Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰБТ – КЕЙБIРЕУЛЕРДIҢ САЯСИ СОЙЫЛЫНА АЙНАЛМАҚ


23 ноября 2012, 16:01 | 1 659 просмотров


Ұлттық бiрыңғай тестiлеу мәселесi қазақстандық бiлiм беру жүйесiне енгiзiлгелi шуы басылмайтын сынаққа айналды. Оқушының бiлiм деңгейiн көрсететiн бұл тестiлеудi қолдап, қоштайтындар да жоқ емес. Керiсiнше оқушының бiлiмiн тежеп, психологиясына салмақ салады деп дабыл қағатындар да жеткiлiктi. Тест сынағын қолдаушылар оқушы жоғары оқу орнына өз бiлiмiмен, ешбiр сыбайлас жемқорлықсыз түсе алады деген пiкiрiн алға тартады. Сонымен қатар оқыған бала сынақтан да сүрiнбейдi деген уәжбен ҰБТ-ны қолдайтындар бұрынғы емтихан тапсыру әдiстерiнiң тиiмсiздiгiн айтысады. Қоғамда осындай түрлi пiкiр туғызып, ортақ мәмiлеге келуге “жол бермей” тұрған тестiлеу тақырыбын тағы қозғауға мәжбүр болдық.

ҰБТ туралы газетiмiзде аз жазылмады. Десек те, бұл жолы қо¬лымызға қалам алғызған мәжiлiсшi Дариға Назарбаеваның мәлiм¬демесi болғанын жасырмаймыз. Өткен аптада бiлiм министрiнiң атына сауал жолдаған ол ҰБТ- ның кесiрiнен талай оқушының өмiрi қиылғанын, елiмiзде суицидтiң арт¬қанын айтыпты. Дариға ханым Құқық жөнiндегi комитет пен бас прокуратураның арнайы есебiне сүйене отырып, елiмiзде 15-19 жас аралығындағы әрбiр он екiншi баланың өз-өзiне қол салуға әрекет ететiнiн мәлiмдедi. Оңтүстiк Қазақстан облысында былтырдың өзiнде оқушылар арасында суицидтiң елу жағдайы тiркелiптi. Осындай деректердi мысалға алған мәжiлiсшi: “Сарапшылар суицид¬тiң кең тараған түрiне отбасылық қаржылай қиындықтар мен оқушының көңiл күйiндегi өзгерiстер екенiн жасырмайды. Ал ҰБТ-дан кейiн Қазақстанда өзiне қол салушылардың саны күрт артыпты. 2009 жылы суицидтiң 209 жағдайы, ал 2010 жылы 237-сi тiркелген” деп, министр Бақытжан Жұмағұловтан осыған жауап беруiн сұрапты.

ҰБТ-ның оқу-бiлiм жүйесiне енгiзiлгенiне сегiз жылдан асты. Осыған дейiн талай оқушының осы бiр сынақты тапсыра алмай, өздерiне қол салғаны туралы оқтын-оқтын айтылды. Әдiлетсiздiкке төзбей, өмiрiн қиған мыңдаған оқушының ата-анасы мен жыл сайын ҰБТ кезiнде болатын сорақы жайттар БАҚ-та жиi көтерiлдi. Алайда әр-әр жерде болған суицид жағдайды бүгiнге дейiн ешбiр атқамiнер назарға алып, мәселенi шешу туралы үн шығармаған. Д.Назарбаеваның да тест сынағының сергелдеңi туралы мардымды сөз айтқаны осы бiрiншi рет. Кеш те болса, прези¬денттiң қызы бiлiм саласындағы бiр былықты “байқапты”. Осы қарқынынан таймаса, оның бiлiм министрлiгiндегi талай сорақылықты әшкерелейтiнi сөзсiз. Тек күркiреп бастап, күмiлжiп тоқтап қалмаса болғаны. Өйткенi бiр ұшын басқан таяқтың екiншi ұшы әлдекiмге оңбай тиедi емес пе. Осы жағын ескерiп, бiлiм саласын тазартуға бекiнсе, мәжiлiсшi ханымға сәттiлiк тiлеуге болады-ақ.

Жасөспiрiмдердiң өзiне қол салуына тест сынағынан басқа әлеуметтiк жағдайдың, қоршаған ортаның тiкелей себепшi екенiн өз сөзiнде Д.Назарбаева да айтып өттi. Олай болса, жалғыз ҰБТ мәселесiмен елдегi суицидтi тоқтатам десе, өзiнiң мықтап адасарын мәжiлiсшi бiлсе керек.

Әрбiр қазақстандық баланың толыққанды отбасыда қарны тоқ, киiмi көк, көңiлi тыныш өмiр сүруге хақысы бар. Ал бiздiң балалардың сексен пайызынан астамы қарабайыр күн кешiп, тозығы жеткен киiммен сабаққа баруға мәжбүр. Осы жағынан алғанда, оқушылардың өзiне қол салуының iргетасы сонау сәби шағында-ақ қаланып қоймай ма? Егер өр¬кениеттi елдердегiдей бiздiң балаларымызға да жер байлығынан өз үлесi бұйырса, жоқшылықтың азабын тартып, жаны күйзелмес едi. Тестiлеу сынағынан оқушының психологиялық қысымға ұшырап, аумалы-төкпелi жаста қате шешiм қабылдайтыны сөзсiз. Әйткенмен, қазақстандық оқушыларды өлiмге итермелейтiн себеп ҰБТ-дан бұрын әлеуметтiк проблема, қоғамдағы теңсiздiк пен әдiлетсiздiк екенiн ұмытпайық. Шетелде бiлiм алып, шалқып күн кешкен өзi сияқты қыз-жiгiттерге қарап жоқ-жiтiктен көз ашпайтын өзiнiң өмiрiн салыстыру – кез келген оқушыға тән заңды құбылыс. Ата-анасының қаржылай жағдайы мен өзгелердiң уайымсыз күн кешуiнiң сырын өзiнше зерттеп, зерделеген жеткiншек бұлай титықтап күн кешкенше, мәңгiлiк тыныштыққа кетуге бел буады. Елiмiздегi оқушылардың өзiне қол салу оқиғаларының түпкi себебi ең алдымен әлеуметтiк теңсiздiк пен әдiлетсiздiкте жатқанын мойындауға тиiспiз. Ұлттық бiрыңғай тестiлеу баланың соңғы шешiм қабылдауына түрткi болуы мүмкiн. Әрине, тест сынағындағы жүйке тоздырар жағдайлар мен балаға тiкелей қиянатын тигiзер мәсе¬лелердiң көптiгiн мойындаймыз. Десек те, Дариға ханымның “басынан шiрiген балықты” аяғынан тазалауға кiрiскенi түсiнiксiз. Әлде мұнысы да мәжiлiсшiнiң кезектi саяси ұпай жинау әдiсi ме екен?

Автор:
Меруерт ХУСАИНОВА, «Жас Алаш»