Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Адамды бейнелеу. Адамның басының суреті


15 февраля 2013, 23:59 | 8 644 просмотра



Суретші үшін ең қызықты да, ең ауыр жүмыс-адамды бейнелеу. Л.Н.Толстойдың сөзімен айтсақ «дүниеде бір - біріне ұқсайтын екі адам тұрмақ, екі бірдей жапырақты да таппаймыз!»- деген екен.

Толстойдың бұл сөзіне ағылшын суретщісі Уистлер деген былай деп жауап берген екен "Платан жапырағына ең ұқсас нәрсе, сол платанның басқа бір жапырағы екенін еш дәлелсіз - ақ тұжырымдауға болады"- деп. Бұл жерде Толстой да, Уистлер де әділін айтып отыр. Өйткені, адамға ұқсас бүл дүниеде адам ғана. Ал олардың бір-бірінен айырмашылығын, олардың әрқайсысына ғана тән ерекшеліктерін көре білу суретшінің міндеті. Әйтсе де әр суретші үшін адамдардың бір-біріне несімен ұқсас екенін, әр адамда болатын мүшелерді зерделеп оқып үйренудің де маңызы зор екені даусыз. Бұларды оқып үйренудің негізінде оның қаңқасы (скелет) мен анатомиялық құрылысын зерттеу жатады. Сонда да ең дұрысы, адамды бейнелеудегі ең жақсы ұстаз, адамның өзі болып табылады (натура). Қаншама жақсы жазылған әдістемелік кітаптан көрі, қағаз, қарындашымызды қолға ала отырып, адамды ұзақ бақылау арқылы бейнелеуге жаттыққан әлде қайда тиімді болады. Ең бастысы үздіксіз, үнемі жұмыс істеп, іздену керек. Мүсін өнерінің үздік туындыларын жасап қалдырған гректер, адам анатомиясын жетік білген деп айта алмаймыз. Сонда да олардың қолынан шыққан әйгілі адам мүсіндері,олардың адам денесінің қыр-сырынан хабардар екенін көрсетеді. Мысалы: Поликлет т.б. Олардың бүл білімдері ұрпақтан ұрпаққа беріліп, жетілдіріліп отырған. Кейінгі кезеңдерде де адамды зерттеп, оқу одан әрі жалғасқан, бірақ бұл кезеңде көмекке адам анатомиясы деген ілім келген.

Леонардо да Винчи мен Микеланджело Италияда, Испанияда Рибейра, Фландрияда Рубенс, А.А. Иванов т.б. Ресейде адам анатомиясының заңдылықтарын әр кезеңде жете тереңдете оқып үйреніп, келер ұрпаққа баға жетпес ғажайып туындылар қалдырған. Ежелгі Греция өнеріндегідей көздің жауын алатындай сұлу денелі атлеттер ғана емес, енді еті мен терісі сүйегіне жабысқан мүсәпір де, Бахус тәрізді (арақ-шарап құдайы) денесін май басып іркілдеген семіз дене де көңіл қоярлықтай дәрежеде болды. Сондықтан қазіргі кезде адамды бейнелейтіндер үшін тек бақылау, байқау ғана емес, сол шеберлердің үздік еңбектерінен оқып үйренуде үлкен көмек етеді.

Кейбір оқытушыларда адам анатомиясын оқып-үйрену суретші үшін іш пыстыратын шаруа, оны пайдаланған суретшінің шығармашылық қабілеті академиялық, енжар қалыпта қалады деген жаңсақ пікір бар. Бұл пікірдің дұрыс еместігін дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Оны уақыт өзі дәлелдеп отыр, қайта өрлеу кезеңінің атақты суретшілері анатомия ( тән тану), перспектива заңдылықтарын өте терең білгендігімен қатар, шеберліктің шыңына жеткен адамдар ғой. Әйтсе де солардың жұмыстарын іш пыстыратын, енжар дүниелер деп айтуға ешкімнің аузы бара қоймас.

Әрине, суретші үшін адам ағзасын бүге-шүгесіне дейін қалдырмай оқып үйренудің қажеті шамалы. Сонда да оның қимыл-қозғалысына әсер ететін, сыртқы пішінді айқындайтын бұлшық еттерді, сүйек кұрылысын білу міндетті.

Адамды қарап отырып бейнелегенде, оған тән емес қимыл-қозғалыс бермей-ак, онсыз да қиын жұмысты күрделендірмей жеңіл-желпі қозғалыстан бастау дүрыс. Алдымен долбар, нобайлаудан бастап, асықпай ойланып, қойылымның негізгі мақсатын айқындап алу керек. Ара қатынасын, теп-теңдігін тауып суретті мұқият тұрғызыңдар. Міне осы кезенде алдыңғы айтқан біліміміздің керек кезі, өйткені сендер адамдағы ең негізгі, ең басты нәрсені бірден табуларың керек. Неден бастаймыз ?

Ең дүрысы, алдымыздағы адамның ұсақ-түйекке толы бөлік-бөлшектерді елемей жалпы пішінге назар аударайық. Дене, аяқ пен қолдан, бастан тұратын бұл пішінде жаңағы бөліктер қалай байланысқан, қандай заңдылықгармен, қандай бұлшықет, сіңір, сүйектер арқылы т.б. Міне осының бәрін зерделеп көріп,жүйелеп, саралау өте қызықты да жауапты жүмыс.

Бұған дұрыс мән бермей, немқұрайлы бастағандар аздан соң шатасып, негізгі пішіннен айрылып қалары даусыз нәрсе. Мысалы: Басты бейнелеген кезде, бас сүйегін есте ұстау керек. Қай жағынан қарағанымызға қарай, бастың денемен қалай байланысып тұратынын ұмытпауымыз керек.

Адамның басын бейнелеуде тағы да еске салатын нәрсе - ұзак уақыт бөліп, үнемі сурет салу.

Бұл негізгі ереже, оны сақтамайынша адамды, оның басын салып үйрену мүмкін емес.

Бүл ереже тек адамды салу үшін ғана емес, жалпы суретке үйрену үшін керекті заңдылық болып табылады.

Ең бастысы - жалпыдан жалқыға қарай өрбіту. Бұл не дегеніміз?

Көзіміздің деңгейінде бізге тура қарап отырған адам басын бейнелеу керек делік.

Жалпы бастың овалын салып алғасын (овалды бірден жеңіл түрде салып алу керек, артық-ауысын кейін түзете жатамыз) қастардың орналасқан тұсынан бір бөліп аламыз (маңдай, ми сауыты мен бет бөлігіне)

Көздеріміз, мұрын, ауыз, бет сүйектері, қүлақтар, иек т.б. өзара тік және көлденең сызықтар арқылы байланысатынын есте ұстайық.

Егер басты тік түсетін орталық сызығымызбен бөлсек, онда ол сызық басты, мандайды, мұрынды, ерінді және иекті тепе - тең екі бөлікке бөліп шығады. Тік түсетін сызықтар қатарында көздің ішкі бүрышынан, мұрын желбезегіне қарай түсетін сызықтар бар. Екі көздің арасы сол көздің үлкендігіндей болады. Мұрынның үлкендігі (ені) де сол көздің мөлшерінде болуы керек.

Бүлардың бәрі схема, шартты түрде екенін айта кетуіміз керек. Ал әр адамда бұл қатынастар арқылы болуы мүмкін, жұмысымыз да сонысымен қызықтырады ғой. әр адамды ұқсату да осындай ерекшеліктерге байланысты.

Көз алдарында көлденең екі - үш жерінен жіп байлаған жұмыртқаны елестетейікші, міне осы көлденең сызықтар арқылы көздердің, құлақтардың, мұрынның түбін анықтап алып, сыртқа қарай жалғастырсақ құлақтың орны мен өлшеуін тауып алуымызға болады.

Мұқият қарасаңдар көздердің орналасқан шұңқыр сүйектерін де анық коресіңдер, оны орналастырған соң көздің орнын табу қиын емес. Көзіміз қандай? Көздің пішіні алма тәріздес, сыртын айнала қабақ деп аталатын тері жауып тұр.Алманың пішіні домалақ, ендеше көзді салғанда көлеңке, жарық заңына сәйкестендіріп реңін шығару керек.Оның томпақтығын, қабақтың қалындығын және екі көздің бір-біріне шартты түрде ұқсас бомайтынын да ұмытпайық .Көз қиығының ұзындығы мен енінің қатынасын, көз карашығының қабақ астында қалай тұрғанын, жарыктың қай бағыттан түсіп тұрғанын бақылай отырып түсірейік. Көз пішінін қайталай сомдап, қабақтан түскен көлеңкені де дұрыс бейнелейік . Көп кездесетін қателіктен бірден сақтанайық, ол көздің ішкі қиығынан өтетін (ойша) тік сызық, мұрын желбезектеріне тимей өтуі керек болса да оны дұрыс салмау.Екі көз бір деңгейде жатсын.Кейде олай болмауы мүмкін, бірақ ондай көздері бар адамдар өте сирек кездеседі.

Мұрынды саларда оның пішіні призма ретінде қабылдап қарайық.Оның екі көлбеу жағын, алдыңғы және төменгі жағын саралап қараймыз.Осылайша дұрыс пішіндеп, көлеңкесін, жартылай көлеңкесін түсіре отырып, жылттың (блик) орны мен пішінін дәл тапсаң мұрын да дәл өзіндей болып шығады.Желбезектен төмен қарай кеңейе түсетін сызықтарды кез келген адам бетінен коруге болады. Ерлер мен қарт адамдарда айқын көрінетін бұл сызықтар, әйелдер мен балаларда аса байқалмайды. Бұл сызықтар ауыздың орнын жабуға, иекті орналастыруға көп көмек етеді.

Бастың ортасынан өтетін сызықтың бойымен ауыздың мұрын ұшынан қанша қашықтықта жататынын тауып, үстіңгі ерін ойығын орналастырамыз.

Енді ауыздың езулерінің мұрын желбезегіне қатысын табамыз. Пішіндеген кезде ауыздың еттерінің доға бойымен жататынын еске аламыз (тістердің орналасуын қара) да, көлеңке жарығын осы дөңес доға бойымен шығарамыз. Одан әрі қарай иек пішініне назар аударсақ онда біз пирамидаға ұқсас дене табамыз.

Басты дұрыс ұқсатып салу үшін иек пішінін тауып дәл орналастырудың зор маңызы бар.

Адам қүлағының пішіні де әркімде әрқалай, әйтсе де оны салудың белгілі заңдылықтарын біліп алайық.

Алғаш бастағанда құлақтың үлкендігін қаспен мұрын ұшының тұсынан тауып алған едік, енді сол табылған орынды айқындап, құрылысына баса назар аударайық. Құлақ-құрылысы жағынан, пішіні жағынан көз тәрізді өте күрделі болып келеді.

Ол сыртқы, ортаңғы, ішкі құлақ деп бөлінеді. Бізге керегі сыртқы құлақ.

Құлак қалқаны шеміршектен тұрады, оның сыртқы жиегін сыртқы шиыршық, ал оған жапсарлас жатқан жарты айға ұқсас дөңесті ішкі шиыршық деп атайды. Ол шиыршыктың ортасында дөңгелекке ұксас құлақ қалқаншасының ойысы жатады. Ойыстың алдында үшбұрышқа ұқсас өсінді бар, оны кішкене қалқан дейді. Ал құлақтың төменгі жағында салбырап тұрған тұсты сырғалық (мочка) дейді. Құлақтың жалпы пішіні жұмыртқаға ұқсайды, кейде жарты шеңбер түрінде сызуға да болады.

Құлақты стилизация (қарапайымдап көрсету) әдісімен салсақ,ол сыртқы, ортаңғы шеңберден және ішкі дөңгелектен тұрады. Сыртқы шеңберіміз, сыртқы шиыршық, ортаңғы шеңбер ішкі шиыршық, ал ортаңғы дөңгелек құлақ ойпаңы. Сырғалықтың да пішіні дөңгелек болып келеді. Көлденең орта сызық жүргізсек, ол құлақтың ойпаңынан өтіп, оны биіктігінен екіге тең бөледі.

Басты бір жақ қырынан салғанда бет бөлігі мен ми сауытының өзара қатынасын, орналасуын анықгап, бірден мойын мен дұрыс байланыстыру керек. Жалпы пішінді айқындайтын бөліктерді салып алып, ары қарай ұсақ бөлшектеріне ауысу керек. Маңдай жазығы мен мұрын қандай бұрышпен қосылғанын, көз мұрыннан қанша қашықтықта, мұрынның ұзындығын, оның үстіңгі ерінге қалай ауысқанын байқа.

Құлақтың орнын, көлемін анықтағанда бас сүйектің де көлемін ұмытпай тексер.

Басты қиястау салғанда (три четверти) ортаңғы вертикаль сызығымыздың қалай өзгеретінін қараймыз. Бүкіл бастың мүшелерінің бағытын тексере отырып бейнелеу керек. Егер бас еңкейгендей болса, онда алдыңғы айтқан бар мүшелер де бір-бірімен тығыз байланыста еңкейуі тиіс.

Әрбір әжімнің өз орнын дәл табуға тырысу керек. Әсіресе қарт адамның бетіндегі әжімдер жайдан-жай пайда болмайтынын, олардың бағытты, орналасуы белгілі бір бұлшық еттердің қызметіне сай екенін білу керек.

Басты бейнелеуде ең шешуші кезең пішінін сомдау болып табылады. Реңін келтіргенде есте ұстайтындарың, бет-әлпетте біріне-бірі ұқсайтын жылттар (блик), реңктер болуы мүмкін емес. Жарықтың көп түсетін жерлері маңдай дөңестері мен қас жотасы, мұрынның ұшы, иек болып табылады. Жарықтың көзін анықтап, пішінді сомдауды бастаймыз. Кейбір пішінді жақсы шығаруға жаттықандар бірден көлеңкелерді жалпы белгілеп бастайды. Бұндай әдіс мүсіншінің жұмысына ұқсайды, ол да солай тұтас кесектен пішін шығарады ғой. Артынан өшіргіштің көмегімен жарық жерлерін шығаруға болады. Бұл жерде тым әсірелеп, жалпы пішінді жоғалтып алмауды ойластырған жөн.

Негізінде қолымыз жеткен жетістікке мастанбай, одан әрі шеберлікті шыңдай беру керек.

Алғаш бастағандарға жұмысты мынандай үш бағытпен жасағаи тиімді.

Бірінші-долбар істеу. Жалпылай салынатын бұл долбарда басты тұтастай алып, оның өзіне тән ерекшелігін, мінездемесін беруге тырысу.

Екінші-бастың өзіне тән ерекшеліктерін ұзақ уақыт оқып үйрену үшін жақсы кұрылған, мұқият орындалған жүмыс жасау.

Үшінші-ешқашан қолымыздан альбом, қарандашымыз түспей кез келген уақытта, барлық жерде сурет салып жүру.

Іске сат!

Автор:
Жандос Динмухамедов І. Жансүгіров атындағы ЖМУ колледжінң оқытушысы Талдықорған қаласы