Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МЕМЛЕКЕТТІК БІЛІМ БЕРУ ЖИНАҚТАУ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ


23 ноября 2012, 16:01 | 2 022 просмотра


Бұл міндет 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік білім бағдарламасына енгізілген.

Жүйенің негізгі мақсаты – кәсіптік-техникалық, жоғары білім алуға мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмін енгізу.

Заң жобасы әлемдік тәжірибе негізінде дайындалды.

Мұндай Білім беру жинақтау жүйесі бірнеше елдерде бар.

Олар: Бельгия, Канада, Малайзия, Нидерланды, Сингапур, Испания, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ.

Мұндай шоттарда қаржы жинауға мемлекет жеңілдіктер мен субсидиялар беру арқылы қолдау көрсетеді.

Бұл тәжірибе заң жобасын әзірлеу кезінде ескерілді.

Біздің елімізде білім алуға қол жеткізуді қамтамасыз ететін 2 механизм бар.

Біріншісі – мемлекеттік гранттар. Студенттердің төрттен бірі мемлекеттік грант арқылы оқиды.

Екіншісі – мемлекет кепілдік беретін білім беру кредиттері.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі үшінші механизм болмақ. Ол:

- біріншіден, халыққа балаларын оқыту үшін қаржы жинауына жеңілдік жасайды;

- екіншіден, оқуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады.

Заң жобасында бұл жүйенің мынадай жұмыс істеу принципі қарастырылған.

Қазақстан Республикасының кез келген азаматы салымшы (вкладчик) бола алады. Ол қатысушы банкте білім беру жинақтау шотын ашады.

Осылардың бәрі ерікті түрде жүзеге асады.

Бұл шотқа салымшының өзі немесе басқа адамдар қаржы салады.

Олар ата-ана, туыстары, ұйымдар, тағы басқалар болуы мүмкін.

Заң жобасында олардың шеңбері шектелмеген.

Алғашқы жарна (взнос) – 3 айлық есептік көрсеткіштен (МРП) басталады.

Келесі салымдар мен олардың мерзімін салымшы немесе басқа да енгізуші адам өздері біледі, өздері анықтайды.

Жинақталған қаржы үш бөліктен тұрады.

Бірінші – бұл салымшы немесе басқа адам салған ақша.

Екінші – банктің ай сайын ақшаны капиталға айналдыра отырып, сыйақы беруі.

Бұлар кәдімгі банктегі депозиттер сияқты жүзеге асады.

Сонымен қатар, үшінші бөлігі – мемлекеттің сыйақысы.

Ол осы заң жобасында белгіленеді.

Сыйақы мөлшері, жинақталған ақшаның көлеміне қарай – жылына 5 пайыз.

Ал, кейбір басымдық берілген адамдар топтары үшін (жетім балалар, мүгедектер, көп балалы және табысы аз отбасылар) – 7%.

Мемлекеттің сыйақысы бойынша табыс салығы (подоходный налог) алынбайды.

Азаматтардың білім беру жинағына (5 млн. теңгеге дейін) депозиттерді сақтау қоры арқылы мемлекет кепілдік береді.

Бұл жинақтар Қазақстан Республикасында, сонымен қатар шетелде де тек білім алуға жұмсалады.

Заң жобасында салымшының оқуға төлеу тәртібі нақты көрсетілген.

Төлем – оқудың барлық кезеңіне немесе қысқа мерзімдер бойынша енгізілуі мүмкін. Мысалы, жинақтауды жалғастыра отырып, семестр бойынша да бөліп төлеуге болады.

Заң жобасында салымшының мемлекет сыйақысын сақтай отырып, білім беру жинақтау салымының қаражатын алу құқығы қарастырылған. Сонымен қатар, жинақталған қаражатты мақсатты пайдалану шартымен оны үшінші тұлғаға жіберу құқығы да көзделген.

Егер жинақталған қаражат өз мақсатына жұмсалмаса, онда мемлекет сыйақысы бюджетке қайтарылады. Нақты айтсақ:

- Негізгі мақсаты сақталмай, салымшының бастамасы бойынша шарт мерзімінен бұрын немесе аяқталуына байланысты бұзылса;

- Салымшының оқудан шығарылған күнінен бастап 3 жыл өтсе;

- Салымшының Қазақстан Республикасы азаматтығы жойылған жағдайда.

Жинақтау жүйесіне заң жобасында белгіленген талаптарға жауап беретін екінші деңгейлі банктер ғана қатыса алады;

- лицензиясының болуы;

- облыстарда, Астана және Алматы қалаларында филиалдардың болуы;

- бақылау органдарының санкцияларының жоқтығы.

Банктер ерікті түрде қатысады.

Жобада қатысушылардың функциялары, механизмдері және өзара байланыс тәртібі нақты жазылған.

Танысу үшін жобада белгіленген нормалар бойынша бір мысал келтірейін .

Мысалы, ата-ана 10 жастағы баласы үшін депозит ашып, жинақтау мерзімі бойынша 7 жылды таңдайды дейік.

Алғашқы жарна (первоначальный взнос) 5000 теңгені құраса, кейінгі жарналар ай сайын – 15000 теңге.

Банкінің сыйақасы – 8%, мемлекеттікі – 5%.

Жинақтау мерзімінің соңына дейін, бала 17 жасқа толғанда, оның сомасы 2 млн. 75 мың теңге болады.

Сонда салымшының салған қаражаты – 60%, банкінің сыйақасы – 23%, мемлекеттікі – 17%.

Салымшының басым санаттары үшін мемлекет тарапынан сыйақы одан да көп болуы мүмкін.

Осылайша, салымшылардың білімге жұмсайтын қаржысының біршама бөлігін мемлекет өз мойнына алып отыр.

Шамамен алғанда – 15-20%.

Бұл – мемлекет пен азаматтың арасындағы мемлекеттік-жеке әріптестіктің түбегейлі жаңа механизмі.

Автор:
ҚР БҒМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ