Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Кілем тоқу технологиясы


8 февраля 2013, 00:47 | 4 411 просмотров


Сабақтың мақсаты: 1. Оқушыларға кілем өнері туралы алған білімдерін тереңдету, кілем өнерінің тоқу технологиясын үйрету.

2. Өз беттерінше кілем тоқи білуді үйрету, жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру.

3. Еңбексүйгіштікке, шеберлікке баули отырып, ұжымдық жұмысқа белсене араласуға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: жаңа сабақ

Сабақтың әдіс- тәсілі: түсіндіру, практикалық іс- әрекетте көрсету, сұрақ- жауап.

Сабақтың көрнекілігі: слайд, ине, жіп, кілем тоқитын қол станогы.

ІІІ. Жаңа тақырып: Кілем тоқу – қай халықта да ерекше орын алған кәсіп. Қазақ тұрмысында өрмек тоқумен айналысатын қыз-келіншектер, әйелдер арасынан кілем тоқуды кәсіп еткен шеберлер шыққан. Мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың қол өнері жақсы дамыған. Мал жесе азығы, ішсе сусыны, мінсе көлгі, кисе киімі болған. Мал жүнінен кілем, текемет, тұскиіз, алаша және т.б. жасаған. Соның ішінде кілемге аса зор мән берген. Кілем тоқуда қойдың түйенің жүндері, ешкінің қылы, өріс және арқау үшін мақта жіпті пайдаланады.

Кілемнің қазақ арасына көп тараған түрлеріне тоқталып өтетін болсақ: «Қалы кілемнің» бұлай аталуы парсының «ғалы» / кілем/ деген сөзімен байланысты.Қазақтың түкті кілемдерінің неғұрлым көп тараған түрі.Кезінде «ұзатылған қыздың жасауында, ел арасындағы сый- сипатта басты бұйым, той – томалақта негізгі жүлде» болып есептелген. Соңғы кезде сапалы кілемдердің барлығы «қалы кілем» деп атала бастағандықтан, «қалы кілем» деген түсінік бірте- бірте «түкті кілеммен » алмасқан.

Қазақ кілемдері тоқылу ерекшелігіне қарай түкті кілем, тақыр кілем; өңдірілген орнына қарай Қызылорда кілемі, Алматы кілемі, Жамбыл кілемі; ру үлгілеріне қарай Адай кілемі, Керей кілемі, Қоңырат кілемі, т.б. қосалқы бөлшектеріне қарай оқалы кілем, шатыргүл кілем, шигүл кілем, т.б. деп аталынады.

Түкті кілемді тоқу өнеріне байланысты түсіндірме сөздігі.

Алақұрт – екі түсті түрден есіліп, кілем тоқуда басталар басы мен бітер жерінен тақта жүргізгеннен кейін өткізіледі, кей жерлерде «еспе» деп аталады.

Арқау – тергіш пен өрнек терілгеннен кейін, оң жіп пен теріс жіптің арасынан әрлі- берлі өткізілетін тоқпақпен нығыздалудың арқасында түсірілген шатысты ұстап тұратын жіп .

Адарғы – керілген желіні айқастыра белағаштан кейін орналасатын күзулі мен күзусіз жіптердің арасында белағашпен қатар жатқан ағаш. Адарғы желінің шатысын түсіріп, өрмектің тоқылуында басты қызмет атқарады.

Жіп қашу- кілем тоқу үстінде жіптің үзілуін жіп қашу деп атайды.

Жіп жалғау- керілген кергі жіптердің үзігін немесе қашқанын тауып байлау.

Тоқпақ –керілген желідегі күзулі және күзусіз жіптің шатысынан арқау жіп өткізілгенсоң, жіп арасы түйгіштеліп шеге тісті ағаштан жасалған құрал.

Шалу- керілген желіге салынатын түрлі күзулі жіптен алып, күзусіз жіпке шалып орағанды шалу деп атайды.

Негізін құрушы – негізгі жіп желі деп аталынады.Желі – берік мақты және майда жіп болу керек.Өйткені оған өрнек жасайтын жіп шалынып отырады.Тоқылған кезде кілемнің басы қанша жіп болса, соңы да санша жіп болу керек.Осылайша кілемнің негізі құрылады.Кілем жалпы үш түрлі жіптің айқасуы арқылы тоқылады:1/ желі – негізгі жіп; 2/ түк; 3/ арқау.

Осының ішінде түк пен желі туралы біз толық білеміз.Арқау + жіп – бұл желінің арасынан көлденең өткізілетін жіп.Арқау жіпсіз кілемнің тоқылуы мүмкін емес.Арқау түкті нығыздап мықты тоқылуына басты роль атқарады.Ал арқау жіпті дайындағанда майда және мықты жіппен дайындау керек.Арқау жіптің қалыңдығы желі жіппен сәйкес болса, кілем тығыз сәнді болады.

Сарамандық жұмыс: Түкті кілем суретінің эскизін салу

IV Сабақты бекіту

Бағалау

Үйге тапсырма: эскизді бояп келу

Автор:
Жанар Муканова Петропавловск орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі Сарқан ауданы