Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

АУЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ ЖОҒАРЫ БІЛІМГЕ ҚОЛДАРЫ ЖЕТПЕЙ БАРАДЫ


23 ноября 2012, 16:01 | 1 778 просмотров



Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде білім беру саласының сапасын жақсартып, қарқынды дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар атқарылуда. Салаға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы еліміздің ішкі жалпы өнімінің 5 пайызын құрайды. Жүздеген мектептер мен балабақшалар салынып, олардың материалдық базалары нығаюда. Мұғалімдердің жалақылары өсіп, олар қайта дайындалудан өтуде. Арнайы «Білім» телеарнасы ашылды. «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаматтығымыздың алдаспаны», деп атап көрсетті Елбасы Назарбаев Универси¬тетінде оқыған «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты дәрісінде.

Осы Елбасы талаптары тұрғысынан алғанда, халқымыздың 47пайызы тұратын ауылдық жерлерде білім беру сапасын арттыру әлі де көбірек көңіл бөлуді керек етеді. Өңірлерге барған сапарымыз барысындағы кездесулерде сайлаушылар жоғары білім алу ауыл жастарына қолжетімсіз болып бара жатқаны туралы мә¬се¬лелер көтерді. Өйткені, заманауи интерактивтік техникалармен жаб¬дықталған, материалдық-тех¬ни¬калық базасы жақсы дамыған қала мектептері мен тіпті Интернетке толық қосылмаған ауыл мектептеріндегі білім беру сапасын салыстыруға келмейді. Осы¬ның салдарынан ауыл түлектері жоғары оқу орындарына түсу ке¬зінде мемлекеттік грантты жеңіп алуда бәсекеге қабілетсіз болып, амал жоқ, ақылы оқу орнына түсуге мәжбүр. Ал, ақылы оқуды кез келген ауыл баласының қал¬тасы көтере бермейді. Алғашқы жылдары қолындағы малын сатып болса да баласын оқытқанды тәуір көретін ауыл тұрғанда¬ры¬ның жыл сайын қымбаттап бара жатқан оқу ақысын төлеуге шамасы жетпеуге айналды.

Еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі Қазақ-Британ техникалық уни¬вер¬ситетінің қаржы-мұнай сала¬сындағы мамандықтарының оқу ақысы жылына 1,5 млн. теңгеден асады. Ал оқудың ең арзаны 350-400 мың теңге аралығында. Бір үйде екі бала студент болса, жыл сайын оқу ақысының өзіне 700-800 мың теңге қаржы керек. Бұл жағдай көп балалы ауыл тұрғындарының мектеп бітіруші балаларының жоғары білім алу мүмкіндігін шектеуде. Осылай бола берсе, жоғары оқу орындарында тек мүмкіндігі бар азаматтардың балалары ғана оқитын болады. Талай ғалым мен дарындардың ауылдан, қарапайым отбасылардан шыққанын ескерсек, мұның өзі ауыл жастарына жасалып отыр¬ған әділетсіздік екені сөзсіз.

Әр жаңа оқу жылы сайын оқу ақысының өсе түсуі жалпы студенттер санының азаюына да ықпал етіп, елімізде мектептік орта білімді қанағат еткен жастардың санын көбейте түсуде. Мәселен, 2005-2006 оқу жылында еліміздегі жоғары оқу орындарында 775 762 студент білім алса, 2011-2012 оқу жылында студенттер саны 19 пайызға азайған. Бұл негізінен ауыл жастарының есебінен болып отыр.

Ауылдық жерлерде халқымыздың жартысына жуығы тұратынына қарамастан, жоғары оқу орындарына қабылданған студенттер ішінде ауыл жастарының үлесі жыл сайын азаюда. Мысалы: 2005-2006 оқу жылында жоғары оқу орындарына 90 324 ауыл жастары қабылданса, 2008 жылы оның саны 54 210 немесе 40 пайызға төмендеген. Ал 2009 жылдан бері мемлекеттік квота бойынша түскен ауыл жастарының санынан басқа ауыл жастарының оқуы туралы мәліметтер статистикалық бюллетеньдерден алынып тасталған.

Егер осылай жалғаса берсе, ертең халқымыздың да сапалық көрсеткіші төмендей берері анық. Бұл еліміздің болашағы үшін қауіпті. Сондықтан, салалық министрлік Үкіметтің көмегімен «Білімді ұрпақ – ұлт болашағы», деп Елбасы айтқандай, заманауи білім алған білікті мамандарды даярлау мақсатында ауылдық жерлердегі мектепке дейінгі және орта білім беретін ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, білім беру сапасын арттыру, жоғары оқу орындарына түсуге гранттар санын көбейту, оның ішінде ауыл жастарына квота көлемін ұлғайту, олардың жоғары оқу орындарына түсуі үшін дайындық курстарын ашу, ақылы оқу бағасын бақылауға алу, жоғары оқу орындары тарапынан әлеуметтік жағдайы төмен ауыл жастарына ақылы оқуға жеңілдіктер беру және ауыл жастарының жоғары білім алуын қолжетімді ету бойынша шаралар қарастыруы қажет деп білемін.

Автор:
Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты.