Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРДЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДА АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ ЖОЛДАРЫ


16 ноября 2012, 18:18 | 8 682 просмотра



Қазақстан Республикасының жаңа «Білім туралы» Заңына мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет «Әр баланың жеке қабілетіне қарай интелектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отыр. Белгілі ағылшын психологы Г.Айзенк дарындылық туралы түбегейлі, тұрақты қорытынды шығаруға асықпаған жөн деп тұжырымдайды. Неміс ғалымы В.Штерн дарындылықтың түрлеріне анықтама берді. Ол жалпы дарындылық – интеллектіден өзгеше, индивидтің өз бойына жаңа талаптар, мақсаттар мен міндеттерді орындау саналы түрде бағыттай алатын қабілеті деп түсіндіреді.

Дарынды балаларды қоғамның ғылыми келешегі ретінде қарап, танып білу үрдісі өте ертеден басталады. «Дарындылық » термині «дарын» сөзінен шыққан, дамудың ерекше қолайлы ішкі алғы шартты дегенді білдіреді.

Педагогикалық энциклопедия мынандай анықтама берген:

«Дарындылық – іс - әрекеттің белгілі бір саласында ерекше бір жетістікке жетуге жағдай жасайтын, адам қабілетті дамуының жоғарғы дәрежесі.»

Дарынды балалар қандай? деген сұраққа жауап іздейтін болсақ олар әр түрлі, бір-біріне ұқсамайды. Дарынды баланы байқамау мүмкін емес, көпшіліктің арасында ол өзінің іс-әрекетімен, бейімділігімен, қабілеттілігімен бірден көзге түседі.

Дарынды баланы қалай тануға болады? Белгілі зерттеуші Н.С.Лейтес қабілетті балалардың 3 категориясын анықтап берді.

Бірінші категория – ой-өріс қаблеті ерте жастан байқалған жастар.

Екінші категория – жеке бір іс-әрекет түрімен белгілі бір мектептегі ғылым түріне қабілеттілігімен көзге түскен оқушылар.

Үшінші категория – дарындылық күш қажырмен ерекшеленетін оқушылар.

Ой-өріс қабілетімен ерте жастан көзге түскен оқушыларға мектептегі оқу кезіндегі қарқындылық тән. Кейбіреулерінің ақыл-ойы табанды түрде дамиды да өз қатарластарын басып озады. Олардың ақыл-ойының кемеңгерлігі сонша – оларды байқамау мүмкін емес. Мұндай балалар 3-4 жастан оқуды, жазуды, сызуды үйренеді де, өсе келе белгілі бір ғылым түрлерімен шұғылданады. Олардың қызығушылығы ауысып отырғаны мен, ақыл-ойға жүк түсіретін пәндерге деген талпынысы төмендемейді.

Бала дарындылығының байқалмайтын жағдайлары да кездеседі. Кейде тіпті баланың есейген шағында сирек кздесетін қабілеттері көрініс тауып жатады.

Балалардың бойында белгілі бір қабілеттердің жарқын көрінісі, ой-өріс деңгейінің жалпы көрінуімен, дамуымен, ғылымының, өнердің арнайы бір саласына бейімделуі мен сипатталады.

Үшінші категорияға жататын оқушылар жалпы дамуы жағынан өз қатарластарының алдына шықпайды. Бірақ ақыл ойының өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді.

Бұлардың өзгешеліктері неде? Оқушы пікірінің ерекшелігі мен дербестігінде, сұрақты әр қырынан қарастыруында.

Оқушының дарындылығын байқаған сәтте не істеу керек? Дарынды бала ересектерге қарағанда, әлі адам ретінде қалыптаспаған, болашағы алдында, қабілеттерін ашуды қажетсінеді. Бала қабілеті – арнайы құбылыс.

Бала дарындылығының арнайы қырларын білген педагог оны оқыту үрдісінде тиімді пайдалануына болады.

Қазір ғылыми әдебиетттер әлемінде дарынды балалардың диагностикасы туралы түрлі мағлұматтар бар. Бала дарындылығының негізгі белгілерін Ү.Б.Жексембаева былай көрсеткен:

- арнайы психометриялық тест

- баланы бақылаудың түрлі әдістері (оқу, оқудан тыс, зертханалық жұмыс)

- арнайы бағдарлама аясында сынақ сабақтарын ұйыдастыру

- педагог тарапынан оқушының іс-әрекеті мен мінез-құлқын эксперттік бағалау

- әр-түрлі зияткерлік жарыстар, байқаулар олимпиадалар т.б. өткізу

- оқушы шығармасының туындыларын эксперкттік бағалау (суреттері, өлеңдері)

- арнайы психодиагностикалық тренинг.

Ү.Б.Жексембаева көрсеткендей дарынды баларды анықтауға болады.

Дарынды оқушыларды жетілдіруде олардың психологиялық ерекшелігін ескере келе дарынды, қабілетті оқушыларды анықтау үшін ешқандай психо-диагностикалық әдістің қажеті жоқ. Бақылай білу, әңгімелесу, естіген, көргенді талдау, саралау жеткілікті.

Дарындылық, қабілет іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай, нәтижелі орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті. Қабілеттілік күнделікті тәжірибеде жиі кездеседі. Мәселен оқуға бар ынтасымен берілген оқушыларды біз «мына оқушы қабілетті оқушы екен» дейміз не болмаса оның кейбір пәндері жақсы үлгеруіне байланысты, мына оқушының математикаға, екіншісінің әдебиетке, үшіншісінің тарихқа қабілеті бар екен дейміз.

Сондықтан жоғары қабілетті, дарынды балаларды 3 топқа бөлуге болады.

1-ші – интеллектілі – ойы ұшқыр, өткір ақылды бала.

2-ші – шығармашыл, әр түрлі идеяшыл өзі шешен лидер бала.

3-ші – академиялы дарынды, өнерпаз, сөз қоры бай бала.

Дарынды балалар: 1. әділ

2. әділетсіздікке шыдамсыз

3. қалжыңбас

4. жәй нәрсені үлкейтіп көрсеткіш

5. ойы ұшқыр (тез ойлайды)

Әр сыныпта өткізілетін білім сайысында дарынды балалар ерекше нәтижеге жетіп, оқып шығады. Жүргізілген зерттеулерде дарынды балалардың психикалық белсенділігі және өзін-өзі түзетуі – ол нерв жүйесінің мықтылығынан, белсенділігінен.

Мысалы: нерв жүйесі осал оқушы берілген тапсырмаға уақыттың аздығын уайымдап, білгенін ұмытып, өзін-өзі жоғалтып жауапты қате беруі мүмкін. Ал дарынды оқушыда ондай кедергілер болмайды. Нерв жүйесінің мықтылығынан, өзін-өзі басқара алады.

Дарынды оқушылардың психикалық ерекшелігі деген осы.

Жас талапкерлердің жарқырап көрінуі үшін ұстаздарға жүктелер міндет не?деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, ол міндет – оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін жан аямай еңбек ету. Шығармашылықтың түрлері көп. Олардың ішіндегі ерекшесі – сөз өнері саласы. Олай болса, оқушылардың сөз өнерін дамыту ұстаздардың алдына қойған негізгі мақсаттарының бірі болуы керек.

Оқушылардың сөз өнерін дамыту қай жастан басталмақ? Балалардың шығармашылық қабілетінің ашылуы қай кезде көбірек байқалмақ? Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін, олардың ерекшеліктерін білу үшін мектеп оқушыларын жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлеміз.

Жас буын 6 - 9 жас

Орта буын 10 - 13 жас

Жоғары буын 14 – 16 жас.

Орта буынның шығармашылық қабілеті зор, шығармашылықпен тұрақты айналысуға икемді жас. Оларда мынандай ерекшеліктер бар:

- оқушылардың өзіндік ойлау ерекшеліктері басым, түрлі болжамдар жасауға қабілетті, қиялы ұшқыр, өзін көрсетуге құштар келеді.

- Жас өспірімдердің барлығы шығармашылыққа ұмтылып тұрады, шығармашылық күшін сынауға тырысады.

- Оқушылардың қиялдары жүйрік, бейнелеп санасуға шебер, жан дүниесі нәзік, лирик болып келеді. Болмыстары поэзиядан құралады. Бұл жастағылар ақыл-ой, қабілеттілігін өзін қызықтырған іске бағыттайды.

- Оқушылар, мазмұндама мінездеме жазудан бұрын әңгіме, өлең жазуға бейім болады.

Оқушыларды шығармашылыққа баулу педагогтар үшін тағы бір қажеттілік баланы психологиялық дайындықтан өткізу.

Психологиялық дайындық баланы шабытын оятып, құлшындырып, еліктіріп отырады. Шығармашылық шеберлік үшін оқушыға ұстаздық берер психологиялық әсері мынандай болмақ.

- «сенің қолыңнан бәрі келеді», «сен қабілеттісің», «жаз», «үйрен» - деп баланың еркін билеп сенім білдіру.

- Оқушының кішкене жетістігін үлкен етіп бағалап, мадақтап, көтермелеу, оқушылар басылымына баланың өлеңдерін жариялап көтермелеу, көмектесу.

- Шығармашылық сәтте оқушыға құптаулылық көз қарас білдіру, сезім күйін бақылау, қамқорлық таныту.

- Ақын- жазушылардың, өнер адамдарының шығармашылық дәстүрінен қызықты оқиғалар әңгімелеу.

- Оқушылар үшін педагог өзін қарапайым жан есебінде таныта білу, оқиға, сюжет, образ жасауда оларға сенім білдіру.

- Оқушылардың сұрақтарына пейілмен жауап беру, олардың психологиялық еркіндігін қамтамасыз ету сияқты әдеттерді педагог білуі тиіс.

Шығармашылықты тежейтін бірнеше кедергі болуы мүмкін, біреулер жаза алмайтын, қолымнан келмейді деп өзін қорқынышқа билетсе, екіншісі өз жазғанын өзі қанағаттанбайды, ал үшінші біреу жасқаншақтық, ұялшақтық танытады, төртіншісі жалқаулыққа жеңдіреді. Міне, осындай кедергілердің алдын-алу, баланың талабын ұштау ұстазға байланысты. Шығармашылық оқушыға шын ләззат қуаныш сезімін әкелуі тиіс.

Жаңаны жасау, өзі жасаған тың дүниеден алған жан ләззаты оқушы үшін шабыт баспалдағы болмақ.

Шығарма жаза білген оқушының сұлулық пен әсемдік туралы түсінігі мол болады. Шығармашылық - оқушы үшін сұлулық пен әсемдіктің мектебі. Мұғалім оқушыда шығармашылық қабілет, күйдің тууына себепкер болуы керек. Оқушыларға алуан түрлі тапсырмалар беру, ойындар ұсыну, оқушылар назарын шығармашылық арнаға бұру үшін пайдалы.

Дарынды балалардың бірден көзге түсетін ерекшеліктері

- Оның шектен тыс белсенділігі, аз ұйықтауы, танып – білуге деген құштарлығы, қолына түскен заттарды реттеп, жүйелеп қайта құру әрекеттерін ұнатуы, ерте сөйлеуі, естігенін сөзбе сөз қайталауы т.б. Осы қасиеттер интеллектуалдық қабілетті көрсеткенмен дарынды балалардың барлығында бірдей біліне бермейді.

- Дарынды балалар білуге құштар. «Мұнау қалай құрылған?», «Неге бұлайболады?», «Егер бір жағдайды өзгертсе қайтеді?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Қоршаған ортаны белсенді түрде зерттейді.

- Дарынды бала өз әрекетін шектеуді ұнатпайды.

Дарынды балаларды анықтауда мынандай ұстанымдар тұжырымдалады:

1.Түрлі ақпарат алу кездерін пайдаланып,бала қабілеттерін кең көлемде қамтуға мүмкіндік беретін баланың мінез-құлқы мен іс-әрекетін жан-жақты бағалаудың кешендік сипаты.

2. Баланы танып білу мен зерттеудің ұзақтығы (баланың түрлі жағдайдағы іс-әрекетін кең уақыт көлемінде бақылау);

3.Баланың қызығушылығы мен бейімділігіне барынша сәйкес келетін қызымет аясында баланың іс-әрекетіне талдау жүргізу ( арнайы ұйымдастырылған пәндік – ойындық сабақтарға қатыстыру,сәйкесінше түрлі іс – шараларға қатыстыру);

4.Дамытушылық ықпал ете отырып,баланың психологиялық «кедергілерін» жоюға мүмкіндік беретін тренингтік әдістерді пайдалану;

5.Баланың бойындағы қандай да бір дарынды бағалауда жоғары санатты тәжірибелі мамандарды тарту

( математиктер,филологтар,шахматистер,инженерлер және т.б.);

6.Баланың дарындылық белгісін оның психикалық дамуының нақты деңгейінде ғана емес,сондай-ақ оның болашақтағы даму мүмкіндігін де есепке ала отырыпбағалау;

7.Жұмыс нәтижесін талдау,бақылау,әңгімелесу,мұғалімдер мен ата-аналардың сараптамалық бағалары,баланың эксперимент жағдайындағы нақты іс-әрекетін бағалаумен байланысты психодиагностиканың эксперименттік маңызды әдістеріне сүйену.

Ғылыми зерттеулерге қарағанда дарынды, талантты балалардың миының биологиялық, электірлік белсенділігі жоғары келеді. Жоғарыда көрсетілген талаптар әр мектепте орындалса, елімізде дарынды, қабілетті, талантты оқушылар көбейсе нұр үстіне нұр болар еді. Педагогтар дарынды, қабілетті, талантты оқушыларға білім беріп тәрбиелеп дайындаса, еліміздің үлкен бір азаматтары болады деп сенемін.

Автор:
Айгуль НУСИПОВА «Ынталы орта мекетебі мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар» мемлекеттік мекемесінің мұғалімі Алакөл ауданы