Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА


7 декабря 2012, 14:40 | 2 064 просмотра



«Ұстаз болу – жүректің батырлығы» - дейді дана халқымыз. Ел тізгінін ұстаған басшыдан, қарапайым қара жұмысшыға дейін бас иетін құдіретке ие ұстаздар қауымына деген қандай марапат, мақтау айтсақ та жарасары анық. Күн демей, түн демей шәкірт санасына білімнің дәнін сеуіп, үлкен өмірге қанат қақтыратын ұстаздардың алдында бас имеске шараң жоқ. Осы орайда «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлы Абайдың ұлағатты сөзі еріксіз еске оралады. Сондай ұстаздық етуден жалықпаған, бар ғұмырын білім саласына арнағандардың бірі де бірегейі – Маман Дәуітұлы Оспанов ағамыз. Ол өзінің бар өмірін саналы ұрпақ тәрбиесі жолындағы сапалы қызметке арнады. Білім беру саласы жолында өзіне жүктелген мақсат-міндеттерді үлкен жауапкершілікпен орындай білді. Маман Дәуітұлы жалпыбілім беретін және кәсіптік мектептерде білім реформаларының оңтайлы жүзеге асуына өз үлесін қосумен қатар, білім ошақтарына мұқтаж мекендерде жаңа оқу ордаларының іргесі қаланып, қабырғасының бой көтеріп, жастардың игілігі үшін қызмет етуіне де өзіндік үлесін қосты.

ӨМІРДЕРЕК:

Маман Дәуітұлы ОСПАНОВ – 1936 жылы Көксу ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген. 1955 жылы Үштөбе қаласындағы №16 орта мектепті бітіріп, сол жылы Жаркент қаласындағы педагогикалық училищенің студенті атанады. 1957 жылы аталмыш білім ордасын бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Алғаш еңбек жолын Маман аға туған ауылы – Талаптыда бастауыш сынып мұғалімі қызметінен бастайды. 1964 жылы Абай атындағы педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, 1969 жылы математика мамандығы бойынша білім алып шығады. 1965 жылы Талапты орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, 1970 жылы Көксу ауданы, Энгельс орта мектебінің директоры қызметін атқарады. 1979-1990 жылдар аралығында Маман Оспанов Кербұлақ аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі, инспекторы, Облыстық білім беру басқармасы бастығының бірінші орынбасары және Талдықорған қалалық №3 көркемсурет және қолөнері жоғары кәсіптік лицейдің директоры болса, 1998 жылдан бастап Талапты орта мектебінің директоры қызметінде жүріп, 2005 жылы сол қара шаңырақ, білім ордасынан құрметпен зейнетке шығады.

Ел тізгінін ұстаған ағамыздың еңбегі ерен. Бұған: 1976-1984 жылдары «Жастарға білім, тәрбие берудегі сіңірген еңбегі үшін», «Қазақ КСР халыққа білім беру ісінің озық қызметкері», 1996 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің озаты», Қазақстан Білім министірлігі, облыстық, аудандық атқару комитетінің алғыс хаттары, Көксу және Кербұлақ аудандарының құрметті азаматы атағы мен марапат-мадақтары және биылғы жылғы ұстаздар мерекесі қарсаңындағы білім министірі – Бақытжан Жұмағұловтың қолымен табыс етілген марапат қағазы дәлел.

Әке шешімін тыңдап, сенімін ақтаған жас бала.

Маман Дәуітұлы бала кезден зерек болып өсіп, қатарлас-замандастарының алдында жүретін. Оның білімге деген ынта-жігерінің ерекшелігін байқаған әкесі – Дәуіт Оспанұлы баласына мұғалім мамандығын таңда деген ұсыныс, тілегін білдіреді. Әкеге қарсы шықпайтын, әке ақылын өмірлік ұран етіп ұстанатын бозбала әкесінің ақ батасын алып, Жаркент қаласындағы педагогикалық училищеге қарай жол тартады. Әкенің сенімі мен ақ батасын арқау еткен жас, аталмыш білім ошағының табалдырығын аттайды. Көзді ашып-жұмғанша студенттік қызыққа толы өмір қақпасын жауып, үлкен өмір терезесін қағар сәт те келіп жетеді. Аталмыш оқу орынын Маман Дәуітұлы бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп шығады. 1957 жылы оқу бітірген соң Маман Оспанов еңбек жолын өзінің туып-өскен жері – Талапты ауылының жеті жылдық мектебінде бастауыш сынып мұғалімі қызметінен бастайды. Біліктілігі мен білімі ұштасқан жас маман табанды да тапқыр мінезімен, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығымен көзге түсіп, аталмыш мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметіне дейің көтеріледі. Осы жылдар аралығында білім саласы деңгейін көтеру мақсатымен Қазақтың Абай атындағы педагогткалық институтына сырттай оқуға түсіп, 1969 жылы математика мамандығы бойынша бітіріп шығады. Мектепте қызмет ете жүріп, спортқа деген жақындығымен ерекшеленген Маман аға жас спортшыларды түрлі жарыстарға да дайындап, тәлімгерлерінің барлығы да спорт шыңдарының биігенен көрінеді. Бойындағы ерекше зиялылықпен, асқан жауапкершілікпен аудандық білім бөлімінің назарына іліккен ұстазды 1970 жылы Көксу ауданында жаңадан бой көтерген Энгельс атындағы орта мектептің алғашқы директоры етіп тағайындайды. Басшылық қызметті қолына алған азамат аталмыш мектептің жанынан ашылған шопан балаларына арналған интернаттың жұмысын да өз қарауына алып, интернат жұмысының жақсаруына үлкен үлес қосады.

Ауданға адал қызмет етті...

Адал да елеулі еңбек ете білуімен дараланған тәжірибелі маманды ендігі кезекте Кербұлақ ауданына жібереді. 1979 жылы еңбек жолын Кербұлақ аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметімен жалғастырған білікті маман жас ұрпаққа білім берудегі өзіндік дара әдіс-тәсілдерімен білім сапасын көтеруге назар аудара білді. 1984 жылы Маман Дәуітұлының басқармасындағы мектептер мен мектепке дейінгі шағын орталығы бар мекемелерді жаңа оқу жылына даярлау мен оны материалдық базалық технологиялармен жабдықтау барысында Кербұлақ аудандық білім бөліміне Қазақ КСР білім министірлігі мен Республика кәсіподағының Қызыл туы берілді. Бұл жетістік – Маман Оспановтың тынымсыз еңбегінің жемісі мен аудан жеңісі еді.

«Мұғалімді тек оқушылар ғана емес, бүкіл халық сыйлап,

құрмет тұтты...»

- Білім беру ісінің басты шағы, нағыз кірпіші қаланып келе жатқан уақытта қызмет атқаруға тура келді. Ол уақыттарда жылына 35-40 мектепке дейін салынатын. Сол кезде ұстанған «адалдық» қағидасы бәрімізді тынымсыз, ерінбей еңбек етуге, әр істі асқан жауапкершілікпен орындауға жетеледі. Ол кезде мұғалім оқушылар үшін іс-қимылымен, жүріс-тұрысымен, сөзімен үлгі бола білді. Сол себепті де мұғалімдер қауымына қойылар талап та қатал болды. Ұстаз деген ұғым үлкен мәртебеге ие болатын. Оқушы санасында ұстаз – тұғыры биік, адам санасына парасат пен білімнің дәнін себуші болды. Сондықтан, мұғалімді тек оқушы ғана емес, бүкіл халық сыйлап, құрмет тұтты – деп өткен күннің естелігін тебірене еске алды Маман Дәуітұлы.

- Маман аға, қаламыздағы №3 көркемсурет және қолөнер жоғары кәсіптік лицейінің ашылуына ұйтқы болғаныңызды білеміз. Осы жайында айтып беріңізші?

- Кербұлақ ауданына қызмет атқарған жылдардан соң облыстық мамандар кәсібін дамыту институтында біраз қызмет атқардым. Ол жерде басшы кадрларды дайындайтын бөлім болатын. Сонда мектеп директорлары, білім бөлімінің меңгерушілері білімдерін жетілдіріп отырды. 1991 жылы институтта жұмыс істеп жүргенде №1 жол қатынастар училищесі болған. Соны жауып орнына басқа оқу бөлімін ашу керек болды. Бірақ ол жөнінде ешкім әлі ұсыныс білдірмеген. Сол кезеңдерде мені талантты балаларды дайындау туралы ой мазалап жүрген болатын. Осыған орай сол кездегі облыстық білім басқармасы бастығына көркемсурет, өнер училищесін ашу туралы ұсынысымды жоғарғы жақ қабылдады. Бірақ, бұл ұсыныс ол кезде білім саласына емес, мәдениет басқармасына қарайтын. Сол себепті ұсынысты іске асыру үшін Мәдениет министірінің рұқсатын алу керек еді. Мақсатты іске асыру барысында мен болашақ училищенің жұмыс жоспарын министірлікке тапсырдым. Ол кісі ұсынысымды қуаттап, өз келісімін берді. Міне, осылайша Жетісу өңіріндегі №3 көркемсурет, қолөнер жоғары кәсіптік лицейінің ашылуына ұйытқы болған жайым бар.

- Аталмыш лицейде балалар нені, қандай мамандықтың қыр - сырын біліп шықты?

- Онда білім алған балалар сурет салуға,алтынмен, күміспен, мыс, темірме, таспен, ағашпен жұмыс жасай білуге маманданды. Осының барлығын жастарға үйрету үшін жан-жақтан білікті мамандар жинадық. Сонау Семей, Алматы, Өскемен қалаларынан келіп жұмыс істеген азаматтар да болды. Бұл білім мен өнердің ордасы болған қара шаңырақты бірнеше жыл басқардым. 1998 жылы туған ауылыма қайта оралып, Талапты орта мектебінің директоры қызметін атқардым. 2005 жылы зейнеткерлікке шығар алдында тозығы жеткен мектеп ғимаратын үлкейтіп қайта салуға тура келді. Осылайша ел алдындағы адал қызметімнің нүктесі ретінде перзенттік парызымды өтеп барып, құрметті демалысқа шықтым.

- Бүгінгі таңда білім саласында болып жатқан өзгерістер туралы қандай ой айтар едіңіз?

- Байқап қарасақ 1958 жылдан бері білім саласында болған өзгерістер аз емес. Десек те, әр нәрсенің жақсы да жаман да жағы болары анық. 2008 жылдан бері 12 жылдық оқуға көшу жүйесі қолған алынғаны белгілі. Ал жаңа үрдістегі әлемдік жүйеге сай білімді ұрпақ тәрбиелеп шығару үшін алдымен ұстаз жан-жақты болуы шарт. Осы тұрғыда біріншіден, кадр дайындау мәселесіне аса көңіл бөлу керек. Олар курстан өтіп жатыр дегенмен де, ары қарайғы жұмысын алып кете ала ма, соған баса назар аударған жөн. Екіншіден, материалдық-техникалық база толық жабдықталған болуы керек. Мәселен, 12 жылдықты оқыған жағдайда түлектер қай мамандықты таңдайды? Сол мамандық бойынша жұмыспен толыққанды қамтуға мектеп дайын ба? Осы жағына ден қойған жөн. Қазір мектептерде психолог маман жұмыс істейді. Менің ойымша, солар балалардың қай бағытқа бейім екендіктерін анықтап, болашақта олардың мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдай білулеріне көмектескендері дұрыс болар еді.

- Маман Дәуітұлы, педагогика саласынан басқа да салаға жақындығыңыз бар ма?

- Негізі өзім бала кезден спортқа жақын болатынмын. Сол себепті де қай жерде, қандай қызметте болмасын ең алдымен балалардың денсаулығына аса мән беретінмін. Атап айтар болсам спорттың: воллейбол, баскетбол, футбол, жеңіл атлетиканы дамыту жолына көп көңіл бөлдім. Ол үшін арнайы облыстық спорт мектептерінен бапкерлер жалдап, балаларды спортқа баулыған кездер де болды. Нәтижесінде, мектебімізден жүзден аса спорт саңлақтары шықты. Сол кезде ұлдармен қатар бір қызымыз да спорт саласында жақсы жақтарынан көрініп, Кеңес одағындағы кез-келген медициналық институтқа тегін түсуге жолдама алған болатын. Кейіннен Алматыдағы медициналық институтты бітіріп шықты. Қазіргі таңда Ресейдегі беделді денсаулық сақтау мекемесінде хирург болып адал қызметін атқаруда.

- Өнер саласында өз орнын тапқан тәлімгерлеріңіз бар ма?

- Балаларды өнерге баулуда да үлкен жетістіктерге жеттік десек те болады. Кезінде жалпы саны жүз жиырмаға жуық баланы өнерге тартып, олардың арасынан ерешке талантты дегендері ішінен саз аспаптар оркестрін құрдық. Қазіргі кезде республикалық дәрежеде өнер көрсетіп, ел алғысына бөленіп жүргендері де аз емес.

- Әңгімеңізге рахмет!

Иә. Ұстаз үшін шәкіртінің биік белестерден көрініп, өмірлік жолын адаспай таба білгенін көргеннен асқан бақыт жоқ шығар. Ендеше зор мәртебеге ие, ұстаздық ұлы жүрекпен бала жүрегіне нәзік жол таба білген Маман Оспановтың шәкірттері де қазіргі таңда әр салада абыройлы қызмет атқарып жүрген жандар. Олардың көбісі ұстаздық жолды таңдап, ұлы тұлға болған ұлағатты ұстаздарының ұлық ізін жалғастырушылар. Ұлағаты мол ұстаз шәкірттерімен әлі күнге кездесіп тұрады. Сондай сәттерде ұстаздың өткен жолдары еріксіз көз алдынан сағымдай самғап өтіп, санасында жаңғырады. Кешегі бүлдіршін баланың алаңсыз бейнесі мен бүгінгі байсалды азамат тұлғасын ойша салыстыра қарайды. Шәкірттерінің жақсы жолда жүріп, биіктерді бағындыра білулері қарт ұстаздың көңіліне қуаныш сезімін ұялатады.

Отбасы жайлы...

Маман Дәуітұлы өз ісінің білікті маманы, ұлағатты ұстаз, абыройлы азамат қана емес, өмірлік қосағы – Қайшабала апай екеуі екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасының тірегі. Қазіргі таңда ұстаз отбасынан өрген Гүләйім, Бауыржан, Күләш, Гүлмира, Бақытжан, Диляра есімді ұл-қыздары өз алдыларына отбасын құрып, сан салада салиқалы қызмет атқарып жүрген азаматтар. Бала бақытын көріп, немере қуанышына кенеліп отырған отағасы бүгінде ақылын айтар әке, даналығын дәріптер ата деген абыройлы, асқақ атқа ие. « Зейнетке шыққаннан кейінгі әр күнім бақытқа толы болып өтуде. Балаларымның қызығын көріп, немерелерімнің бал қылығына сүйсініп отырудан асқан бақыт бар ма?! » - деп шүкіршілік етті кейіпкеріміз сұхбат соңында.

Асыл арман мен ерен еңбек адамды биікке жетелейді, көкке кең құлаш жая самғатады. Жастайынан білімге құштар, өнердің құдіретін терең түсіне білетін Маман Дәуітұлының шыққан биігі ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана қазақ. Сандаған шәкірт тәрбиелеп, ғылымға сүбелі үлес қосқан қазақтың осындай шоқтығы биік азаматтарының болуы келешек ұрпақ үшін үлкен мақтаныш, зор мәртебе екендігін айта келе, мақаламызды:

«Алдыңнан талай асу бел көрінді,

Тым ұзақ таусылмайтын жол көрінді.

Бәрі де біліміңнің берекесі,

Бүгін ел бағалайды еңбегіңді»- деген өлең жолдарымен аяқтаймыз.

Автор:
Әйгерім БАҚТЫБАЕВА өз тілшіміз