Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚАЗАҚСТАН 4 ҰСТАНЫМҒА ЖАҚСАРТЫП, 80-ШІ ОРЫНҒА КӨТЕРІЛДІ


26 января 2013, 00:59 | 1 837 просмотров


22 қаңтардағы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингіндегі Қазақстанның бірқатар ұстанымдарын көтеруді тапсырды.

Сөз «Халықаралық сауда» (182 орын), «Құрылысқа рұқсат алу» көрсеткіштері жайында болып отыр. Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» көрсеткішінің де төмен екендігін атап өткен еді. 2012 жылы Қазақстан аталған көрсеткішті небәрі 4 ұстанымға жақсартып, 80-ші орынға көтерілді.

Осыған орай С.Ахметов «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» көрсеткіші Қазақстандағы энергетика саласының дамуын ескере отырып жақсаруы тиіс деген пайымын жеткізді. Оған қуат нарығын дамытуға арналған жаңа заң жобасы өз әсерін тигізуі тиіс екендігін баса айтқан Үкімет басшысы, А.Исекешевке бұл мәселені қатаң бақылауға алуды жүктеді.

Ал жоғарыда аталған 2 көрсетішке қатысты пікір білдірген Премьер-Министр шетелге тәжірибе алмасуға барып, түк бітірмей қайтатын мамандарымыздың тірлігіне наразылығын танытты. «Соңғы 5 жылда біз небәрі 10-12 ұстаныға алға жылжыдық. Біз құрылысқа рұқсат алуда 155-ші орындамыз. Онда несіне Швецияға адам жібереміз? Кім барды? Барып зерделейтін әрі түк бітірмейтіндерге жауапты адамдар қайда? Солардан сұрау керек. Тәжірибе алмасуға барады, зерттеуге, енгізуге инеттенеді, бірақ түк істемейді», - деді Үкімет басшысы ашына.

Сондай-ақ С.Ахметов халықаралық сауда көрсеткішіне қатысты да пікірін бідіріп, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш арта түсер деген ойын жеткізді. «Мемлекеттік органдардың басшыларына 2013 жылға арналған «Doing Business» рейтингі көрсеткіштерін жақсарту бойынша шаралардың кешенді жоспары аясында жұмыстарды жалғастыруды тапсырамын. Үйлестіруді Ербол Орынбаевқа жүктеймін», - деді Премьер-Министр.

Автор:
Марлан ЖИЕМБАЙ