Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Шығармашылық - әсемдік әліппесі


28 января 2010, 23:42 | 4 815 просмотров


ХХІ ғасыр табалдырығын аттаған шақта жас ұрпақты тәрбиелеудің, оқытудың басты мақсаты – ұлттық үрдісті бойына сіңіру, әлемдік өркениетке бағыттау. Бұл жолда ана тілінің алатын орны ерекше. Оқушылардың тілге деген құрмет сезімін оятуда, оқушыға эстетикалық тәрбие беруде қазақ тілінде шығармашылық қабілетті дамыту басты орын алады.

Шығармашылық бұл – бүкіл тіршіліктің көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі. Бұған бүкілхалықтық, жалпы және жеке адамның шығармашылығы арқылы жеттік. Әр жаңа ұрпақ өзіне дейінгі ұрпақтың қол жеткізген жетістіктерін меңгеріп қана қоймай, өз іс-әрекеттерінде сол жетістіктерді жаңа жағдайға бейімдей, жетілдіре отырып, барлық салада таңғажайып табыстарға ие болады. Баланың шығармашылық қабілеттерін дамытудың жолдарын, құралдарын анықтау психология мен педагогика ғылымдарында өте ертеден зерттеліп келеді.

Шығармашылық педагогикасының негізгі мақсаты – бүгінгі күн талаптарынан туындаған, озық қоғамға лайықты жаңа сана, рухани сапа қалыптастыру және дамытуда тың жолдар мен жаңа шешімдер іздестіру болып табылады.

Баланың шығармашылық қабілетін дамыту мәселесін талдау ең алдымен «қабілет» ұғымының мәнін терең түсініп алуды қажет етеді. Қабілеттің екі түрі бар:

1.Репродуктивті – іс-әрекетті, білімді берілген үлгі бойынша қабылдай алу деңгейі.

2.Шығармашылық – жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі. «Шығармашылық» сөзінің төркіні «шығару», «ойлап табу» дегенге келіп соғады. Демек жаңа нәрсе ойлап табу, сол арқылы жетістікке қол жеткізу деп түсіну керек.

Сондай-ақ, шығармашылық - әдістемелік пен әсемдіктің әліппесі. Мұғалімнің өзі де шығармашылықпен тұрақты айналысып, дәуір көшінің өзгерістеріне ілесе алатын болуы тиіс.

Мұғалім жаңашыл бағыттағы, шығармашылықпен қалай жұмыс жасау керек, жаңа әдіс технологияларды сабақта қалай қолдану керек? Ол үшін:

1.Білім беруде оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін қолдану.

2.Өзінің жеке тәжірибесін дамыту.

3.Жинақтаған тәжірибесін (біреудің) өзара алмастыру.

4.Ғылыми зерттеулерді оқу және іске асыру.

5.Оқу жоспарына сәйкес іздену, зерттеу, жүйеге келтіру.

Педагогикалық инновацияны, шығармашылық қабілетті дамыту үшін оқытудың қазіргі жаңа технологияларын пайдалану арқылы жүзеге асыруға болады.

Оқушыларға кез келген шығармашылық тапсырмаларды табыспен меңгеру үшін мына шарттар орындалу тиіс:

1.Баланың шығармашылық қабілеттеріне дамыту ісін ерте бастан қолға алу.

2.Баланың жүйелі, тұрақты ұйымдастырылған шығармашылық әрекеттер жағдайында болуы.

3.Шығармашылық жұмыстар баланың ойлау мүмкіндігінің ең жоғары деңгейіне жетуі керек. Күн асқан сайын ол деңгей биіктей беретіндей болуы қажет.

4.Бала әрекетінің әр бетімен айналысуға, тыңдауына деген еркіндігінің болуы, немен айналысамын десе де өз еркі болуы керек. Бірақ, балаға берілетін еркіндік өз күнімен, өз ойымен қиындықты жеңе отырып, «Жаңалық ашуға» жағдай жасау қажет.

Нурсалимова Гүлжан Нұрсәлімқызы 1969 жылы 15 шілдеде Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Қанабек ауылында дүниеге келген. І. Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік уинверситетінің түлегі. Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиетінінң мұғалімі. №15 орта мектепте 2006 жылдан бері қызмет атқарып келеді.

Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту жолдары үш кезең арқылы жүзеге асырылады.

Бірінші кезең – жаңаны, тың нәрсені дамыту, сезе білу, ойлау, түрткі идеяны табуға ұмтылу. Белгілі тақырыптарды өткеннен кейін төмендегідей талаптар бойынша жұмыс жүргізіледі:

-Шығарманың мазмұны, тақырыбы жайында пікір жазу;

-Кейіпкер тобын ажыратып, олардың арасындағы шиеленісті түсіндіру;

-Шығарманы тарауларға бөліп, тақырып жазып келу;

-Ұнаған эпизодтарды баяндау;

-Шығарма мазмұнына сай қанатты сөздерді ойлап жазу;

-Мазмұны бойынша сұрақтар қою;

-Көркемдік ерекшелігіне талдау жүргізу;

-Әңгіме кейіпкерінің басындағы іс-әрекетті, көңіл-күйін өз басымен салыстыра отырып баяндау.

Екінші кезең – қиял, ұшқыр ой, ой қызметінің батылдық ерекшелігі қалыптасады. Мұнда оқушының өзіндік ізденісі, пікірі, айтар ойы байқалады. Бұл – оқиға құрудың, образ жасау кезеңі. Оқушыға ертегі, әңгіме, мақалаларды жалғастырып жазу және аяқтау тапсырылады, оқиғаға тән көріністер, суреттер, адам портреттері, түрлі сюжеттер құра алады. Оқушы сол көріністерді қиялмен, суретпен, оқиғаны дамыта отырып, шығармашылық жұмыс істейді.

Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ашудың бір көзі - өз бетінше жұмыс істеу.

1.Логикалық ойын дамытатын тапсырмалар (сөзжұмбақ, ребус шешкізу, жұмбақ, мақал-мәтел, қанатты сөздер құрастыру).

2.Берілген тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс түрлері (мәтінді өңдеу, берілген мәтіннен диалог құру, мәтін бойынша шешендік сөз құрау).

3.Өз ойынан еркін тақырыпқа құрастыруға берілген жұмыс түрлері (өлең, ертегі, әңгіме жазу, шығарма).

Оқушының шығармашылық қасиетін дамыту үшін басым міндетті оқушының өз қолы на беріп отырған дұрыс. Анығырақ айтқанда тапсырманың қорытынды пікірін, көркемдік ой-пікірін өздері айтып, өздері талдайды.

Үшінші кезең – тапқырлық пен шеберліктің ұясы. Мұнда өзіндік сын, бастаған ісін аяқтау, дәлелдеу. Бұл мәтіндерді өңдеу, материалдарды сұрыптау, рецензия, талдау, кіші ғылыми жұмыстар арқылы іске асады.

Әңгіме жазуда арнайы мәтіндер арқылы оны өңдеу немесе мағынасын сақтай отырып, сөздерін өзгертіп жаздыртудың да мәні өте зор және шағын әңгіме жазуға талаптанады. Сондай-ақ, шағын ғылыми жұмыстар жазумен де шұғылданады. Жазған жұмыстары бір-біріне ұқсамау керектігі талап етіледі. Шағын ғылыми жұмыстарда ақын өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі және тәрбиелік мәніне тоқталу керек.

Осы үш кезеңнен өткен оқушының белгілі дәрежеде тұлғалық мінезі қалыптасады. Оқушылардың ой шапшандығын дамытып шығармашылық шығармашылығын арттыратын жұмыстар – сабақ берудегі іс-тәжірибемнен төмендегідей нәтиже беруде.

Автор:
Г. НУРСАЛИМОВА, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, №15 орта мектеп, Талдықорған қаласы