Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

АЛИМЕНТ ТҘЛЕУ - ҚАРЫЗ ЕМЕС ПАРЫЗ НЕМЕСЕ «ҚАШҚЫН» ӘКЕЛЕР


26 января 2013, 00:54 | 1 627 просмотров



Елімізде 100 мыңнан астам балалар әкелері бола тұра нәпақасыз күн кешуде. Шаңырағы шайқалып, өз бауыр еті баласынан бас тартып, «қашқын» әке атанып жүрген ер-азаматтар саны күн санап артуда. Түрлі себептермен баласына алимент төлеуден жалтарып жүргендерге арнайы заң болса да, діни өкілдер әкенің балаға берешегі қарыз емес, парыз екенін түсіндіріп дабыл қақса да, өзегін жарып шыққан ұрпағына көмектесуден тайғандар азаяр емес. Кейбірі баласына беретін ақшадан тайқақтап қашатыны өз алдына, бірнеше жылдап, «көз көрмес, құлақ естімес» жаққа кетіп, бой тасалап жүреді. Тіпті, олардың кейбіріне бүгінде іздеу жарияланған.

Қазіргі таңда әкелерден алимент өндіру қоғамның басты мәселесіне айналды. Себебі, сот фактілерін орындау департаментінің қолына келіп түсетін құжаттардың 60 пайыздан астамы әкесінің баласына алимент төлемеуін өндіру болып отыр. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы» Заңында отбасы мүшелерінің алименттік қатынастары туралы анық айтылған. Бұл заңның 138 бабында ата-аналардың кәмелет жасына жетпеген балаларын асырауға міндеті тайға таңба басқандай айқын көрсетілген.Онда : «Ата-аналар өздерінің кәмелет жасқа толмаған балаларын асырап- бағуға міндетті» делінген. Десе де, бүгінгі күні баласына борышкер әкелер саны артып жығылады. Олар алиментті қалтасында ақшаның жоқтығынан емес, баласының өміріне немқұрайлы қарағаннан төлемей, әкелік атқа дақ түсіретіні өкінішті.

2012 жылы Алматы қаласының прокуратурасы, «Дағдарыс орталықтарының одағы» қоғамдық ұйымы мен « Аман- Саулық» қоғамдық қоры баласына қарыздар әкелердің тізімін шығарып, нақты санды жариялады. 100 мыңнан астам бала әке көмегіне зәру. 1 ай бойы зерттеу жүргізген мамандар алимент төлемегендердің арасында мемлекетте қызметте жүргендердің, шенді –шекпенді азаматтардың бар екенін анықтады.Олардың арасында мұғалімдер, дәрігерлер, ішкі істер қызметкерлері, салық комитетінің қызметкерлері бар. «Дағдарыс орталықтарының одағы» қоғамдық ұйымының төрайымы Зүлфия Байсақованың айтуынша, ұлттық сенім телефонына көбінесе баласының күн көруіне қажетті материалдық көмекті өндіріп ала алмай жүрген аналар қоңырауы басым түседі екен. Бір айдың көлемінде есепке алғанда 153 ана «көкек әкелер» үстінен шағым түсіріпті.Аталған 153 әкенің 7-еуі ғана жұмыссыз жүргендер. Ал, анықтай келгенде, осы 153 әкелердің 90 –ның тұрақты жұмысы бар болып шығады. «Аман-Саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова мұндай әкелерді жұмыстан шығару керек дегенді ұсынады. «Себебі, өз баласынан бас тартқан жандар халықты қалай басқармақ?» -дейді. Шындығына келер болсақ, жағдайы мен қаражаты бола тұра бауыр еті баласына төлейтін азғандай ақшаны беруден бас тартқан жандардан не қайыр, не үміт?!

ЖАНҰЯЛАРДЫҢ АЖЫРАСУЫНА СЕБЕП НЕ?

Осындай әкенің бала алдындағы қарызы мен берешегі қайдан туындайды?! Көрегенді ата- бабамыз ұрпағын бөтен есікте жәутеңдетіп, жетімсіретпеген еді ғой. Олай болса, бүгінгі күннің «тірі жетімдері» қайдан шығуда?! Өз баласын тағдырдың ауыр сынына ойланбастан қалдырып, серілік қамытынан әлі ажырай алмай жүрген бөріктілер саны күн санап неге артып барады?! Міне, алимент төлеуден жалтарғандар жайлы сөз бола қалса, оның ар жағында осындай жауабы қиын сансыз сұрақтар қылтиып, жаныңды мазалайтыны рас. Шынымен де, бүгінде үйлене салып, ажырыса салу еркек үшін де, әйел үшін де түк болмай қалды. Жанұяның қадір- қасиеті кетіп бара жатқандай. Бірақ, ересектердің осындай қылығынан ортадағы бала азап тартады. Қазіргі күні жастар өздері ата-анасының қамқорлығынан шықпай жатып отбасылы болуға асығып жатады. Әр азамат отбасын құрар алдында өзінің осы жауапты қадамға дайын ба соны тексерсе, мұндай жауапсыздықтың жемісі «ажырасу», «жетім бала», «алимент өндіру» мәселелері туындамас еді. Осындайда есіңе «Шынайы сезім- шытынамайды» деген махаббат, сүйіспеншілік жайлы айтылған сөз тіркесі түседі. Сонда, бүгінгі ажырасып жатқандардың бәрі шынайы сезімнен мақұрым ба деген ойда қаласың. Бүгінде «Бала белде, қатын жолда», «Жұмақтың кілті ананың аяғының астында» - деген мәтелдерді тура қабылдап, надан түсініктің жетегінде отбасынан ажырасып жататын шала түсінікті еркектердің бары өтірік емес. Бұл тәмсілді айтқан қазағым ажырасуды меңземеген еді ғой. Ажырасу туралы сөз бола қалған жерде,ерлер арасында көбіне әйел адамды кіналап жатады. «Отбасының ұйытқысы әйел» деген сөз де барлық жерде жүре бермейді. Себебі нәзік жанды әйел затының бір отбасының бүкіл проблемасын шешуге, ауыртпашылығын арқалауына шамасы жете бермесі анық. Ал, бүгінде «отағасымын» деген азаматтар бір үйдің қам –қаракетін әйелдің мойнына іліп қойып, өздері бейқам жүреді. Ер азаматтар өзіне артылған жауапкершілікті ұмытқанынан жәудір көз қанша бала тірі жетім аталып жүр. Ал енді бір табысы көбейіп, қалтасы қалыңдаған еркектер «көңілдес» іздеп, тентіріп кетеді. Баласындай жастағы қыз- қырқынға көз сүзіп әуре. Жұбайлардың бір-біріне деген сенімдеріне селкеу түскеннен, жұбайлық өмірге адал болмағаннан отбасының ойраны шығады. Міне, осының нәтижесі –бейкүнә сәби азаптанады. Ал, отбасын тастап, қыз қуып жүрген еркек ертең ұрпағына не тәрбие бермек. Беті жылтырға қызығып, уақытша ойын- күлкінің соңына түскенше, үйдегі баласының тәрбиесіне неге көңіл бөлмейді?! Әрине, біз ажырасудың бәріне дерлік ер адамды кіналаудан аулақпыз. Десе, де еркек отбасында өзін нағыз отағасы ретінде ұстап, нағыз ерге тән мінез көрсетсе, барлық жағдай ажырасуға келе бермес еді. Ажырасу- өр көкіректіктің, сабырсыздықтың жемісі. Өмір өткелінен бірге өте алмаған жұбайлар, мәселенің түйінін «ажырасумен» шешуге тырысады. Бірақ, үлкендер тарапынан болатын осындай жауапты шешімнің үлкен салмағы бала жүрегіне тиетінін ата-ана бір уақыт ой таразысына салып, ойласа екен.

Автор:
Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз.