Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТ –БҰРЫНҒЫ БАРАК ОБАМА


16 ноября 2012, 19:12 | 1 811 просмотров



7 қараша күні Н.Назарбаев АҚШ Президенті лауазымына қайта сайланған Барак Обамаға құттықтау жеделхатын жолдады. Америкадағы президент сайлауында Барак Обама жеңіске жетті. Ал республикандықтар атынан сайлауға түскен Митт Ромни жеңілгенін мойындады.

Ақ үй қожайыны келесі төрт жылға АҚШ-тың 44-президенті Барак Обама болып қала береді. Ол сайлаушылардың 300-ден астам дауысын жинаған. Президент сайлауына қоса сенаттың босаған 39 орны мен өкілдер палатасының 435 мүшесіне сайлау өтті. Елде губернаторлар сайлауы, әртүрлі мәселелерге байланысты әр штатта жеке-жеке референдумдар да орын алды. АҚШ конгресінің сенатында екінші мерзімге сайланған президент Барак Обаманың Демократиялық партиясы бұрынғыдай басымдыққа ие болып қаған. Ал Республикашылар партиясы да өкілдер палатасындағы бұған дейінгі орындарын сақтап қалды.

Сенат пен өкілдер палатасында басымдықты екі партия өзара бөліскендіктен, ұстанымдары бір жерден шықпай, Барак Обама өткен төрт жылда кейбір заңдарды қабылдату кезінде кәдімгідей қиындықтарға тап болған еді. Сол жағдай осы сайлаудан кейін де өзгермейтін болады деген болжамдар бар.

Шетелдік басылымдарға сенсек, сайлауға қатысқан халық саны көп болғаны соншалық, сайлау учаскелерінде үлкен кезектер пайда болған. Вирджиния және Мэрилендте сайлаушылар дауыс беру үші өз кезегін 40 минуттан, 1,5 сағатқа дейін күтсе, Огайода адамдар кезекте 3-4 сағат тұрған екен.

«Сэнди» сайлауға қалай әсер етті?

Сайлауға бір апта қалғанда АҚШ халқы үшін күтпеген жағдай орын алды. Бұл елдің солтүстік-шығысын жайпап өткен қуатты "Сэнди" дауылы еді. Барак Обама мен Митт Ромни алапат дауылдың кесірінен үгіт-насихат шараларын тоқтатуға мәжбүр болды.

АҚШ-қа «Сэнди» 50 миллиард доллар шығын тигізді. Мыңдаған халық баспанасыз қалды. Ресми ақпарат көздеріне сүйенсек, 7 мыңға тарта адам Қызыл Крест ұйымының уақытша салынған баспаналарында паналауға мәжбүр көрінеді.

Обама да, Ромни де сайлау кестелерін өзгертіп, төтенше жағдай болған штаттарды аралады. Дауыл болған штаттардағы сайлау нәтижелері былай:

Нью-Йорк, Нью-Джерси, Пенсильвания, Мэрилэнд, Нью-Йорк, Коннектикут, Делавар, Огайо, Вирджиния штаттары мен Колумбия аймағының сайлаушы тұрғындары Обаманы қолдаған. Митт Ромни Солтүстік Каролина, Батыс Вирджиния штаттарында жеңіске жетті.«Сэндиден» қатты жапа шеккен аймақ тұрғындарына электронды почта немесе факс арқылы дауыс беруге рұқсат етілген.

Сайлау туралы ойлар

Қазақстанда АҚШ-тағы сайлау туралы көп айтылмады. Жергілікті басылымдар көбіне жаңалық түріндегі қысқа ақпарат берумен шектелді. Дегенмен де қазақстандық азаматтардың көпшілігі сайлауда Обама жеңетініне сенді.

Қазақстандық саясаткерлер "бұл - заңды жеңіс" десе, саясаттанушылар "қарсыласын әрең жеңген Обама үшін бұл сайлау сабақ болды" дейді.

Көптеген саясаткерлердің пікірінше, Митт Ромнидің бірқатар кемшіліктері болған.

Оның сыртқы саясаттағы бағыттары қолдауға тұрарлық болмады. Кез-келген мемлекеттің басшысы көршісі не әріптестеріне қатысты абайлап сөйлеуі керек. Ромнидің риторикасы агрессияға жақын болды. Ромнидің артында үлкен капитал, олигархтардың мүдделері тұр. Ал Обама көбіне орташа дәрежедегі америкалықтардың мүддесін қорғап жүр. Сонымен қатар Ромнидің "Обамаға дауыс берушілер - мемлекетке қарап қалған, жауапкершілікті өз мойнына алмайтындар" деген мазмұндағы сөздеріне бірқатар азаматтар наразы болды.

Президент әкімшілігінен кім кетеді?

Кезекті президент сайлаулан кейін осындай орынды кезекті сұрақ туындайды. Барак Обама жеңіске жетсе де, оның артынан мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон мен қаржы министрі Тимоти Гайтнер бармайтын көрінеді. Өзінің қызметтен кететіндігі туралы Хиллари Клинтон жылдың басында айтқан болатын. Кейбіреулер Клинтонның кетуін оның 2016 жылғы президент сайлауына демократтар партиясы атынан қатысады деп болжайда. Алайда, эксмемлкетет хатшысы бұл туралы өзі еш мәлімдеме берген жоқ. Клинтонның орнын Джон Керри немесе Сьюзан Райс басады деген болжамдар бар. Ал қаржы министрі біріншіден, Тимоти Гайтнер болса, осы уақытқа дейін АҚШ-тың экономикалық проблемаларымен күресуден шаршадым деп бірнеше рет айтып үлгерген еді. Екіншіден, былтыр Standard and Poors агенттігі рейтингі бойынша АҚШ-тың несиелік жағдайы бірнеше сатыға төмендегеннен кейін, көптеген саясаткерлер оның кетуін талап еткен. Сонымен қатар министрлер кабинетін энергетика министрі Стивен Чу мен ішкі істер министрі Кен Салазар да кетуі мүмкін.

Обама мен Ромни ағайындылар

Ал Кенияның тұрғыны жаңадан туған екі ұлдарына Барак Обама мен Митт Ромнидің есімдерін қоймақ. «Өткен сайлау есте ерекше орын алсын деп дүние есігін жаңадан ашқан егіздерінің есімін саясеткерлердің атымен атадым» дейді 20 жасар Милисент Овуор. Жас ана Барак Обама әкесінің туған ауылы Когелоға жақын ауруханада босанған. Бұл мекенде Обаманың жеңісін бүкіл халық болып тойлапты.

Қазақтар да Обамаға дауыс берді

"Интерфакс-Казахстан" агенттігі қарашаның 7-сі күні Қазақстандағы АҚШ елшілігі АҚШ президентінің бейресми сайлауын өткізгенін хабарлады. Бұл шара елшіліктегі "Америка бұрышында" және облыстық кітапханаларда ұйымдастырылды.

Ойын сипатында өткен бұл "сайлаудың" нәтижесін Қазақстандағы АҚШ елшісі Кеннет Фэйрфакс жариялап: «Нәтиже бойынша Қазақстанда Барак Обама озып тұр" деді.

Кеннет Фэйрфакс айтқан мәліметке қарағанда, "Астанада Обамаға - 114 дауыс, Ромниге 23 дауыс берілген. Қазақстанның басқа аймақтарында да Обама жеңген.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА