Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ХАЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ –ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ КӨЗІ


22 февраля 2013, 18:05 | 4 886 просмотров


Халық өз бойындағы ең жақсы қасиеттерін жеткіншек ұрпаққа күнделікті тұрмыста үйретіп, бала бойына сіңіріп отырған.Халықтың тілін, салтын, дәстүрін бойына дарытқан ұрпақ тәрбиелеу үшін халық педагогикасын оқу- тәрбие жұмысына негіз етіп алуға болады.

Халық мұрасының танымдық мәні- ұлан-ғайыр дүние.Ол тұтастай алғанда жас ұрпақ үшін ғана емес, адам өмірінің барлық кезеңінде мәнді, адамзаттың рухани-эстетикалық қуатының қайнары.Оның ішінде тікелей бала тәрбиесіне бағатталған, баланың жан дүниесіне негіз болатын дәстүрлер көп-ақ. Халық педагогикасының келер ұрпаққа айтар ақылы,ұсынар үлгісі,берер тәлім-тәрбиесі сол елдің күй, би, музыкасы, фольклорлық шығармалары арқылы ежелгі ойын-той, думанында салт-саналық дәстүрлерінде насихатталған. Яғни, әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіне тән дәстүрі ұлттық мұра арқылы көрініс береді.

Ананың бесік жырынан басталатын тәрбие- халықтық тәрбиенің басталар бұлағы іспеттес. Сондықтан да жас жеткіншекке халқымыздың мазмұны бай тәрбиесін, әдет-ғұрпын ,салт-дәстүрін терең қалыптастырып тәрбие берген жөн. Халық тәрбиесі баланы жас кезінен көпшіл, ынтымақшыл, сый-құрмет көрсете білетін өнегелі адам болуын көздеген. Қолы ашық, алақаны жазық береке иесі болсын дегенді жас басынан ұғындыруға тырысқан.Ауыз әдебиеті арқылы баланы ынталандырған. Нәрестені тербетіп, жұбатудан басталатын бірнеше тілек, мақсаттар оның болашақтағы арманына жетуіне үміт еткен.Халықта балаларға арналған еңбекке баулу тақырыбында малды бағу, күту, оны азулы аңдардан қорғай білуге баулыған өлеңдер бар.Мысалы:

Бала қойшы, алыста ойнап қала қойшы.

Екі қойшы- ермек қойшы.

Атты қойшы- ашулы қойшы.

Түйелі қойшы- тұрған қойшы,

Өгізді қойшы- өлген қойшы,

Жеп боғанда көрген қойшы-деп, аңқау, салғырт болудан сақтандырған.

«Өнер алды -қызыл тіл»деген аталарымыз.Халықтың шығармаларын жас кезінен тыңдап, тілге жеңіл шығармаларды жатқа айтқызуға, сөйтіп, баланың тілін дамытып, сөздік қорын байытуға болады.Қандай шығарма болсын белгілі бір мақсаты, жүйелі түйіні болады.

Халықтық ертегілер- өмір шындығын баяндайтын фантастикалық негізге құрылған көркем шығарма.Балаларға арналған шығармалардың барлығы да тілге жеңіл, мазмұны айқын, белгілі бір тәрбиеге лайықты беріледі. Халықтық ертегілер- өмір шындығын баяндайтын фантастикалық негізге құрылған көркем шығарма.Халық шығармалары ішінде баланы дұрыс та айқын сөйлеуге үйрететін, тілін жаттықтыруға бейімдейтін жанр-жаңылтпаш. Бұл жанр- балаларға тән мұра. Жаңылтпаш арқылы сөздерді дұрыс сөйлеуге, жеке дыбыстарды алмастырмай дұрыс айтуға үйретеді. Баланы халық жас кезінен бастап дұрыс сөйлеуге үйретуді мақсат еткен.Балалардың көбінесе дұрыс айта алмайтын дыбысы «р»-дың орнына «и» немесе «л» дыбыстарын айтпауына балаларды жаттықтыру мақсатында «Тайқарбай» жаңылтпашын ойын ретінде қолданған.

Ай,Тайқарбай, Тайқарбай,

Малыңды жадыраға жай Тайқарбай.

Тайқарбай, Майқарбайлар толып жатыр,

Ай,Тайқарбай дегенің қай Тайқарбай?

Халық жаңылтпаштардың әрбір сөйлемінде баланың тілі келіңкіремейтін дыбыстың әлденеше рет қайталануын да қарастырған.

Мақал-мәтелдер-халық ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан өзіндік ерекшеліктерімен танылған халықтың асыл ойының жиынтығы.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тауып шешетін асыл мұра.Ақылына ақыл қосатын, жарқын болашағына дұрыс бағыт сілтейтін, өмірді танытатын қамқоршы. Халықтық шығармалар ішінде жұмбақтар үлкен рөл атқарады. Жұмбақтар баланы байқағыштыққа, әрнәрсеге зер салғыштыққа баули отырып, ой-қиялын да дамытады.Жұмбақтар баланы көзбен көріп,қолмен ұстап, қажетіне асырып жүрген өз айналасындағы заттарды жұмбақтап айтудан, жеңіл-желпіден бастайды. Мысалы:

Бірде арықпын , бірде доппын,

Бірде бармын, бірде жоқпын. (Ай.)

Халық тапқырлығы мен даналығын, оның ғасырлар бойы жиған мұрасын кешенді түрде жаңғыртып, бүгінгі педагогикалық талаптарға сай пайдалану ләзім.

Автор:
Әсия ҚАЗАМБАЕВА Матай орта мектебі. Ақсу ауданы