Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МӘЖІЛІСМЕНДЕР ҰБТ-ҒА ЕНГІЗІЛУІ МҮМКІН ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ҚАРСЫ ШЫҚТЫ


1 февраля 2013, 17:28 | 2 935 просмотров



Парламент Мәжілісінде Үкімет басшысына бір топ халық қалаулылары атынан сауал жолдаған депутат Гүлмира Исімбаева Ұлттық бірыңғай тестілеудегі екі басты проблеманы шешу мәселесін көтерді.

Депутаттың айтуынша, «Білім туралы» ҚР Заңына сәйкес, мемлектетік және орыс тілдері 2008 жылдан бері ҰБТ бағдарламасына енгізілген міндетті пәндер болып табылады. Алайда, «бесінші пән» нәтижелері, яғни орыс тілді мектептер үшін қазақ тілі, ал қазақ тілді мектептер үшін орыс тілі пәнінен алынған балл білім гранттарын иелену конкурсында есепке алынбайды. «Бұл теңгерімсіздік тудырып, түлектердің мүмкіндігін шектейді, пәндер арасында кемсітушілікке әкеп соғады. Солай бола тұра, «5» деген баға алу үшін аталған екі пәннен бір балл ғана жетіспей тұрса, соның өзі оқушының «Алтын белгі» алу мүмкіндігінен айырады. Осылайша, «бесінші пәннің» нәтижелері тек теріс жағдайлар бойынша ғана есепке алынып отыр», - дейді депутат Г. Исімбаева.

Оның сөзіне қарағанда, бұл проблемаға 2008 жылдың өзінде депутаттар назар аударып, сауал жолдаған болатын. Алайда, алынған жауап қанағаттандырылмады әрі осы жылдар ішінде нақты шаралар қабылданбады. «Бұдан бөлек, сайлаушылармен жүздесу барысында ҰБТ-ға енгізілу мүмкіндігі қарастырылып жатқан тестілеудің екі кезеңіне қатысты жұртшылық тарапынан алаңдаушылықтар болды. Әлгі енгізілуі мүмкін екі кезеңнің бірі - орта білімді аттестаттау болса, екіншісі - кәсіби жоғары оқу орнына түсуге арналған тестілеу. Бұл жаңалық біздің ойымызша, соншалықты дәлелсіз, дәйексіз. Өйткені, жоғары оқу орнына түсу талапкерлерді кешенді тестілеуден өткізу арқылы реттеледі. Сонымен қатар, екі кезең енгізу қолданыстағы білім заңнамасына қайшы болып табылады. Мәселен, заңымызда «ҰБТ жалпы орта білім ұйымдарында оқитын оқушылардың қорытынды аттестаттау формасының бірі болып табылады және орта және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдарға түсу емтиханымен қатар қарастырылатын болады» деп жазылған»- дейді Г. Исімбаева.

Бұл ретте депутат көтерілген мәселені ескере отырып, Үкімет басшысынан екі мәселені шешу тетіктерін айқындауды сұрайды. Оның бірі ҰБТ барысында «бесінші пәннің» нәтижелерін де конкурстық балға қоса есептеу. «Екіншіден, талапкерлердің Бірыңғай ұлттық тестілеу мен кешенді тестілеудің нәтижелерін үйлестіру, сондай-ақ білім саласындағы қолданыстағы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету», - дейді Г. Исімбаева.

Автор:
Қанат МӘМЕТҚАЗЫҰЛЫ