Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«ҚИЯНАТ ПЕН КЕК» НЕМЕСЕ АДАМДАР ӘРЕКЕТІ ДҰРЫС ПА? (ЖАЗУШЫ М.ӘУЕЗОВТІҢ «КӨКСЕРЕК» ХИКАЯТЫ БОЙЫНША ДЕБАТ-ПІКІРСАЙЫС САБАҒЫ)


11 января 2013, 01:05 | 4 759 просмотров



Сабақтың мақсаты:

Білімділік: М.Әуезовтің «Көксерек» хикаятымен тереңірек танысу, хикаяттың айтар ойына, хикаяттағы іс-әрекеттерге екі түрлі көзқараста баға беру;

Дамытушылық: өз пікірін дәлелдемелер мен айғақтарға сүйене отырып қорғай білуге үйрету, сөйлеу мәдениетіне баулу, өзгенің пікірін тыңдай білу, қарсы оралымды да нанымды пікір айта білуге үйрету;

Тәрбиелік: адалдыққа, табиғатқа қамқор болуға, әр қадамын ойланып істеуге тәрбиелеу.

Сабақтың типі: Бекіту сабағы

Сабақтың түрі: дебат-пікірсайыс сабағы

Әдіс-тәсілдер: мәтінмен жұмыс, пікір айту, өз пікірін дәлелдеу, дәлел- дәйектермен сөйлеу, сұрақ-жауап

Сабақтың көрнекілігі: М.Әуезов портреті, слаидтар, М.Әуезов шығармалары бойынша буклет, нақыл сөздер, т.б.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі

ІІ. Мақсат қою кезеңі

ІІІ. Бекіту кезеңі

ІV. Қорытындылау

І. Ұйымдастыру кезеңі.

Мұғалім сөзі:

- Балалар, сендермен бірге оқып жүрген сүйікті пәніміз әдебиеттің адам үшін қандай маңызы бар? Қалай ойлайсыңдар? (Оқушылар өз пікірін айтады).

-Иә, әдебиет арқылы біз өмірді танимыз. Әдебиет өмірді таныта отырып, адамды тәрбиелейді.

Ой қозғау. Қай ақын, қай жазушының шығармасын алып қарасақ та, табиғат назардан тыс қалған емес. Ендеше мына сөйлемге назар аударайық.

Табиғат - күллі тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя, тал бесігі.

- Осы сөйлемді естігенде ойларыңа не келеді? Табиғат дегеніміз не? Қалай түсінесіңдер?

- Табиғат – халық қазынасы

- Табиғат дегеніміз – қоршаған орта.

- Дұрыс айтасыңдар, балалар. Біздің бүгінгі әңгімеміз кеше ғана өзіміз оқып танысқан, көркем фильм арқылы жақсы білетін Көксерек, оның иесі Құрмаш және осы шығармадағы адамдардың іс-әрекеті туралы өрбімек. Шығарманың оқиғалық желісі, яғни сюжеті Көксерек іс-әрекетіне байланысты өрбіп, дамиды. Сондықтан біз осы шығарманың композициялық құрылысына талдау жасап көрейік.

1. Оқиғаның басталуы - Қасқырлар мекені. Бөлтіріктің тағдыры.

2. Байланысы – Көксеректің ұяластарымен табысуы.

3. Дамуы – Қарадыр еліндегі мазасыздық.

4. Шарықтау шегі – Құрмаштың қазасы.

5. Шешімі - Көксеректің жазасын тартуы.

Міне, шығарманың негізгі оқиғасы да есімізге түсті. Басты кейіпкерлер кімдер? (Иә, қасқырлар мен адамдар). Олай болса, біз қазір топ болып жұмыс жүргізейік. Әр топтыің жетекшісі мына бағалау парағына өз тобынан жауап берген оқушыларды бағалап отырсын.

«Топтастыру» әдісі. Екі топқа «Адам» және «Қасқыр» сөздері жазылған плакат беріледі. Осы сөздер бойынша топ мүшелері қасқыр мен адамға қатысты сөздер мен сөз тіркестерінен сипаттама жазады. Әр топ өз тапсырмасын қорғайды.

«Еркін жауап» стратегиясы. Сабағымызды жалғастыра отырып, проблемалық сипаттағы талдау сұрақтарына еркін жауап берсек.

1. Көксерек туралы ел адамдары не деді?

2. Көксеректі жауыздыққа итермелеген де, Құрмашқа ауыз салдырған да қандай жағдай?

3. Ауыл адамдары Көксеректі неге жек көрді, жазалады? Осы жазаға өзің қалай қарайсың?

4. Көксеректің жауыздық істеген себебін қалай түсіндірер едің?

Балалар, шығарманы оқу барысында көкейімізде әлі де жауабы табылмаған сұрақтар қалғаны белгілі. Ұлы жазушының «Көксерек» хикаяты үлкен трагедиямен аяқталады. Неліктен жазушы осындай шешімге келді?

Біз сабағымыздың жалғасын дебат-пікірсайыс түрінде жалғастырсақ.

Шығарманы оқыған кезде туындаған «Адамдар әрекеті дұрыс па?» - деген сауалға біз екі түрлі жауап алдық. Мектебіміздің әдебиетші ұстаздарының бірі: «Менің пікірімше, адамдар әрекеті дұрыс. Қасқыр – түз тағысы. Ол адамды адам деп ешқашан да аяған емес. Ал адамның оны аяуы - осалдық»,- деп бағаласа, екінші бір әдебиетші ұстазымыз: «Менің ойымша, бұл хикаятты жазудағы Мұхтар ағаның ойы адамдар әрекетінің дұрыс емес екендігін таныту, адамдар қолымен табиғатқа жасалған қиянаттың ақыры немен тынатынын паш ету. Адамдардың қатыгездігі аңның да ашуын туғызады», - деп бағалады.

Ендеше, балалар, біз бүгінгі сабағымызда «Адамдар әрекеті дұрыс па?» деген сұраққа екі түрлі көзқарас тұрғысынан баға беріп, өз пікірімізді ортаға саламыз. Оқушылар екі топқа бөлінеді. «Жігер» - жақтаушы топ, «Дарын» - даттаушы топ.

Сайысты жақтаушы топ «Жігер» бастайды. Ұстанымы: «адамдар әрекеті дұрыс». Оқушылар өз пікірлерімен сәйкес айғақтарды өздері шығармадан тауып, пікірлерін дәлелдейді.

«Дарын» даттаушы тобының ұстанымы «адамдар әрекеті дұрыс емес». Екі топтың мүшелері өз пікірлерін, өз ұстанымдарын айғақ-деректермен дәлелдеп, пікір таластырады. Қарсы топқа сұрақтар қойылады. Пікірталас соңында сарапшылар екі топтың сөйлеу қабілетін, өз ойын дәл жеткізуін, шешендік өнерін ескере отырып, сараптама жасайды.

Түйіндеме. «Көксерек» хикаятында жазушы қасқырдың мінез-құлқы, өзіне тән табиғи қасиеттерін тақырып етіп алып, айнала қоршаған табиғаттың өз заңы, өзіндік ерекшелігі бар, оны адамдардың түсіне білуі қажет деген ойды білдіреді.

Оқушылардан қасқырға қатысты білетін мақал-мәтелдері сұралады.

Үй тапсырмасы: «Адам және табиғат» тақырыбында шығарма жазу. Оқушылар білімін бағалау.

Сабақты қорытындылау.

Әй, табиғат! Шеберсің-ау, шеберсің,

Көрмегенді көрсетерсің, берерсің.

Ұлан-ғайыр байлығыңды місе етпей,

Ашкөзденген адамдарға не дерсің?!

Айың анау, күнің мынау, жер, міне,

Ау, адамдар!

Жетпей жатыр енді не?

Табиғатқа таласпаңдар, ағайын,

Асырайды ол сені, мені, елді де!

Автор:
Амангүл ИМАНҒАЛИЕВА №29 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Көкқайнар ауылы,Іле ауданы