Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ШАРЫҚТАҒАН БАҒА ТУРАЛЫ


18 января 2013, 01:27 | 1 167 просмотров


Қазақстанда 2013 жылғы күнкөріс минимумы 18660 теңгені құрады, ал кедейлік шегі 7464 теңге. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш біршама өскен. Алайда жаңа жылдан бері тұрғын коммуналдық қызмет түрлері де өскені белгілі. Елімізде жалақы, зейнетақы немесе күнкөріс минимумы өскен сайын тауар, азық-түлік және коммуналдық қызметтің де бағасы шарықтайтын «дәстүрлі» үрдіс бар екені аян. Сонымен 2013 жылдың сандары не деп сөйлейді? Өткен жылдарда жағдай қандай еді, биыл қандай болмақ.

Қазақстан Республикасының «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа есептік көрсеткіштер белгіленді. Осыған орай, ең төменгі жалақы көлемі 18 660 теңгені құрайды. Мемлекеттік базалық зейнетақы көлемі – 9 330 теңгені, ең аз зейнетақы көлемі – 19 066 теңгені құрайды. Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді төлеу, сондай-ақ, айыппұл санкциялары мен басқа да салықтар төлемдері үшін айлық есептік көрсеткіш – 1 731 теңгені құрайды.

Сонымен 2013 жылға ең төменгі күн көріс деңгейі 18660 теңгені құрады. Кедейлік шегі күнкөріс минимумының 40%-на тең. Күнкөріс минимумы 18660 теңге болса, кедейлік шегі -7464 теңге.

Ұлттық банк Қазақстанда 2013 жылы инфляция деңгейі 2012 жылдың көрсеткішіндей болады деп айтылған еді.

Қазақстанда 2012 жылы инфляция 6%-ды құрады. Бұл туралы баспасөз-конференция барсында Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко хабарлады. Оның сөзі бойынша бұл болжанған инфляция деңгейінің ең төменгі көрсеткіші. 2012 жылы инфляция ақылы төлемдердің 9,3%-ға қымбаттауы негізінде қалыптасты. Азық-түлік тауарлар бағамы 5,3%-ға қымбаттаса, басқа тауарлар бағасы 3,5-ға көтерілген еді.

Статистика агенттігінің дерегіне сүйенсек, пошта қызметінің бағасы 56,5 пайызға, байланыс 12,2 пайыз, көлік 12 пайыз және білім беру 11 пайызға қымбаттапты.

Ал тұрғын коммуналдық қызметтің бағасы 8,2 пайызға өскен. Оның ішінде ыстық су бағасы -10,8 пайызға және электрқуаты 10,1 пайызға қымбаттаған. Алайда жаңа жылдан кейін де коммуналдық қызметтің барлық түрлері тағы қымбаттады. Зейнетақы, жалақымыз өсіп, қалтамыз қампаймайды. Алған ақшаны сол арада төлеп жоқ қыламыз. Қазақстанның әр аймағынан күн сайын жарық қымбаттады, су қымбаттады, жылу бағасы өсті деп жаңалықтар естиміз. Кеше электр энергиясының бағасы Алматыда өссе, бүгін Батыс өңірінде қымбаттады. Бұл жаңа жылдан кейінгі үйреншікті жағдай болып кетті. Су бағасы да қалта көтермейтін болып барады. Еліміздің үш аймағында бірден су және кәріз қызметінің бағасы қымбаттаған. Ақтөбе, Оңтүстік-Қазақстан және Жамбыл облыстарында кәріз қызметіне бұрыңғы төлемнен жартысынан көп төлейтін болды. Ал еліміздің кейбір аймақтарында ауыз су тіпті 97%-ға қымбаттаған. Еліміздің антимонополияшылары бағаның шарықтауын су тазалайтын химиялық затттар мен электр қуатының қымбаттауы және бағаны саралау жаңа жүйесін енгізумен түсіндіреді. Яғни, суды аз қолданғандар аз төлейді. Ал керісінше, сауна, көлік жуу орындарының меншік иелері қыруар қаржы төлейді. «Судың да сұрауы бар» деген қағиданы ұстанбайтындардың да қалтасы біршама жеңілдейді. Мысалы, Ақтөбеде суды көп ағызбайтындар оның бір кубометріне 49 теңге төлесе, суды аямай ағызатындар дәл сондай көлемге 85 теңге төлейтін болды. Жақын арада жаңа тарифтерге еліміздің барлық аймақтары да көшеді деген сыбыс бар.

2013 жылдың алғашқы күндерінен бастап жолаушыларды теміржолмен тасымалдау бағасы 12 %-ға, сумен жабдықтау тарифтері үш өңірде 16,7%-дан 97 %-ға дейін артты. Кәріз жүйесі қызмет түрінің құны үш өңірде 51%-ден 57 %-ға дейін өсті. Электр энергиясының бағасы 2,4%-тен 11,9%-ға дейін аралықта 15 өңірде көтерілді. Жылумен қамтамасыз ету тарифі үш өңірде – Атырауда (20%), Батыс Қазақстан (25%) және Павлодар (8,57%) облыстарында қымбаттаған.

«Коммуналдық қызметтер тарифіне ішкі және сыртқы нарықтағы көптеген факторлар әсер етеді. Атап айтқанда, отын, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, жөндеу жұмыстары және т.б. Аталған тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасы нарыққа бағынады»,– деді Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов 14 қаңтар күні болған ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің орталығында өткен баспасөз мәслихатында. Осы баспасөз маслихатында коммуналдық тарифтер ең арзан және ең қымбат өңірлер аталды.

Сумен жабдықтау және кәріз қызметтерінің тарифі ең жоғары қала – Ақтау. Жан басына шаққанда, ҚҚС-ны есептемегенде 166,40 теңгені құрайды. Ақтауда ауыз су теңізден алынады. Оны тазартатын кәсіпорынның шығыны айтарлықтай көп. Электр энергиясы бойынша ең жоғарғы баға – Алматыда, ҚҚС-ны қоспағанда, бір киловаты 13,56 теңгені құрады. Дегенмен, ең арзан электр энергиясы Маңғыстау облысында тіркеліпті– 4,05 теңге. Алматыда жылу қымбат– орташа тариф 4249 тг. Жылудың ең төменгі бағасы Павлодар облысында – 1584 теңге.

Өткен жылы ішінде көмір 80 пайызға (Солтүстік Қазақстан обл.), газ 21 пайызға (Қызылорда обл.) және мазут 25 пайызға (Алматы обл.) қымбаттаған.

Коммуналдық төлемдер бұл бір мәселе, бұған қоса азық-түлік мәселесі де бар. Адамға бірінші керегі азық-түлік. Азық-түлік бағасы да жыл сайын өседі. Биылғы жылы жағдай қалай болатынын әлі көре жатармыз. Ал өткен жылдың соңғы айында 2011 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда азық – түлік бағасы 5,3 пайызға қымбаттаған. Еттің бағасының жалпы өсуі 9,5 пайызға көтеріліп, оның ішінде қой еті - 11,6 , сиыр еті – 11,1 , жылқы – 10,8 , құс еті – 5,7 , шұжық – 5,1 пайызға өскені белгілі. Сонымен қатар адамдардың күнделікті тамақтануына қажет ұн - 7,6 , макарон өнімдері мен балық - 7,5 , кофе, шай – 5,5 , кондитер өнімі 5,0 , жеміс пен көкөніс – 4,8 , сүт өнімдері – 3,8 , нан– 2,5, пайызға өсіп отыр. Мереке кезінде азық-түлік бағасы тіпті шарықтайды. Қарапайым халық үшін бағаның сәл өсуінің өзі қиынға соғады. Қазірдің өзінде базардағы бағаның бірте-бірте өсе бастағанын байқаймыз.

Шыны керек, кедейлік шегі деп белгіленген -7464 теңгеге бүгінгі шарықтаған бағалармен азық-түлік те ала алмайсың, не тұрғын коммуналдық төлемдерге де жеткізе алмайсың.

Қымбатшылық халықты қысады, алайда халық бұндай «дәстүрлі үрдіске» тіпті үйреніп кеткендей. Баға өскен кезде бәрі наразылық білдіреді, бірақ кейін қымбатшылыққа да көнеді.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА