Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БІЛІМ ЖҮЙЕСІН ЕҢБЕК НАРЫҒЫНЫҢ ТАЛАПТАРЫНА СӘЙКЕСТЕНДІРУ ҚАЖЕТ


23 ноября 2012, 16:02 | 1 758 просмотров



ҚР Білім және ғылым министрі Б.Т. Жұмағұловтың «Елбасының жастар саясаты мәселелері бойынша берген тапсырмаларын іске асыру туралы» ҚР Үкіметі отырысында сөйлеген сөзі.

Астана, 2012 жылғы 20 қараша.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды. Биылғы жылы Президент жастар саясатын жетілдіру бойынша бірнеше іргелі тапсырмалар берді. Бұл міндеттер Жолдауда, Қазақстан халқы Ассамблеясында сөйлеген сөзінде, бағдарламалық мақаласында, Назарбаев университетіндегі дәрісінде және «Жас Отанның» ІІ съезінде қойылды. Аталған тапсырмалар бойынша мынадай жұмыстар атқарылуда.

Бірінші. Басқарудың түбегейлі жаңа институционалды моделі жасалды.

Министрлік құрамында Жастар ісі комитеті, аймақтарда – тиісті басқармалар құрылды. ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес жұмысының форматы жаңарды. Елбасының тапсырмасына сәйкес жастар саясаты жөніндегі аймақтық кеңестерді әкімдер басқарады.

Осылардың бәрі жауапкершілік деңгейін арттырады.

Екінші. Жастардың негізгі «әлеуметтік лифтісі» ретінде білімнің рөлі артуда. Соңғы 10 жылда арнаулы орта білімі бар қазақстандықтардың саны 40%-ға, жоғары білімі барлар– 3 еседен артық өсті. Саны жағынан, бұл әлемдік тенденцияға сай келеді. Жоғары білім бойынша бұл көрсеткіш тіпті асып түседі. Сондықтан қазіргі уақытта ең бастысы – білімнің сапасы және оған деген сұраныстың болуы. Елбасының осы талаптарын орындау үшін кәсіптік білім жүйесі жұмыс берушілер мен еңбек нарығы талаптарына сай келуі қажет. Техникалық және кәсіптік білім жүйесінде соңғы 2-3 жыл ішінде осы бағыт бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Оған бөлінген қаржы 3 есе өсті. Бұрын көптеген жылдар бойы гуманитарлық мамандықтар басым болып келген. Ал, қазір кадрлар даярлау жүйесі нарықтағы нақты сұранысқа сай болып келе жатыр. Жұмыс берушілер техникалық және кәсіптік білім жүйесінде белсенді жұмыс жүргізуде. Олар кадрлар даярлауды басқарудың жоғары органдары – Ұлттық кеңестің, салалық және аймақтық кеңестердің жұмысына қатысады. Нақты көрсеткіштер слайдта көрсетілген. Ең бастысы, Елбасының тапсырмасы бойынша оқытудың дуальді жүйесі кең көлемде енгізілуде. Ендігі міндет – жоғары білім жүйесін еңбек нарығының талаптарына сәйкестендіру қажет. Қазіргі уақытта оның жеке меншік сегменті көбінесе халықтың сұранысына байланысты болып жатыр.

Нәтижесінде көптеген бітірушілер жұмысқа орналасуда қиындыққа тап болуда. Мемлекеттік тапсырыс бойынша мамандар даярлау нарық сұранысына бағытталып жатыр. Енді мемлекеттік, жекеменшік сегменттерде кешенді шараларды жүзеге асырамыз. Оған жұмыс берушілер қатысады. Кәсіптік стандарттар әзірленеді, тәуелсіз біліктілікті растау енгізіледі.

Осылардың бәрі – білім сапасының өсуін және мамандарға қажеттілікті қамтамасыз етеді. Бұл – білімді, жастарды «әлеуметтік лифтіге» айналдырудың басты шарты.

Үшінші. Тәрбие жұмысын күшейту. Бұл бағытта Оқыту процесінің тәрбие компонентін күшейту бойынша үлгілік кешенді жоспар қабылданды. Ол 2013 жылдан бастап іске асырылады. Үкімет Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарын қабылдады. Біз жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алуға барынша назар аударамыз. Барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының басшылары үшін Дін істері агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатысуымен тұрақты кеңестер өткіземіз. Аталған жұмыстар бұдан әрі күшейтілетін болады.

Елімізде жастар ұйымдарының саны өсуде. Олардың құрылымы мен шоғырлануы өзекті болып отыр. Бұл процесте «Жас Отан», 10 ірі республикалық жастар ұйымы және «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы маңызды орын алады. Жастар ұйымдарын шоғырландыру – жаңадан құрылған Жастар ісі комитетінің басты міндеттерінің бірі.

Төртінші. Елбасының тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы бойынша «Нұр Отан» партиясымен, «Жас Отанмен» және т.б. ұйымдармен бірігіп, жұмыс жалғасуда.

Жаңа Тұжырымдаманың мазмұны ерекше. Онда білім алушы жастар ғана емес, сонымен қатар, ауылдық, жұмысшы, өз бетінше жұмыс істейтін, жұмыссыз, маргиналды және тағы басқа барлық санаттағы жастар мәселесі де толығымен қарастырылуда. Тұжырымдама жобасы 11 бағыттан тұрады. Жоба жастар арасында қызу талқылануда. Жобаға Елбасы ұсынған барлық базалық ұсыныстар қосылатын болады.

Бесінші. Жастарды жұмыспен қамту. 2001 жылмен салыстырғанда жастардың жұмыссыздық деңгейі 4 есеге азайып, 3,8%-ды құрап отыр.

Бұл көрсеткіш Еуропа мен ТМД елдерінде шамамен 18%, ал кейбір елдерде 40%-дан асады. Біздің елімізде жастарды жұмыспен қамту мәселесі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы және басқа да әлеуметтік маңызы бар жобалар арқылы іске асады. Атап айтқанда, «Жасыл ел» жобасы. Оған 7 жылдың ішінде 160 мыңнан астам студент және жұмыссыз жастар тартылды.

«Дипломмен ауылға» жобасы бойынша жұмысқа орналасқан педагогтердің саны 1,8 есеге, дәрігерлердің саны 2,7 есеге артты. «Жастар саясаты» жобасының арқасында соңғы 3 жыл ішінде 50 мыңнан астам бітіруші тұрақты жұмысқа орналасты. Бұдан басқа да көптеген жобалар іске асуда.

Сонымен қатар, алаңдаушылық туғызатын бірқатар мәселелер де бар.

Бірінші – жұмыссыз жастар құрамының өзгеруі. Жұмыссыздық деңгейі жалпы азайып келе жатқанымен, олардың арасында жоғары және кәсіптік-техникалық білімі бар жастар көп. Екінші – өз бетімен жұмыс істейтіндердің саны азаймай отыр. Ол – 2 млн-нан астам адамды құрайды. Үшінші – техникалық және жоғары оқу орнын бітірушілердің едәуір пайызы жұмысқа орналаспай отыр. Білім жүйесі оларды бірнеше ай қадағалап отырады. Кейін олар назардан тыс қалады. Мұндай жағдайларға жол бермеу керек. Сондықтан, жастарды жұмысқа орналасуға қолдау көрсетудің жаңа кешенді жүйесін құру қажет.

Бұл жүйеге Еңбек министрлігі, Білім және ғылым министрлігі және басқа министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар толығымен қатысуы тиіс.

Жаңа жүйе – жастарды жұмысқа орналастыруға нақты және толық мониторингті жүзеге асырады.

Ең бастысы, жұмысқа орналасуға нақты көмек көрсетеді.

Бұл арада, жергілікті атқарушы органдардың, ірі кәсіпорындардың рөлі өте маңызды. Әсіресе индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасы мен бизнес жол картасына қатысушылардың орны айрықша.

Мұндай жүйені енгізу, Елбасы «Жас Отанның» ІІ съезінде айтып өткен Арнайы бағдарламасының маңызды позициясына айналуы тиіс.

Сонымен қатар, бұл жүйе, Елбасының жастар саясаты бойынша тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енуі қажет.

Осындай жоспарды әзірлеуге барлық орталық және жергілікті басқару органдары қатысуы тиіс деп ойлаймын.

Елбасының жаңа тапсырмаларына сәйкес әзірленіп жатқан «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.

Автор:
ҚР БҒМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ