Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

САЯСАТ-2012


28 декабря 2012, 16:38 | 1 875 просмотров



Әлемдік саясатта 2012 жылы не болды? Әрине, бірнеше мемлекеттерде президент сайлауы өтті. Кедендік Одақтасымыз, әрі жақын көршіміз Ресей наурыз айында президент сайлауын өткізді. Жеңіске Владимир Путин жетті, ал Дмитрий Медведев дәстүр бойынша премьер-министр болып тағайындалды. Халықаралық сарапшылар сайлау ешбір құқық бұзушылықсыз өтті деп тұжырымдады.

Францияда өткен президент сайлауында Франсуа Оланд 28,63% дауыс жинап, Николя Саркозиден озды. Ал Мысырдың жаңа президенті Мұхаммед Мурсиге 13,23 миллион халық дауыс беріп, жалпы 51,7%-ды құрады.

Алайда бүкіл әлем назары АҚШ-тағы президент сайлауында болды. Сайлау алды компаниясы қаңтар айынан басталып, 2012 жылдың қарашасына дейін созылды. Санға мән берсек, сайлау алды компанияларына 5,9 миллиард АҚШ доллары жұмсалған, сонда әрбір дауыс берушіге 50 доллар жұмсалыпты. Ал 10 қараша күні Барак Обама 332 дауыспен 206 дауыс жинаған Митт Ромниден озып, АҚШ-тың 45-ші президенті болып, Time журналының нұсқасы бойынша «Жыл адамы» атағын иеленді.

Қараша айында тағы да бір маңызды саяси оқиға орын алды. Қытайда партияның басшылары ауысты. Қытай Коммунисттік партиясының 18-съезінде саяси бюросы, саяси бюросының ОК тұрақты комитеті және компартияның бас хатшысы сайланды. Бас хатшы болып Си Цзиньпин тағайындалды.

Төраға қызметіне Си Цзинпин 2013 жылдың наурыз айында кіріседі. Дегенмен Бейжің саяси бағыты өзегермейді, қытай басшылығы дәстүрлі түрде бір бағытты оншақты жыл ұстанады.

Ерекше атап өтетін оқиғаның бірі – Грузияда 1-қазанда өткен парламент сайлауындағы оппозиция жеңісі. Миллиардер Бидзины Иванишвилидің «Грузинская мечта» партиясы сайлауда партиялық тізім бойынша 54,85% дауыс жинап, 40,43% жинаған Михаил Саакашвилидің «Единое национальное движение» басқарушы партиясынан озды. Сайлау қортытындысына Тбилиси шетіндегі Глдан түрмесінде орын алған шулы оқиға әсер етті. Түрмеде болған ұрып соғу және зорлау кадрлары тәуелсіз телеарналарда көрсетілген еді. Сөйтіп Грузияның әр түпкірінде бұқараның қарсылық әрекеттері болып өтті.

Сонымен қатар, Оңтүстік Корея тарихында бірінші рет Президент әйел сайланды. «Сэнури» консервативті партиясының өкілі Пак Кын Хе ханым 50,1 % дауыс жинап қарсыласы Біріккен демократиялық оппозиция өклі Мун Чже Иннен озып шықты. Пак Кын Хе өз қызметіне 2013 жылдың ақпан айында кіріседі.

Қазақстан саясатында қандай есте қаларлық оқиғалар орын алды? Біріншіден, үкімет басшысының ауысуы. Президент Жарлығымен Серік Ахметов Үкімет басшысы қызметіне тағайындалды. Өз өтінішімен Премьер-министр қызметінен босаған Кәрім Мәсімов Президент Әкімшілігінің басшысы болып, жауапты лауазымға тағайындалды. Екіншіден, елімізде тағы бір демалыс күні пайда болды. 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күні болып жарияланып, тойланып өтті. Тұңғыш Президент күнін тойлап өткенен кейін, 16-желтоқсан Тәуелсіздікті тойлауға кірістік те, Елбасы атқарылған істерді қорытындылап жаңа бағыт берді. Сонымен Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа бағыты» деген атаумен кезекті жолдау халыққа жетті.

Автор:
Бетті дайындаған: Мәдина ОМАРҚҰЛОВА