген өзге ұлттың өкілдері жеткілікті. Солардың бірі орыс қызы – Индира Иванова. Ол қарапайым ғана отбасында тәр¬биеленген. Алғыр қыздың қазақ тілінде сөйлеуіне ықпал еткен әпкесі Эльвира екен. Қазақ тілін жақсы меңгеріп, сол бағытта республикалық жарыстарда көзге түсіп жүретін Эльвира бүгінде жауапты қызмет атқарады. Қазір бар ынтасымен атқарып жүрген қызметіне қазақ тілін шын ықыласпен игергеннің арқасында қол жеткізгенін жасырмайды. Индира кішкентайынан қазақшаға судай әпкесі Эльвираға қызыға қарады. Тілі келмесе де кейбір сөздерді қағып алып, өз сөздік қорына қоса бастады. Өйткені қазақ тілінде таза әрі еркін сөйлейтін Эльвира басқа емес, қазақтардың өзін тәнті етті. Сөйтіп, балауса қыз Индираның да мемлекеттік тілді меңгеруге құштарлығы оянды. Бұл орайда оның қалауын өскен ортасы мен ұстаздары қолдады, қолдарынан келгенін де аямады. Соның арқасында ол 8-сыныптан бастап аудандық және облыстық олимпиадаларға қазақ тілінен қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанды. Осындай түрлі деңгейдегі жарыстар мұның талпынысын арттырып, өзін жан-жақты көрсетуге мүмкіндік тудырды.

Мектеп бітірген соң Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік универ¬ситетінің студенті болды. Мұнда да түрлі олимпиадаларда жүлдегер атанып, ұстаздары мен ата-анасының абыройын асқақтатып жүрді. «Абай оқулары» байқауына қатысып, ақынның шығармаларымен танысты. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын бірнеше рет оқып шыққан Индираның сөз өнері адам баласын рухани жағынан байытып, жан дүниесін түлете түсетіндігіне көзі әбден жетті. Содан бері ана тіліміздегі көркем әдебиеттерге ден қойып, газет-журналдардағы тағылымды мақалаларды ерекше зейінмен оқуды дағдыға айналдырды. Индираның қазақ тілін үйренуге деген талпынысын қолдап-қуаттап отыратын әкесі Григорий мен анасы Риммаға алғысы шексіз. Отбасындағылардың барлығы үйде тек қана қазақ тілінде шүйіркелеседі. Жоғарыда аталған университеттен агроном мамандығын алып шыққан Индира былтыр «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Қостанай қаласындағы филиалына жұмысқа тұрды.

Орыс қызы «Қазақстанның болашағы – тек қазақ тілінде» деген Елбасының сөзін үнемі жадынан шығармайды. Түсінген адамға бұл тұжырымда салиқалы ой жатыр. Сондықтан қазір мемлекеттік тілді меңгерем деген азаматқа ештеңе кедергі бола алмайды. Ол Қазақстанда тұрып, жергілікті халықпен тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан соң, олардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын да, тарихы мен мәдениетін де бір кісідей меңгеру керек деп түсінеді.

Бүгінде ибалы Индираның қазақ ұлтынан достары көп. Солардың арасында оған көңіл білдіріп жүрген қазақ жігіті де бар екен. Әу бастан қазақ тіліне, ұлтымыздың мәдениетіне қызығушылықпен қарайтын Индира келешекте қазақ жігітінің етегінен ұстауға қарсы емес.

Автор:
Оразалы ЖАҚСАНОВ ҚОСТАНАЙ