Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Кітап – адамның рухани жан серігі


28 января 2010, 23:40 | 3 055 просмотров



Сәлеметсіздер ме аға, әпкелер!

Мен сіздерге Райымбек ауданы, Кеген ауылынан хат жолдап отырмын. Мен Алла бұйыртса, журналистика саласына барғым келіп жүр. Сол үшін дайындалып жүрмін. Мен әр түрлі баспасөздерге мақала беріп жүремін. Бұл жолғы мақаламның негізгі идеясы оқушыларды өз бетінше кітап оқуға үндеу, тарту. Бұндай тақырыптағы шығармамды мен сіздерге жібергенді жөн көрдім. Менің анам – мұғалім. Сіздердің «Білім шапағаты» газеттеріңізді үзбей оқиды. Мен біраз қарап, көтеріп, жазып жүрген идеяларыңызды көріп қызықтым. Жақында редакторларыңыздың «Жетісу» телеарнасына берген сұхбатын көрдім. Сонда оқушылардың да шығармаларын жариялайтындарыңызды естідім.Сол себепті, менің бұл шығармамды жариялауларыңызды өтінемін. Жарияласаңыздар, мен сіздерге әлі талай толғағы қысқан мақалаларды жіберемін. Қатесі болса кешіріңіздер, мақала жазуға жаңа төселіп жүрмін. Жұмыстарыңызға табыс, шығармашылық өркендеу тілеймін.

Кітап пайда болғалы бері мыңдаған жылдар өтсе де, өз қадірін жойған жоқ, жоймайды да. Керісінше, адамзат баласының рухани жан серігіне айналды. Кітап өзін оқыған адамды әп-сәтте сиқырымен баурап алып, өмірдің жеке ағып жатқан өзен арнасына батырғандай, тұңғиық иіріміне тартып әкетеді. Өзінен оқырманына білімнің барлық қазынасын ашып береді.

Ата-аналарымыз, ұстаздарымыз бізге үнемі «Кітап оқыңдар, көздерің ашылады, ой-өрістерің дамиды» деп айтатын. Ол кісілердің осы бір ұлағатты сөздерін мен жадымда сақтап, өмір ұстанымдарымның бірі етіп, кітап оқуға көштім. Кішкентай кезімнен әпкеммен бірге орталық кітапханаға жазылып, жасыма сай ертегі, эпостық дастандар, әңгімелерді оқып, есейе келе үлкен әдебиеттегі өзіміздің ақын-жазушыларымыздың кітаптарын оқыдым. Кітап оқығалы бері бұрынғыдай таяз ойлаудан ада болып, біршама ақыл толып, ес біле бастадым. Мектеп бағдарламасында терең оқылмайтын ақын-жазушыларымыздың шығармаларымен өзім оқыған кітаптар арқылы таныстым. Шығармадағы әр түрлі қасиеттегі кейіпкерлер, сол замандағы әлеуметтік хал-ахуал жайы, тарих пәнінде терең бойлайтын тың тақырыптар, өз отанымыз бен жеріміздің тарихын, алмағайып замандарды, халқымыздың көрген қорлық пен ұлы нәубеттерді басынан өткерген сәттерін білдім. Әр кітапты оқыған сайын рухани кемелденіп, саяси санам жетіле түсті.

Кітап оқығанымның тағы бір пайдасы мектептегі әдебиет пен тарих сабағында мол болды. Мысалы: әр түрлі пәндерде өтіп жатқан тақырыпты, сол туралы мазмұнды мен өзім оқыған кітаптардан мәліметтер еске түсіп, сабақтың тақырыбын кең ауқымды, терең мазмұнды біліп отыратынмын. Мұғалімге сабақ айтқанда өзімнің өтіп жатқан тақырыпқа қатысты өзімнің білетін мәліметтерімді айтатынмын.

Біз сияқты мектеп оқушылары үшін кітап оқудың пайдасы өте көп. Оқушының өз бетімен оқыған кітаптан жан-дүниесі, адамгершілігі мен рухани сауаты, тіл байлығымен қоса өз ойын оның жеткізе білу қабілеті дамиды. Ел мен жер тарихын, өз халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін, әдебиетін, қазақ ұлтының хандары мен билерін, елге ерлігімен көрінген батырларымызды, асыл да текті қазағымыздың арман, мақсатына айнал-

ған тәуелсіздік жолындағы өрелі істері жету жолындағы тартқан тауқыметті біліп өседі. Рухани кемелденген жаста елжанды, отансүйгіш қабілеті бойында қалыптасады.

Шынында да, қазір жастар кітап оқуды сиретіп бара жатыр. Бұл дегеніміз жастардың ертең қуыс кеуде, рухани жан дүниесі жұтаң болары сөзсіз. Кешегі кеңес заманында білім алған оқушылардың өз бетінше кітапты көп оқығанын білеміз, тіптен баспадан жаңадан шыққан кітаптардың өзін таласып оқыған дегенді естиміз. Ал, бүгінде керісінше қазір кез-келген ересек оқушыдан «мынау қай автордың кітабы?» деп сұрамақ түгіл, «осы кезге дейін қанша кітап оқыдың?» деп ұрасаңыз кібіртіктеп жауап бере алмай қалады.

Жастардың кітап оқудан ұзағанын зерттеп сараласақ басты себеп – мынандай. Бүгінгі техниканың дамыған заманында мектеп оқушыларының көңіл аңсарларын компьютер, телевизор сияқтылар өзіне қарай жаулап алған, кітапханаға барып, жазылып кітап алып оқитын оқушы өте аз. Бідің ауылда үш орта мектеп бар, ал осы үш орта мектептен жиырмаға жуық бала ғана орталық кітапханаға жазылып кітап алады. Міне, бұдан қандай қорытынды шығаруға болады?! Тұрғыластарыма айтарым, бәрі де кітап оқып, кітапқа үйір болса екен!

Автор:
Назар ТҰРЫҚБАЙҰЛЫ, Ө. Жаңабаев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Райымбек ауданы