Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОЙ-ӨРІСІН ДАМЫТУДА МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ


18 января 2013, 01:25 | 5 668 просмотров



Өзге ұлт өкілдерінің тілін дамыту – қазіргі білім саласында оқу-тәрбие ісіндегі басты проблема. Орыс тілді оқушыларға қазақ тілін оқытудағы басты мақсат – қазақ тілінде сөйлей білуге, өз ойын айта білуге, жаза білуге үйрету, сондықтан да коммуникативтік қарым-қатынас бірінші орында тұрады. Қазақ тілі сабақтарындағы тіл дамыту жұмыстары оқушылардың жалпы ойын дамытуға бағытталады.

Мақал – мәтелдер ғасырлар шежіресі. Мақал-мәтелдер ой дәлелдігімен, тереңдігімен, ықшамдылығымен ерекшеленеді. Онда өмірдің сан алуан құбылыстарына баға беріліп, үлкен түйін жасалады. Мақал-мәтел жас жеткіншектерді сөз қадірін білуге, мейірімді, кеңпейіл, сезімтал болуға, жақсы мен жаманды, қастық пен достықты ажырата білуге баулиды. «Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» дегендей, мақал-мәтелдің өн бойынан поэзияға тән жинақылық, үнділік, саздылық, ұйқас, ырғақты кездестіреміз. Онда басы артық бір сөз болмайды. Барлығы өз орнында.

Әр түрлі тақырыптағы мақал-мәтелдерді тек оқушы қиялында ғана дамытпай, оны күнделікті өмірде де қолдануға мүмкіндік туғызуға болады. Мен қазақ тілі мен әдебиет сабағында мақал-мәтелдерді қолдана отырып, оқушылардың ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда қандай тиімді жолмен ұсынуға болатындығы туралы мәселелерді қарастырдым. Ол үшін ең алдымен оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру, өтілетін тақырыппен, пәнді тығыз байланыстыру керек.

Күнделікті тақырыпқа байланысты екі немесе үш сөйлем (мақал-мәтел) алып, оның мазмұны мен мәніне тоқталып, оқушылардың дәптерлеріне жаздырамын. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін өткен кезде «Қына тасқа бітеді, білім басқа бітеді», «Шешен кісі сөз бастар», көсем кісі ел бастар» секілді мақал-мәтелдерді оқушыларға талдатқызамын.

Бастауыш пен баяндауыштың арасына сызықша қойылу себебі оқушының барлығының есінде тұра бермейді. «Еңбек – ата, жер – ана», «Көңіл – дария, көз – айна», «Талап – тұлпар, білім – сұңқар» деген мақалдарды оқушыларға оқытып, бастауыш пен баяндауышын тапқызып, астын сыздырамын, сызықшаның қойылу себебін, қай жолмен жасалып тұрғанын айтқызамын.

Анықтауышты өткен кезде «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», «Жақсының ашуы жібек орамал кепкенше» деген мақал-мәтелдерді оқыта отырып, сұрақ қойдыртып, анықтауышты тапқызамын. Қай сөз табынан жасалғанына назар аудартамын.

Толықтауышты өткенде «Қызға қырық үйден тыю», «Жақсыға сөз ілеседі, жаманға бөз ілеседі», «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген толықтауышы бар мақалдарға оқушылармен бірге талдау жасаймыз.

Пысықтауышты өткенде «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады», «Ерінбеген етікші болады» деген мақал-мәтелдерден пысықтауышты тапқызамын.

Септік жалғауларын өткен кезде де мақал-мәтелдерді тиімді қолдануға болады. Атау септік: «Ақыл азбайды, білім тозбайды», ілік септік: «Шешеннің сөзі – мерген, шебердің көзі – мерген», «Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің наны тәтті», «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», «Жердің сәні – егін, ердің сәні – білім», барыс септігін өткен кезде: «Атаға қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», «Байлық қуған бәлеге жолығады, жолды қуған қазынаға жолығады». Табыс септігін өткенде: «Семіздікті қой көтереді», «Көпті сөкпе, кенді төкпе», «Көпті жамандама – көретін елің, жерді жамандама – өсетін егін» т.б.

Жатыс септігін өткенде: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», шығыс септігін өткенде: «Ерлік тәрбиеден туады», «Жақсыдан әкім қойсаң, елді күзетер, жаманнан әкім қойсаң, елді жүдетер», «Алып – анадан, ат – биеден, аруана - түйеден» т.б. Көмектес септігінде: «Көппен көрген – ұлы той», «Оқу – инемен құдық қазғандай», «Жақсымен дос болсаң жетерсің мұратқа, жаманмен дос болсаң қаларсың ұятқа».

Антоним, синоним, омонимдерді өткенде де мақал-мәтелдерді ұтымды пайдалануға болады. Антоним сөздерден жасалған мақалдарды тауып жазу, антонимдердің қай сөз табынан жасалғанын айту, мысалы: «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат», « Тамыр болдың айтыс жоқ, қолдан бердің қайтыс жоқ», «Алғыға қарап пікір ет, артқыға қарап шүкір ет», «Кәрліктің алды – жігіттіктің соңы», «Адам бір терінің ішінде – толады да солады да».

Одан басқа, оқушыларға мынадай тапсырмаларды орындатуға болады:

Қатыстық сын есімдерді бар мақалдарды жазу, мысалы: «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды», «Жақсы кісінің ашуы, жібек орамал кепкенше», «Әдепсіз бала - аяққа басылған шала».

Құрамында көмекші есім кездесетін мақалдарды тауып жазу. Мысалы: «Ел іші – алтын бесік», «Ырыс алды – ынтымақ», «Тау мен тасты су бұзар, ер арасын қу бұзар»

Тәуелдік жалғаулы сөзі бар мақалдарды жазу. Мысалы: «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан». «Жеңгесі» - оның жеңгесі – тәуелдік жалғау, жекеше түрінде, 3-жақ. «Жаманға айтқан ақылың, дала атқан оқпен тең». «Ақылың» - сенің ақылың – т.ж. 2- жақ, жекеше түрінде.

Тапсырма: Берілген мақалдардағы есімшелерді тауып және мақалдардың мазмұнын ашу. Мысалы: «Бүлінген елден, бүлдіргі алма», «Көпті жамандаған – көмусіз калар», «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер».

Мақал-мәтелдің қалған бөлігін тауып жазу және сөздерге морфологиялық талдау жасау, мысалы: «Сабыр түбі ... », «Балалы үйдің ... », «Ағайыныңды іске шақырма, ... ». Мақал құрамындағы бір сөзді ғана атап, сол сөзі бар мақалды табу, мысалы: « Тіл ... », жауабы: «Тіл – қылыштан өткір», « Өнер алды ... », жауабы: «Өнер алды – қызыл тіл».

Мақал-мәтелдердің орыс тіліндегі баламасын тауып айтып, жаттатқызу, мысалы: «Ердің атын еңбек шығарады» - Человека прославляет труд, « Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» - Не рой другому яму, сам упадешь, «Өлгенше үйрен» - Век живи, век учись.

Оқушыларға мақалдардың қазақша баламасын таптыру, мысалы: «Воспитание ребенка начинается с колыбели», «Вторая телега идет по следу первой», «Жизнь без друзей, что есть пищу без соли», «Когда людей нет и собака друг».

Сонымен қатар, «Мақалды толықтыр», «Мақалды құрастыр», «Кім жылдам?», «Кім көп біледі?» деген ойын-тапсырмалар арқылы оқушыларға мақал-мәтелдердердің мән-мағынасын ашып беріп, олардың құндылығын түсіндіруге болады.

Әр сабақ – мұғалім үшін көркем шығармашылық. Ол үшін күнделікті сабаққа дайындық барысында оқушыларға сабақты қалай өткізудің жолдарын алдын-ала жоспарлап, үйге тапсырма ретінде газет-журналдардан немесе көркем шығармадан мақал-мәтелдерді өтілген сабаққа байланысты жазып келуге немесе талдауға беріп, тәрбиелік мәні жоғары сөйлемдерді көбірек қамтуды көздеймін.

Мақал-мәтелдерді күнделікті өмірде пайдалана отырып, тиімді қолдана білудің маңызы зор деп білемін. Сабақ барысында мақал-мәтелдерді кеңінен пайдалансақ, оның тәрбиелік мүмкіндігі, сонымен қатар сабақтың ұтымды өтуіне мол ықпалы бар екендігіне көз жеткізуге болады. Сондықтан да оқушылар алған білімдерін өз қажеттілігіне ғана пайдаланып қоймай, сонымен қатар өзгелермен де бөліссе ұтымды амал болып табылар еді.

Автор:
Самал БОТАНТАЕВА, № 17 кәсіптік лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Текелі қаласы