Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БҮЛДІРШІН БІЛІМІ МЕНІҢ БИІГІМ


23 ноября 2012, 15:56 | 1 895 просмотров



Мұғаліммін жан оты жарқылдаған......

Жаралған мың үміт пен мұраттардан,

Жансыздар әлдилеген шуақты арман.

Жатталсын есімдерің сан жүректе,

Адамзаттың аяулы әні сияқтанған.- деп талай бала ақын да, дана ақын да өз ұстаздарын әнге қосады. Алғашқы әріп үйреткен жанның қастерлі есімін өлеңіне арқау етпеген оқушы жоқ шығар. ...

Б

ала жанының бағбаны болған ұстаздардың жүгі - ауыр жүк. Мұғалімнің әсерлі үнмен, мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлық пен аналық сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Оқушының жан дүниесін түсініп, оның қылығы теріс болса да ренжітпей, сонымен қатар оқушының өз қателігін санасына дөп жеткізе білу деген нағыз шеберлік қой. Бұндай нәзік шеберлік тек ұстаздар қауымына ғана тән дүние. Оқушы жанының әрбір пернесін еппен басып, жан сарайын аша білген ұстаз ол қашанда нағыз мұғалім деген атқа лайықты. Бүгінде әрдайым жаны оқушысымен бірге болатын нағыз ұстаздардың болуы сирек . Осындай өзі қарапайым, жаны нәзік, бүкіл болмысы мен шынайы бейнесі шуақты жанарынан көрініп тұратын ұстаздың бірі- Құлбаева Күлжиан Телеубекқызы. Ол Талдықорған қаласындағы №4 орта мектепте бастауыш сыныпта ұстаздық етуде.

«Құлбаева Күлжиан Телеубекқызы 1958 жылы 3 мамырда Алакөл ауданы, Екпінді ауылында дүниеге келген. Ол үлкен жанұяда туып, жақсы тәрбиемен сусындап өседі. Туып –өскен ауылдағы мектепті 1975 жылы ойдағыдай тамамдап, Панфиловтағы педогогикалық училищеге түседі. Мұғалімнің сара жолын таңдаған жас қыз 1978 жылы сол кездегі білімнің биігі болған аталмыш білім ордасын бітіріп шығады. Балаларды жанымен сүйіп түсінетін жас маман бастауыш сынып оқушылырының сүйікті ұстазына айналады. Міне, содан бері 34 жыл уақыттан астам педогогика саласында еңбек етіп келеді. Үздіксіз ұстаз болып өмірін бүлдіршіндер болашағымен сабақтастырған жан бір сәтке де мектептен қол үзген емес. Ең алғашқы ұстаздық жолын ол Алакөл ауданындағы Қызылқайың ауылдық орта мектебінде бастайды. Сол жылы орыс мектебінде алғаш қазақ сыныбы ашылып, Күлжиан ұстаз сол сыныпты жетекшілігіне алады. Қазақ сыныбын бітіріп қазақи тәрбие, білім алған қызға алғашында орыстармен жұмыс істеген оңайға тимеді. Десе де, шыдамдылығымен төзімнің арқасында барлық қиындықтарды жеңіп, ұстаздық атқа сай білікті маман бола білді. Осы Қайыңды орта мектебінде Күлжиан ұстаздың 19 жылы өтті..... Бүгінде ол Талдықорған қаласындағы №4 орта мектебінде еңбек етіп келеді. Бұл қара шаңыраққа келгеніне де 15 жылдан астам уақыт өтіпті.

- Күлжиан апай, мұғалім болуыңызға не ықпал етті?

- Мен отбасында балалардың тұңғышы болдым. Артымнан ерген 6 інім бар. Солардың тәрбиешісі де мен, ұстазы да мен едім. Анамыздың қолы тимегендіктен солардың ұстаздары бола жүріп, сабаққа әзірлейтінмін. Міне, бауырларыма мұғалім бола жүріп, ұстаз болуды өзімі мақсат еттім. Бұл жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Себебі, бұл мамандық менікі екенін бала күнімнен сезетінмін.

- Бірінші сыныпқа алғаш сабақ үйреткен қиын емес пе?

- Кішкене бүлдіршіндермен жұмыс жасағанның өз қиындықтары да бар. Мектеп табалдырығын алғаш аттап тұрған сәбилердің көбі үйден шықпаған, партаға қалай отырып, қалай тұру тәртібін де білмей келеді. Мектепте 45 мин шыдап отырулары қиын болады. Солармен жұмыс жасаймыз. Қолынан жетелеп әкеп, отырғызып, маңдайынан сипап «сен жақсы баласың» дей жүріп оқытамыз. Бірнеше жылдық тәрбиеге сүйене отырып, баланы қалыптастырамыз. Бүгінде мектеп алды даярлық деген бар ғой. Ал, мен керісінше мектепке даярлық топқа бармаған баларды аламын. Себебі, өзім алғаш үйретіп, өзім басынан тәрбиелегенді дұрыс деп білемін. Мен балаларды еркін ұстағанды жақсы көремін. Кейбір балалар бар біліп тұрғанын айтқанға ұялып, жасып отырады. Сол балаларды алдыға шығарамын да «міне, қалай дұрыс айтып тұр» - деп ойын еркін айтуға көмектесіп, баланы ашуға тырысамын. Себебі, олай дейтінім, менің өзім де бала кезімде тұйық болғанмын. Кейіннен ашылдық қой. Осыдан кейін балаларды тұйық болмаса екен, ойын еркін жеткізе алса екен деп барымды саламын.Содан кейін мен балалар мазмұндама, шығарма жазғанда ішкі ойын айтса екен, соны жазса екен деймін. Балалар бүгінде бәрін біледі. Кейде олардың өз ойларын естігінде еріксіз таң қаласың. Ал, балаға ұрсып, зекитін болсаң бала ешнарсе айтпай қояды. Мен балалардың бір-бірімен ойларын бөлісіп, сөйлескенін қалаймын. Содан болар сыныбым әркез ұйымшыл. Бір- бірінің жағдайын, халін үнемі біліп отырады.

- Баланың өзіне деген шынайы махаббатын, биік құрметін алуы үшін ұстаз қандай болуы керек?

- Ұстаз қашанда алдында отырған оқушылырының психологиясын білуі керек. Сабақты үнемі жақсы оқитын «мен, мен» деген оқушыға ғана айтқыза бермей, үндемейтін балаларды сөйлетуге тырысу керек. Егер пысық балаларды ғана тыңдап соларды айтқыза берер болсаң, тұйық балалар сол қалпында қала береді. Сол үшін мен сабақты үш қатарға бөліп тастаймын. Бірінші сол сөйлемейді деген оқушыларды сөйлетіп аламын да, қортындылаған уақытта үлгерімі жақсы балалардан сұраймын.

- Сіздің ең алғашқы оқушыларыңыз Кеңес балалары еді ғой. Бүгінгі ХХІ ғасыр балалары мен сол екі буынның арасында айырмашылық бар ма?

- Менің алғашқы оқушылырым мен қазіргі оқушылырымның арасында айырмашылық деген өте көп. Ол кезде біз балаларға «олай деп айтуға болмайды, бұлай істеу жарамайды» деп үйрететінбіз. Ол кезде балалардың дүниені қабылдауы да басқаша болатын. Бүгінде ақпарат заманы болғаннан ба балалар, қажетті, қажетсіз, олқы дүниелердің бәрін көре беретін болды. Әрі санасына соны қабылдап алады. Оқушыларды бүгінде сабаққа қызықтыру да оңайға соқпайды. Бұрындары сабақта көрнекілік құралдардың бәрін көз майын тауысып қолдан жасап, сызатын болсақ, бүгінде оларды қолдану аздық етеді. Себебі, бала оларға қызықпайды. Баланы сабағыңа ұйытып, тыңдату үшін заман ағымына сай білім беруге тырысамын.

- Бала бойындағы дарындылық жайлы айтып берсеңіз.....

- Дарындылық деген ол бір бала бойындағы ашылмаған талап. Оны мұғалімнің көмегімен ашуға болады. Мысалы менің сыныбымда Диас Әбілқасым деген бала оқыды. Өзі өте ұяң болатын. Соған мен бірде «Сен ізденіс жұмыс жаса да, соны зертте» дедім. Содан ол өзін- өзі тану пәнінен «Аңыз адам» деген тақырыпта Н.Назарбаев туралы зерттеу жүргізді. Кітапханаларға барып, компютерден интернет арқылы бірнеше Елбасының өмірбаяны жайлы таңқаларлық мәліметтер жинады. Содан облыс бойынша екінші орынды жеңіп алды. Міне, дарындылық деген сол, мұғалім көмектескен жағдайда оның қабілеттері ашылады.

- Оқушыларыңызбен болған қызықты сәттерді еске алып, өткен күнге шолу жасасақ...

- Есімде қалғаны, жас кезіміздегі ауылда алғаш ұстаз болып жүрген кездегі бір оқиға еді. Мектепке таяу өзен ағып жататын. Оқушылыр соны жағалай жүретін. Содан бірде бір оқушым өзенді жағалай келе жатты да жүгіріп өткенде сөмкесі суға түсті де кетті. Сөмке ағып барады. Әлгі канал терең, ағысы да қатты болатын. Мен жаспын ғой, ойланбастан каналға секіріп түсіппін. Үстімнің бәрі малмандай су болып, оқушымның сөмкесін алып шықтым. Шыққан соң дір- дір етемін. Оқушы қыздарым «Апай не болып кетті. Сізді суға батып кетеме деп қорықтық» -деп шулап тұр. Сонда сөмкеде бары ескі кітаптар мен дәптерлер. Оның бәрін жаңадан алуға болады ғой. Ал, өзім сонда батып кетем ау, деп ойламаппын. Содан мектепке бардық, үстім шылқып тұр.Кейін осы жағдайды еске алып, талай күлгеніміз бар.

- Бүгінде оқушылырыңыздан үлкен азамат шыққандары бар ма?

- Ия, олардың біразы бүгінде ауылда агроном қызметін атқарып жүр, біразы басқа салада. Саратов мектебінде оқытқан Қанат Қабдолдаев атты оқушым Алакөл ауданында әкім болып отыр. Осы №4мектепте оқытқан Гүлім Сабырханова, Шынар Нармахан мектепті алтын белгіге бітірді. Айгерім Ибрагимова деген оқушым халықаралық ғылыми жобалар байқауында жеңіп алып, тест тапсырмай, сол сертификатпен телекоммуникацияда оқиды.

Бүгінде Күлжиан апай бір шаңырақтың қазығы. Ол мектептегі қызмет пен отбасындағы аналық борышты қатар алып жүре білген. Өзгенің баласын оқыта, тәрбиелей жүріп, өз балаларына да саналы тәрбие мен заңғар білім де берді. Қыздары анасының жолын қуып, ұстаз болды.

Сонымен қатар Күлжиан Телеубекқызы ұжымына, ортасына сыйлы. Мектепішілік мерекелерге ат салысып ,бел ортасында жүретін ұстазды әріптестері жоғары бағалайды. Әркез шынайылықты сүйетін, сезімтал жанды апайларын шәкірттері ардақ тұтады. Сүйікті ұстаздарын мектепті бітіріп, әлдеқашан өмір қияларына қанат қаққан оқушылары бір сәтке де жадыларынан шығарған емес. Мейірім мен шуаққа толы жаны жаз ұстаздың мейірімді жүзі расыменде айналасына өз шапағын шашып тұр десек артық болмас. Баланы оқытып, тәрбиелеу де үлкен шеберлікті, шыдымдылықты талап ететін өнегелі іс. Осындай ұстаз деген ұлы есімге лайық болған Күлжиан Құлбаеваның еңбегі жанып, ұстаздықтың шыңына жете берсін демекпіз.

Автор:
Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз