Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Өндірісте оқытуда оқушылардың ойлау қабілеттерін дамыту


15 февраля 2013, 23:59 | 1 708 просмотров



Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз жолдауында: ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады, - деп атап көрсетті. Жолдауды орындай отырып, біз инновациялық оқуды тәжірибемізге енгізіп, ойлау қабілеті дамыған, өз бетінше шешім қабылдай білетін білімді ұрпақты даярлауымыз керек.

Бұрынғы әдетке айналған оқу үрдісінде мұғалімге басымдылық роль берілсе, ал қазіргі заманауи технологияларда оқушы белсенділік көрсетуі тиіс, яғни мұғалім оқушыны оқытпайды, ол оны өздігінен оқып білім алуға жетелейді. Сол арқылы оқушы өз қажеттілігін өзі таңдаған жолында қамтамасыз етіп, жетістікке жетуге мүмкіндік алады. Ал, өндірісте оқыту шеберлері әрбір білім алушының жеке қызығушылығын және қабілеттерін ашуға көмектеседі.

Білім алушылардың таным-белсенділігін, ойлау қабілеттерін арттыру үшін төмендегідей қағидаларды берік ұстанамыз:

• Білім алушылар мен оқытушы арасындағы тепе-теңдік жағдай, екі тұлға да үйренушілер, үйретушілер;

• Оқытушы мен оқушы арасындағы өзара сыйластық, бір-бірінен үйренудегі және бірін-бірі үйретудегі көмегінің маңыздылығы;

• Білім алушының өз пікірін білдіруге жетелеу және оның пікірін құрметтеу;

• Білім алушының ойлау, талдау, іздену қабілеттерін арттыру;

Бүгінгі еліміздегі білім мен тәрбие беру жүйесінің басты міндеттері – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, білім мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыру.

Кәсiптiк лицейлердiң өндірісте оқыту сабақтары, әдетте, арнаулы құрал-жабдықтармен жабдықталған шеберханаларда өткiзiледi. Өндірісте оқытуда сабақтарды жоғары методикалық дәрежеде өткiзу үшiн әрбiр жұмыс орнын қажеттi жабдықтармен қамтамасыз етiп, жұмыстың прогрессивтiк әдiстерiн ұйымдастыруын көздейдi. Білім алушыларға кәсіптік білім беруде өндірісте оқытудың алатын орны ерекше. Ол болашақ мамандардың теориялық дайындығын, білімін өндірісте оқытумен ұштастыру болып табылады және де өз мамандықтарының қыр-сырын білуге үлкен мүмкіндік алады. Өндірісте оқыту кезінде білім алушылардың ойлау қабілеттерін дамыту барысында түрлі ойындар, тапсырмалар беруге болады.

Өндірісте оқытуың негiзгi мақсаты — оқушылардың теориялық сабақтардан алған бiлiмдерiн практика жүзiнде бекiту, оларға машиналар мен механизмдердiң құрылысын таныстырып, бөлшектеу, жинау, реттеу әдiстерiн үйрету. Бөлшектеу, жинау жұмыстарына қажеттi құрылғыларды, монтаж құралдарын дұрыс пайдалану жолдарын үйрету. Әрбiр сабақты тиiмдi ұйымдастыра отырып, оқушылардың мамандыққа деген сүйiспеншiлiгiн, қызырушылығын тәрбиелеудi көздей бiлу және де олардың өзiндiк жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра бiлу керек.

Өндірісте оқыту кезінде білім алушылардың назарын мына нәрселерге аудару керек:

1. Еңбек тәсілдерін бастау және аяқтау процестерін біртұтас етіп көрсету қажет. Алдымен бөліктерді жайлап, сосын ара – жігін қосып іс -әрекетті тұтастай қимылға көшу арқылы ұғындырған абзал.

2. Педагогикалық қимылына тәсілмен жауап беру, оның қимыл элементтері бөлшектеп әрі тұтастай ұғынып алу, білік дағдыларын қалыптастыру үшін маңызды мақсат болып табылады.

3. Әсіресе, оқушылар көп қателік жіберетін іс - әрекет түріне басты назар аудару керек.

4. Жасалынатын бұйым не іс - әрекет, қимыл түрлері саналы болу үшін жақсы көрініске ие болғаны жөн: көрсетілітін жер дұрыс таңдалып алынғаны абзал, шебер мен оқушылардың ара қашықтығы анық көрінетіндей жағдайда болғаны дұрыс.

5. Әрбір қимыл элементтерін көрсететін үлкен плакаттар, көрнекі құралдар я мультимедиялық жүйелер арнайы экранда көрсетілсе оның тиімділігі анағұрлым артпақ.

6. Өндірістік оқыту шебері алдындағы жұмыс орнында атқарылатын іс - әрекет операцияларының әрбір қимылына нұсқау картасы болуы қажет, әрбір тәсілге арналған ұсыныс беріледі де қимыл - әрекет көрсетіледі. Сөз бен қимыл - әрекетті есту әрі көру арқылы оқушыларда қабылдау, игерту әрекетін жеңілдетеді.

7. Бұл әдісте шебердің қимыл - әрекеті мен оны сипаттап тұрған сөйлеу процесі өзара үндесіп, біртұтас көрінуі үлкен маңызға ие. Әрине, мұнда көпсөзділікке, артық қимылға әдеттенудің қажеті жоқ. Іс – қимыл нақты, оны сөзбен сипаттау бір мезгілде кезек – кезегімен іске асуы қажет.

8. Сөз бен істің бірлігі оқушылардың тәсіл мәнін сапалы игеруіне, дұрыс қабылдауына жағдай туғызады. Кейін олардың өзіне де шебердің осы істегенін сөзбен қайталау арқылы көрсетіуі қажет. Бұл олардың өзін - өзі бақылауын, қимылдың дұрыс бағытта жүргізілуіне септігін тигізеді.

Ал, енді өндірістік оқыту сабақтарында пайдаланылатын көрнекі құралдар түрлері, оларды тиімді пайдалану әдістеріне сипаттама берейік:

Көрнекі құралды көрсету қимыл – тәсілдермен үйлестіріліп, техникалық – технологиялық, талаптар сақталуы қажет.

Жұмыс үлгілері, бұйымдар, құралдар, жабдықтар, аспаптар, бөлшектерді арнайы стендке орнатқан жөн, ол салыстыру, талдау, түсіндіруде тиімді, егер ұсақ үлгілері болса, әр оқушыға үлестіріп берген дұрыс.

Технологиялық процестерді түсіндіргенде өңдеу, жинау және бөлшектеу жұмысында дайын өңделген, құрастырылған өнімдер үлгісін пайдалану керек. Мұнда технологиялық бірізділік қатаң түрде сақталуы тиіс.

Көрнекі құрал ретінде көлемді қораптар, қозғалтқыштар (двигательдер), агрегаттар, аспаптар мен құрылғыларды пайдаланған кезде, олардың сыртқы қорғаныштары, қақпақтары ашылып, айшықты, түгел көрінуі тиіс.

Көрнекі құралдардың келесі түрі – экрандық (аудио, бейне) материалдарды пайдалану тәсілдері.

Өндірістік оқыту материалдарын игертуде пайдаланылатын әдістің бірі – оқушылардың өзіндік бақылауы. Бұл әдіске жататындар - өндірістік экскурсия, практика өткізілетін цех, учаскемен ондағы құрылғылар мен жабдықтармен таныстыру.

Сонымен қатар сабақта ойын элементтерін пайдалану білім алушылардың ой-өрістерін, ойлау қабілеттерін, танымдық белсенділіктерін арттырады, теорияны практикамен ұштастыруға жол ашады. Алайда ойынды үнемі оқу процесіне пайдалануға, ұзақ уақыт созуға болмайды. Ойын белгілі бір уақытта жүзеге асырылып, сабақ кезеңдеріне нұқсан келтірмейтіндей ұштасып тұруы тиіс. Қазіргі таңда сабақ кезінде қолданылатын ойынның бірнеше түрлері бар. Солардың кейбіріне тоқтала кетсем, мысалы

«Миға шабуыл» белгілі бір сұраққа оқушылардың ақпараттылығын немесе қарым-қатынасын анықтау қажет болған жағдайда қолданылады. Бұл әдісті кері байланыс үшін де қолдануға болады. «Миға шабуыл» мына жағдайлар кезінде тиімді әдіс болып табылады: даулы мәселелерді талқылау; өзіне сенімсіз оқушыларды талқылауға қатыстыру үшін ынталандыру;қысқа мерзімде көп мөлшерде идея жинау; қатысушылардың ақпараттануын немесе дайындығын анықтау.

Рөлдік ойын – бұл топтың қатысушылары белгілі бір өмірлік жағдайларды мінез-құлық немесе көңіл-күй жағынан меңгеру үшін алдын ала бөлінген рөлдер арқылы сахналау. Рөлдік ойын шағын топтарда (3-5) жүргізіледі. Қатысушылар тапсырманы карточкалармен (тақтадан, парақтардан және т.б.) алады, рөлдерді бөліседі, жағдайды бүкіл топқа ойнап көрсетеді. Оқытушы балалардың мінезіне қарай рөлдерді өзі бөліп бере алады.

Сөз жұмбақтар шешу – оны сабақты бекіту кезінде немесе үй тапсырмасын тексеру кезеңдерінде қолдануға болады. Шатысқан сөздер – оны сабаққа қатысты құрылғы аттары немесе команда аттарын әріптердің орындарын ауыстыра отырып ойнатуға болады. Сәйкесін тап – бұл ойында екі бағанға жазылған, мысалы, құрылғы аттары мен олардың атқаратын қызыметтерін орындарын ауыстыра бөліп жазып, оқушыларға дұрысын тапқызу. Осы сияқты ойын түрлерін қолданса әрине, оқушылардың ойлау қабілеттері мен ой-өрістерінің дамуына, берілген тапсырмаларды жақсы меңгерулеріне ықпал жасаймыз деген ойдамын.

Автор:
Жұлдыз Умарбекова №15 КЛ өндірісте оқыту шебері Алакөл ауданы Тоқжайлау ауылы