Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ІЗДЕНІС ИГІЛІГІ мұратына жеткізген ұлағатты ұстаз жайлы бір үзік сыр


18 января 2013, 01:28 | 1 304 просмотра



Данышпан ақын Абай айтқандай, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген тәмсілді Кеңесбек Аманбекұлы сынды ұлағатты ұстаздарға арналган іспетті десе, еш артықтығы жоқ дер едік, Неге десеңіз, ол барлық саналы ғұмырын мектеп шәкірттерін тәрбиелеп, оларға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісінде өз ізденесінің игілігін көріп, рахатына риясыз ырзалығын білдіріп отырған, бүгінде жетпіс бестің биік белесіне шығып, сексеннің сеңгіріне қарай бет түзеген білімді де білікті әрі өз ісінің білгірі ретінде ел-жұртына танылған жоғары санаттағы дәрежесі биік ұстаз.

Қарапайым еңбеккер Аманбектің отбасында өскен өрен Балқаш ауданының орталығындағы Бақанас орта мектебін ойдағыдай бітіргеннен кейін, ел қатарды бірден жоғары білім беретін оқу орнына түсуге барып бағын сынап көруге басқалардың балаларынан қалыспай аттануды армандағанымен, сол кездеғі тұрмыстық жағдайға орай, ауылда қалып еңбек етуге бекінді. Ата-анасының демеуімен өмірлік еңбек қадамын өзінің туып-өскен жеріндегі Жиделі жетіжылдық мектебінде бастауыш сыныптың мұғалім болудан бастады. Мұнда екі жылдай жұмыс істеп, алды-артын аңғарып, шамалы болсада тәжірибе жинақтаған өрен ұзтаздық кәсіптің қыр-сырын жетік меңгеруді мұрат тұтып, жоғары кәсіби мамандық алуға ұмтылыс жасайды. Осы мақсат-арман жетегімен Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының жаратылыстану факультетінде оқып, химия-биология мамандығын игеруді ұйғарады да, осы бөлімге құжаттарын тапсырады. Емтихан сынақтарынан мүдірмей өтіп, көптен армандаған мақсатына жетіп, студенттер қатарына қосылады. Жоғары білімді маман деген күректей дипломды алған соң, Балқаш ауданындағы шалғайға орналасқан Қараой ауылындағы «Үлгілі» орта мектебіне жолдамамен барып, жұмысқа орналасады.

Жоғары оқу орнынан алған мамандығына сәйкес химия-биология және ауылшаруашылығы негіздері пәндерінен сабақ бере жүріп, өндірістік оқу ісінің меңгерушісі міндетін қоса атқарады. Жасынан сабақ беріп, азды-көпті тәжірибе жинақтаған жас маман жаңа ұжымда да өз міндетін тындырымды атқаруға құлшына кіріседі. Білімін біліктілікпен ұштастырып, жаңалықтарды өндіріске енгізуге талпынады. Кеңесбектің бастамасымен мектеп жанынан оқу-тіжірибе учаскесі ұйымдастырылады. Онда жұмыс істейтіндер оқушылар қатарынан іріктелініп алынып, арнайы бригада жасақталады, Ол өзінің тиімділігін көрсетіп, оқушыларды еңбекке баулу мен кәсіби мамандыққа үйретудің жаңа бағыт-бағдары анықталады. Өндірістік оқытудың және бригада құрудың тәжірибесі жинақталып қорытылып, оны аудан мектептеріне тарату жөнінде арнайы шешім қабылданып, барлық мектептердің игілікті ісіне айналады. Жақсы бастаманы жаппай қолдаушылық білдіріліп, облыс көлемінде семинар-кеңестер өткізіледі. Соның нәтижесінде мектептерде өндірістік оқу өмірмен тығыз байланыстырыла жүргізіліп, оқушылар машинатану сабағына қатысып. шофер. трактормст, слесарь, дәнекерлеуші, ағаш өңдеу шебері және басқа кәсіби мамандықтарды игеруге ден қоя бастайды. Мұндай игі іс Кеңесбектің беделін көтеріп, абыройын арттыра түседі. Аудан басшылары да К. Аманбекұлының бастамашылдығына, оны жүзеге асырудағы іскерлігіне ризалық білдіреді. Оған үлкен жауапкершілік жүктеліп, мектеп ұжымын жеке басқару қызметіне жоғарылатылып, Балатопар ауылындағы Жамбыл атындағы мектептің директоры болып тағайындалады. Бұл мектепте де жақсы бастамаларды жүзеге асырып, оқу-тәрбие ісін талапқа сай ұйымдастыруымен басшылар назарына ілігеді. Бұдан кейін шәкірттерге білім беру ісін дұрыс жолға қою үшін Құйған ауылындағы Бозжанов атындағы, Ақши ауылындағы Ленин атындағы орта мектептерінің директоры болып істейді. Кеңесбек қайда, қай жерде істемесін өзінің іскерлік қабілетімен ерекшелініп. ұстаздарды жасөспірімдерді тәрбиелеу ісіне жұдырықтай жұмылждыра білетін басшы ретінде танылып жүреді.

Алматы облысындығы Балқаш ауданынан енші алып жаңадан Күрті ауданы құрылған тұста Кеңесбек Аманбекұлы осы ауданның оқу бөлімін басқару сеніммен тапсырылады. Жаңа ауданда әдепкі кезде барлық салада жетіспеушік шаш-етектен еді. Оның үстіне аудан облыс орталығы Алматы қаласынан да шалғай жатыр. Аудандық дәрежедегі лауазымдарға жаңа тағайындалған басшылар өз міндеттерін ойдағыдай атқаруға жапа-тармағай қызу кірісіп жатқан кез. Күрделі мәселелер өте көп. Оңтайлы шешімін қалай табу керек. Осылар жөнінде көп ойланып, сан толғанып жүргенде «Болар істің басына, жаксы келер қасына» дегендей, жаңа аудан Ақши өңірінің тыныс-тіршілігімен танысуға КОКП Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев пен Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшасы Асанбай Асқаров және басқа да лауызымды қызметкерлер келе қалғаны бар. Олар Күрті аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Б. Тұрысжановтың бастауымен Кеңесбек Аманбекұлы басқарған аудандық оқу бөліміне де келіп, тар үйде тығылып отырған жай-күйін көзбен көріп, шешімін таппай тұрған күрделі мәселелерді талдап, оған қандай көмек керектігіне баса назар аударады.

Д. Қонаев жылы жүзді ақпейілдік қалып танытып, кішіпейілдікпен ашық әңгіме үстінде Күрті аудандық оқу бөлімінің басшысы Кеңесбек Аманбекұлынан әуелі мектептердің материалдық-техникалық базасының қандайлығына, оқулықтармен қалай қамтамасыз етілгеніне, жаңа бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына, мұғалімдер мен тәрбиешілердің сапалық құрамына, жас мамандармен толықтырылу барысына, олардың тұрмыстық жайдайына, тұрғын үйлермен қамтамасыз ету жайына, балабақшалардың бар-жоғын тәппіштеп сұрап, бәрін мұқият тыңдайды да, қасында тұрған облыс пен аудан басшыларына қарап: «Мына айтылған әңгімелердегі мәселелер толықтай шешімін табатын болсын. Аудан орталығы Ақшиде кешіктірілмей жаңа мектеп құрылысын салу тездетіп шешіиін тапсын. Білім беруді жақсартудың барлық шараларын жасау кезек қүттірмейтіе іс ретінде қаралсын» деп нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қадағалау қажеттігін қадап айтады.

Осыдан бастап аудандағы мектептерде білім беруді жақсартудың нақты шаралары жасалып, қызу еңбек басталып кетеді. Барлық елді мекендерде жаңа жобалы мектептер мен балабақшалар салынады. Малшылардың балалары жатып оқитын интернаттар жұмыс істей бастайды. Аудан орталығында музыка, спорт және пионер үйінің ғимараттары салынып, іске қосылады. Мұғалім кадрларының жаңа легі келіп, олар шаруашылық есебінен тұрғын үйлермен қамтамасыз етіледі. Мектептердің техникалық-материалдық базалары жабдықталып, көрнекі оқу құралдары қажетті мөлшерде жеткізіледі. Ауданның барлық мектептері жанынан өндірістік оқыту қолға алынып, кәсіби мамандықтарды игеруге даңғыл жол ашылады. Шәкірттер мектеп қабарғасынан ауылшаруашылығына қажетті шопыр, тракторрист дәнекерлеуші, электрик сияқты мамандықтарды меңгеріп шығып жатты. Мектептердің жанынан еңбек және демалыс лагерьлері ашылып, оларда жоғары сынып оқушылары жұмыс істеп. әрі тынықты,

Республика басшысы Дінмұхамед Қонаевтың тікелей қамқорлығының нәтижесінде жаңа аудан Күрті өңіріндегі мектептердің жасөспірімдерге білім беру ісі жақсарып, тәрбиелік тағылымдары көпке үлгі етіледі. Аудандық оқу бөлімі облыста да, Республикада да оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісі жөнінен алдыңғы орынды иеленеді. Аудандық оқу бөлімі КСРО-ның және Республика Оқу министрлігінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алады. Білім беру ісін жақсартудың басы-қасында жүрген Кеңесбек Аманбековтың да еңбегі ескерусіз қалмайды. Ол Республика халық ағарту ісінің үздігі белгісімен марапатталады.

Кеңесбек үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз. Өзінің білімін ұдайы жетілдіріп, соңғы жаңалықтармен толықтырып отырудан да жалықпайды. Ол ұзақ жылдар бойы бір салада абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ұстаздар ұжымынан қол үзбей, олармен қоян-қолтық араласып, бірлесіп еңбек етіп келеді. Өмір талабына қарай тез бейімделе қоятын Кеңесбек бұрынғы мамандығы химия-биолог болса. зейнеткерлікке шыққаннан соң жұмыс ыңғайына қарай қажеттілік туған соң психолог мамандығын қосымша игеріп, қазір осы мамандық бойынша Алматы облыстық дарынды балалардың мектеп-интернатында психолог пәнінен дәріс беріп, ұстаздық ету өтілінің жібек жібін үзбей одан әрі сәтті жалғастыруы да бойында қуаты, ойында білім суаты молдығын, шәкірттер арасында жүруді мәртебе санайтын ұстаз екендігін дәлелдесе екрек.

Осы жерге косымша Алматы деп басталады.....

Кеңесбек Аманбекұлы өзі оқытқан талантты шәкірттерімен де мақтана алады. Олардың қатарында техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Шалтай Смағұлов, ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары және Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Шыныбек Байысбеков ғылым саласында ізгілікті ізденістерімен танылса. ел басқарып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов, Балқаш ауданы мен Алматы қаласындағы Жетісу ауданының әкімі болып істеген Әмір Құлмаханов, қазіргі «Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерғазы Қошанбеков және басқалар кезінде Кеңесбектен тәлім-тәрбие алған шәкірттері. Олардың талантты өрендер екенін әрдайым мақтан тұтады.

Білікті ұстаз Кеңесбек Аманбекұлы Мәскеуде, Съездер сарайында өткен мұғалімдердің бүкілодақтық үшінші сьезіне делегат болып қатысты. Съезді екінші күні Дінмұхамед Қонаев басқарады. Сонда Қазақстаннан келген делегаттарға үлкен қошемет көрсетілгенін көзбен көріп, қатты қуанғаны әлі есте. Осы жолғы съезде төрт мұғалімге Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Оның біреуі Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданындағы Қарғалы орта мектебінің директоры Құдыш Әбсәметов еді. Оның қуанынына ортақтасқан қазақстандық делегаттар құшақ-құшақ гүл шоқтарын тапсырып, жапа-тармағай құттықтағандардың бел ортасында болғанын Кеңесбек жиі еске алып, марқайып отыратыны бар. Сондай-ақ, есте сақталынған және бір жайтты Кеңесбек әсте ұмытпайды. Оқу ісіндегі жетістіктері ескеріліп, оған Қазақ ССР Оқу министрлігі мен Қазақстан Кәсіподақтары ұйымы тарапынан Мәскеуде өткен Олимпиадаға қатысуға тегін жолдама беріледі. Осы спортшылар додасында Мәскеу олимпиадасының қазақстандық тұңғыш чемпионы атанған Жақсылық Үшкемпіровті зор жеңісімен алғашқылардың бірі болып құттықтаған да Кеңесбек Аманбекұлы еді. Ол жеңімпаз Жақсылыққа гүл шоғын тапсырғанғын ылғи мақтанышпен айтып, сол бір қуанышты күндерден алғагн әсерлерін жасөспірімдерге әңгімелеп отыратындығына да құлақ қанық.

Балқаш ауданының бірнеше мектебін басқарып, кейін Күрті аудандық оқу бөліміне ұзақ жыл жетекшілік еткен, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық кеңестің әлденеше мәрте депутаты болып сайланған Кеңесбек Аманбекұлының жемісті еңбегі тиісті орындар тарапынан жоғары бағаланды да. Ол «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Қазақ ССР Оқу министрлігінің мадақтау қағаздарын да әлденеше рет алды. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі және сапалы білім берудегі көп жылғы жемісті еңбегі ескеріліп, КСРО халық ағарту ісінің үздігі атанды. Осындай атақты Республикамыздың Білім министрлігі тарапынан да иеленді. Балқаш ауданының Құрметті азаматы атанғаны және бар.

Ұлағатты ұстаздың отбасының үлгі-өнегесі де жұртшылыққа айта жүрер шарапатты жақсылықтарға толы десе болғандай. Зайыбы Әпиза да ұстаз. Білімі жоғары. Кәсіби мамандықтың иесі. Шапағат шуағын төңірегіне молынан шашып жүретін аяулы жанның бірегейі. Кеңесбектің абыройлы қызмет атқаруына қамқорлық жасап, отбасының ырыс-берекесін кіргізіп отырған ана. Ерлі-зайыптылар шаңырағында жасыл құрақтай желкілдеп өскен ұрпақтары да көз нұрына, көңіл қуанышына айналған өрендер. Тұңғыштары Светлана жоғары оқу орнында философия пәнінен дәріс береді. Ұлан есімді ұлы заң қызметкері, Екінші ұлы Ербол банк қызметкері, Қызы Шынар дәрігер. Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада терапевт бөлімін басқарады. Бәрі де жеке-жеке отау құрып, өздері көтерген шаңырақ шаттығын шалқытып, әке-шешелеріне немерелерін сүйгізіп, өркендері өсіп, көсегелері көгеріп, тамырын кеңге таратып, жапырағын жайқалтып жайып отырған берекелі отбасылары. Ата-аналарынан үйренген тәлім-тәрбиесі мен адами жақсы қасиеттерін бойларына терең сіңіріп өскен өнегелі өрендер. Ұстаздық етуден жалықпай үзіліссіз еңбек айдынында құлашын кең сермеп, өзіндік өнегесімен көпке үлгілі ұлағатының шапағатын молынан шашып келе жатқан Аманбекұлы Кеңесбектің кемелденген келбеті міне осындай.

Автор:
Әли ЫСҚАБАЙ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Алматы облысының "Құрметті азаматы".