Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

СЕН ОҚЫТҚАН ӘРІПТЕР – ДҮНИЕ СЫРЫН ДӘРІПТЕР...


26 января 2013, 00:51 | 2 008 просмотров


Адамның адам болып қалыптасуы оның тәрбиелік ортасына тікелей байланысты екендігі анық. Әсіресе, өмірден өз орныңды табуға жол бастайтын, жақсылыққа қарай жетелейтін жанашыр ұстаздың болғаны үлкен бақыт. Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын өмірлік қуаттың қайнар көзі. Ұстаз – келешек үшін күрескен, өз бойындағы пендешілігін жоя білген жан. Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы. Ол өзінің бар күнін, бар күшін бала тәрбиесіне сарп етуге бел буған періште. Шәкірттердің жүрегіне мәңгілік із қалдырған ұстаз бейнесі қандай мейірбан, қандай сұлу десеңізші?! Сондай жаны сұлу, жүрегі жұмсақ ұстаздардың бірі-Айгүл Айтжанқызы Адикова.

Айгүл Айтжанқызы 1971 жылдың 4- маусымында Алакөл ауданы, Архарлы ауылында дүниге келген. Қарапайым шаруа Әдіков Айтжан мен Ағитова Гүлсім есімді ерлі-зайыптылардың отбасындағы 8 ұрпақтың ішінде Айгүл төртінші бала болып дүние есігін ашады.

1978 жылы сол ауылдағы сегіз жылдық мектеп табалдырығын аттап, мектепті жақсы оқып бітіреді. 1986 жылы Жаркент қаласының пед.училищесіне бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқуға қабылданып, аталмыш оқу орнын 1989 жылы бітіріп шығады. Кейіннен Жетісу Мемлекеттік Университетінде білімін сырттай жалғастырады.

Еңбек жолын Айгүл Айтжанқызы өзінің туған ауылындағы, өзі білім алған қара шаңырақтан бастайды. 1997 жылы мұғалімдік қызметін Айгүл Көксу ауданы, Құндақбаев атындағы орта мектепте жалғастырады. Ол мектеп ордасында 14 жыл ұстаздық етіп, кейін аудандық қазақ орта мектеп-гимназиясына ауысады. Қазіргі таңда кейіпкеріміз сол қара шаңырақта шәкірт тәрбиелеп келеді. Жиырма бір жылдық еңбек өтілі бар ұстаз жүздеген шәкірт тәрбиелеп, өмір жолына қанат қақтырған ардақты жан.

Айгүлдің бала кезінде әнші болуды армандайды. Мектеп қабырғасында жүргенде мектепішілік іс-шараларға белсене қатысып, ән салады. Сол әншілік талантының арқасында Айгүл Айтжанқызы көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болады. Сол кездегі әнші қыздың қазір ұстаздық жолға келуіне әкесінің өтініші себеп болады. Әкесінің «қызым, мен сенің ұстаз болғаныңды қалаймын» деген бір ауыз өтініш-тілегі Айгүлді қазіргі мұғалім мамандығына келуіне өзіндік әсерін тигізеді. Ұстаздық мамандықты таңдағаныңызға өкінбейсіз ба? – деген сұрағымызға кейіпкеріміз: «Жоқ, мұғалім болғаныма еш өкінбеймін, қазір тіпті өзімді басқа сала маманы ретінде елестете алмаймын» – деп жауап берді. Ұстаздық қызметте жүрсе де, Айгүлдің сол балалық шағындағы әнші болу арманы да шетте қалған емес. Себебі, қазір аудандық іс-шараларда Айгүл өзінің жары – Қайрат ағаймен бірге «дуэт» болып ән салулары дәстүрге айналған. Осы жерде ұстаздың отбасы жайлы айта кетсек. Айгүл Айтжанқызы Қайрат Шыныбаевпен бірге отау көтеріп, Біржан, Аружан есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырған өнегелі жанұя. Қайрат ағай да Көксу аудандық №2 орта мектептің ән-күй сабағының мұғалімі. Ал, ұлдары Біржан жоғарғы оқу орнының студенті болса, қыздары Аружан 6-сынып оқушысы.

Қазіргі жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенетіндігі белгілі. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кіріп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Осы тұрғыда білім саласы қызметкерлері, соның ішінде ұстаздар қауымына деген қойылып отырған талап та жоғары деңгейде. Себебі, қандай да болмасын кез-келген мемлекет үшін ең бастысы – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Ал, ұрпақ тәрбиесі ұстаздар қауымының басты міндеті екендігі аян. Осы мәселе жайында Айгүл Айтжанқызы былай дейді: «Өзгеге бір нәрсе үйрету үшін алдымен өзің білуің керек емес пе?! Өзгені үйретіп, өзің де үйреніп, сонымен қоса қағаз жұмыстарын қоса алып жүру мұғалімдерге кішкене бір салмағын түсіріп отыр. Білім саласындағы өзгерістерге келетін болсақ, ұстаздар үшін де, оқушылар үшін де барлық жағдайлар жасалған. Ұстаздарға деген материалдық ынталандыру мәселесі жоғары деңгейде дамып келеді».

- Айгүл Айтжанқызы, қазір еліміз электронды оқу жүйесіне көшіп жатыр. Осы жайында не айтасыз?

- Әрине, өзге мемлекеттермен тереземіз тең болғаны дұрыс. Балаларымыз әлемдік жаңа жүйелерге сай білім алулары керек. Бірақ, осы электронды оқу арқылы біз кітап оқуды, өздігінен ізденуді жоғалтып аламыз ба деген қорқыныш та бар. Дегенмен, әр нәрсенің жақсы да, жаман да жағы болары белгілі. Тек соны дұрыс жағына қарай пайдалана алсақ болғаны.

- Бастауыш сыныптардағы білімнің бала тәрбиесіндегі орны қандай?

- Бастауыш сынып білімі – баланың санасы мен тұлғаның дамитын қарқынды кезеңі. Тұлға тәрбиелеудің алғашқы баспалдағы. Білім негізі – бастауышта деп сеніммен айтуға болады.

- Айгүл апай, негізінен «жақсы ұстаз» деген атқа ие болу үшін мұғалім қандай болуы керек?

- Ең алдымен ұстаз жан-жақты білімді болуы шарт. Күнделікті болып жатқан өзгерістерден толыққанды хабардар болып отыруы керек. Себебі, қазіргі заман балалары өте зерек, жан-жақты. Тіпті олар өзіңе жауап таба алмай қалатындай сұрақтар қоюы да мүмкін.

- Өмірдегі ұстанымыңыз қандай?

- Менің өмірдегі де, қызметтегі де ұстанымым тек әділдік.

- Көптеген адамдар қоғамда әділдік жоқ дегенді айтады. Сіздің ойыңызша әділдік бар ма?

- Әрине бар, ол кеш те болса шығады.

- Сіз, бастауыш сынып мұғалімісіз. Кішкентай бүлдіршіндермен жұмыс істеу, оларға алғаш әріп үйретіп, алғаш қалам ұстату оңай іс емес екендігін білеміз. Осы тұрғыда үш тілде оқытуды 1-сыныптардан бастап енгізу мәселелі жайында не айтар едіңіз?

- Бұның барлығы Елбасымыздың болашақ үшін жасап жатқан сындарлы саясатының арқасы, әрине. Үш тілді білу келешекте басты міндетке айналары анық. Бірақ, өздері енді қазақ әріптерін үйрене бастаған бастауыш сынып оқушыларына бірден өзге тілді үйрету ұстаздарға да, оқушыларға да ауыр тиетін сияқты. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін үйретіп, қазақ тіліне деген құрметті арттырсақ екен деп ойлаймын.

- Биылғы облыстық бастауыш сынып мұғалімдері арасындағы байқауда сіз «Үздік бастауыш сынып мұғалімі - 2012» атағын жеңіп алдыңыз. Осы жеңіске жетуге бойыңыздағы қандай қасиеттер ықпал етті деп ойлайсыз?

- Әрине байқау болған соң жеңіс те, жеңіліс те бар екендігін білеміз. Шынымды айтсам, бас жүлдені жеңіп аламын деген ой болған жоқ. Енді бұл жетістік – менің бойымдағы қайсарлығым мен білімімнің және әділ қазының әділдігінің арқасы деп ойлаймын. Мен үшін бұл ұстаздық үлкен бақыт, еңбегімнің бір жоғарғы көрсеткіші болды.

- Айгүл Айтжанқызы, «ана бақыты» мен «ұстаз бақыты» егіз ұғым дегенге келісесіз ба?

- Бұл екеуі екі түрлі ұғым. Әйел адамы үшін отбасы бақыты өз алдына ерекше нәрсе.Ал ұстаз бақыты деген – шәкіртінің биіктен көрінуі деп ойлаймын.

- Еңбек жолында немесе өмірде кездескен қызықты оқиғаңызбен бөлісе кетсеңіз?

- Жаңадан оқу бітіріп, алғаш мектепке жұмысқа кірген кезімде сыныбымда бір бала оқыды. Өзі сабақты тез түсініп, айтайын деген ойыңды алдын ала айтып отыратын. Бір күні дүниетану сабағында жаңағы бала маған: «апай, топырақ неден жаралады»? деген сұрақ қойды. Кішкентай баладан мұндай сұрақты күтпеген мен не айтарымды білмей, сасқалақтап қалғаным бар. Міне, осы сәт мен үшін қызықты да ойландырар сәт болған еді.

- Әңгімеңізге, рахмет! Еңбегіңізге табыс тілейміз.

Мұғалім марапаты...

Алматы облысы Көксу ауданы Балпық би кентіндегі қазақ орта мектеп- гимназиясының жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі Адикова Айгүл Айтжанқызының еңбегі аудандық, облыстық, қалалық кәсіби байқауларда жоғары бағаланып келеді. Атап айтар болсақ: Аудандық «Панорамалық сабақ» байқауының I орын иегері, «Тәуелсіз мемлекетіміз Қазақстанның болашағы – жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі біліктілігі, жоғары жауапкершілігі, үздік еңбегі үшін», аудандық «Жыл сынып жетекшісі -2008» байқауында шығармашылық белсенділік танытқаны үшін, «Егеменді еліміздің саналы да тәрбиелі ұрпағын тәрбиелеудегі қажырлы еңбегі мен қол жеткізген жетістіктері үшін» алғыс хаттарымен марапатталған. Сондай-ақ, білікті ұстаз 2012 жылы Алматы қаласында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлтттық орталығының ұйымдастыруымен өткен облыстық «Үздік бастауыш сынып мұғалімі-2012» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.

«Маған айтып берсең – ұмытып қалармын, көрсетсең – есте сақтармын, өзіме жасатсаң үйреніп аламын» - деген шығыс нақылын үнемі жадында ұстайтын білікті ұстаз аудандық байқауда да бас жүлдені қанжығасына байлаған еді.Осы байқауларға қатысу арқылы Айгүл Айтжанқызы өзінің білімді де білікті екендігін көрсете білді. Білім негізі – бастауышта екендігін ескерер болсақ, келешекте осындай өз ісін жетік білетін білікті ұстаздарымыз көп болса, ел ертеңі – жас ұрпағымыздың да білімді болатыны анық. Ендеше, үлкен жауапкершілікті талап ететін ұстаздық ұлы жолда қажырлы еңбек етіп жүрген Айгүл Адикованың еңбегіне алдағы уақыттарда да толағай табыс, Жетістіктер тілейміз. Ұрпақ тәрбиесі жолында өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай білетін ұстаз анаға мәңгілік ұстаз бақыты мен ана бақытын тілейміз.

Ұстаздық жолдағы мақсаты:

Оқу-тәрбие үрдісінде оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамыта отырып, сапалы білім, саналы тәрбие беру. Сонымен қатар болашақ мамандығын дұрыс таңдай білетін шәкірт тәрбиелеу.

Автор:
Әйгерім БАҚТЫБАЕВА өз тілшіміз