Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ АЯҚТАЛДЫ


26 октября 2012, 00:19 | 1 714 просмотров



Қазанның 17 күні «Тіл сарайында» жалпыреспубликалық акциясының жабылу салтанатына арналған пресс-конференция өтті. Конференцияға: ұйымдастыру комитетінің мүшелері, облыстық ата-аналар ұйымының төрайымы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Акцияның басты мақсаты – балалардың әлеуметтік себептермен 1 қыркүйекте мектепке бара алмауының алдын алу және күнкөрісі төмен отбасыларының балаларына қолдау көрсетуге бағытталған.

Алматы облысы бойынша 2012 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында аз қамтылған және көпбалалы отбасында тәрбиеленетін 26 526 балаға 174 млн. 725 мың 400 теңге көлемінде қайырымдылық көмектері көрсетілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда қаражат көлемі 37 млн. 654 мың 739 теңгеге көбейген. 2011 жылы қайырымдылық көмектің сомасы бір балаға шаққанда 5100 теңге болса, биылғы жылы аталған қаржы 6600 теңгені құрап отыр.

Осы бағытта Іле (22 млн.568 мың 800 теңге), Алакөл (21 млн. 800 мың теңге), Панфилов ауданы (16 млн. 436 мың 100 теңге), Талдықорған қаласы (21 млн.634 мың 800 теңге) көлемінде көрсетілген қайырымдылық көмектерін ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар облыс әкімдігің аппараты, облыстық басқармалар, департаменттер, акционерлік қоғамның қолдауымен биылғы жылы 89 балаға 2 млн. 677 мың 440 теңге көлемінде көмек көрсетілген. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл облыстық мемлекеттік мекемелер тарапынан материалдық тұрғыда қамтылған жасөспірімдер саны 33 балаға артса, қаржы көлемі 1 млн. 080 мың 845 теңгеге көбейген. 5 жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан қайырымдылық шарасы аясында «қайырымды» жандар қатары да артып келеді. Осы орайда облыстық қаржы басқармасы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 2 баланы өз қамқорлығына алып, «мектепке жол» акциясы аясында ғана емес, жалпы жыл бойы қайырымдылық танытып, көмек көрсетіп келеді.

Акцияны ұйымдастыру барысында аула, үйлерді аралаумен қатар рейдтік іс-шаралар да жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша 2 ай ішінде жалпы саны 4855 алдын-алу шаралары ұйымдастырылған.

«Мектепке жол» акциясы әрі қарай да жалғаса бермек! Қайырымды жандар қатары арта берсін!

Автор:
Әйгерім БАҚТЫБАЕВА өз тілшіміз