Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰСТАЗДЫҢ ЖЕМІСІ - ОҚУШЫНЫҢ ЖЕҢІСІ


28 августа 2009, 11:17 | 3 005 просмотров


Мұғалім шеберлігінің негізгі көрсеткіштері - әдістеме салаларындағы ғылыми жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік игеру. Оларды өздерінің күнделікті сабақтарында пайдалана білу. Осы орайдағы мұғалімнің шығармашылық еңбегі, ең алдымен, сабақпен байланысты. Демек, сапалы, тиімді, нәтижелі жүргізілген әрбір сабақ- ұстаздың тынымсыз еңбегінің айғағы.

Осындай парызды өтеп жүрген Үшарал қазақ гимназиясы - ауданымыздағы ең алдыңғы қатардағы білім ордасы. Гимназияның ұстаздар ұжымының жас ұрпаққа қазіргі заман талабына сай, сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жан-жақты дамыған, білім нәрімен сусындаған ұрпақ өсіріп шығарудағы өрелі еңбектерін мақтан тұтуға болады. Бүгінгі таңда оқушы білімінің сапасы ҰБТ тапсырмалары арқылы көрінетіні баршамызға мәлім.

Мұғалімдердің әдістемелік шеберліктерін насихаттау мақсатында жоспарланған сабақтардың барлығын да, түрлі педагогикалық жаңа технологияларды пайдаланып, интерактивті тақта және ақпараттық технологиялар арқылы өткізіледі. Осындай атқарылып жатқан жұмыстардың арқасында оқушыларға беріліп жатқан білім оң нәтижелер көрсетуде.

Ерекше мақтанышпен айта кететін жайт – биылғы оқу жылында білім ордасын бітірген 13 оқушының екеуі Қарасаева Адия 124 балл, Оралбаева Маржан 118 балл алып ,,Алтын белгі,, төсбелгісінің иегерлері атанса, үш оқушы Қарақбаева Арайлым 119 балл, Садуақасова Камшат 121 балл, Сарсенбаева Айнұр 114 балл алып Ерекше үлгідегі үздік аттестатқа ие болды. Ал, қалған шәкірттеріміз де Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, ұстаздар еңбегін көпшілікке таныта білді. Гимназия бойынша тестілеуде көрсетілген нәтиже 105 орташа баллды көрсетсе, білім сапасы 99 пайыз, оқу үлгерімі 100 пайызға жетті, яғни, ауданның отызға тарта мектептерінің ішінен І орынды, облыс көлемінде ІІ орынды иеленіп отыр.

Осы жетістіктеріміздің барлығы ұстаздарымыздың тынымсыз ізденісі мен тыңғылықты даярлықтарының нәтижесі болып табылады. Оған дәлел ретінде мектеп бітірген 13 оқушының 12-ң мемлекеттік грант иегері болғанын айта кетуге болады.

Осындай қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаздардың қатарынан қазақ тілі пәнінің мұғалімі Басқанбаева Сандуғаш, математика пәнінің мұғалімі Адибасова Гүлназ, орыс тілі пәнінің мұғалімі Мамытова Мейс, тарих пәнінің мұғалімі Серекбаев Мұрат, биология пәнінің мұғалімі Ниязова Айгүл, физика пәнінің мұғалімі Иманасова Айгүл, география пәнінің мұғалімі Үпенова Бибізейнеп, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Дәулетбақова Назгүлді атауға болады.

Осының барлығы ұжымдағы қалыптасқан береке мен бірліктің нәтижесі.

Автор:
А.Н. БЕКБОЛАТОВА Үшарал қазақ гимназиясының директоры Алакөл ауданы