Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Күлімдеген, «күнім» деген, білім берген Ұстазым!


11 февраля 2010, 22:18 | 2 968 просмотров



Білімнің телегей теңізінде мектеп атты кемеге мініп алып, ұстаз бен шәкірт ғылымның ғажайып аралдарына сапар шегеді. «Білім шапағаты» газеті жаңа жылдан бері жаңалықтардың жаршысы болуды игі бастама етіп келеді. Бұл айдарда облысымыздың ұлағатты ұстаздары мен атаулы білім ордалары жайында ой қозғап, тың тақырыптарда мақалаларды беруді ұйғарып отырмыз. Айдарымыздың алғашқы беташарына облыстық Д.Рақышұлы атындағы көмекші-мектеп интернаттың бастауыш сынып мұғалімі Жұмаділова Ұлтуар Айтмұхамбетқызы жайында баяндауды жөн көрдік.

Мектеп – адам өмірінің болашаққа қадам бастау алдындағы ең алғашқы жетекшісі, тәрбиешісі. Өмірге көзін енді ашқан балдырған «қаламсапты» қолға алып, әріп танудан үлкен өмірге сапар шегуді бастайды. Осы қасиетті мекенде еңбек ететін, әсіресе кіші мектеп жасындағы оқушыларға сабақ беруші ұстаздардың еңбегі ұлан-ғайыр.

Бәріміздің де мұғалімнің алдынан өттік, мейірімді жүзінен бірде қуаныш, бірде қайғыны аңди алып, жетістігімізге куә еткеміз келді. Бір сыныпты – бір отбасының балаларындай тәрбиелеп, ынтымаққа, адамгершілікке, сезімталдық пен білімқұмарлыққа нұсқау салған осы ең алғашқы «ақылшыларымызды» ешқайсымыз ұмытпақ емеспіз...

Облысымыздың әр аудандарынан әлеуметтік жағдайы төмен, жартылай не толық жетім балалар білім алатын – Д.Рақышұлы атындағы мектеп-интернатында да осындай ұлағатты ұстаздар ұжымы еңбектенеді.

Жалпы, білім беру саласында, соның ішінде бастауыш сынып мұғалімі болып 32 жыл бойы тер төгіп келе жатқан Сағындықова Ұлтуар Айтмұхаметқызымен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

- Ұлтуар Айтмұхамбетқызы, «Білім негізі – бастауышта» демекші, мектептің кіші сынып оқушыларына білім беруде қандай қиыншылықтар бар?

- Ұстаз деген ұғым өзінің өн-бойына көптеген қасиеттерді жинақтап тұрады. Ал, интернатта қызмет етуші ұстаз - әрі білімгер, әрі тәрбиеші, әрі жанашыр дос болып та кетеді. Алдымызға алғаш оқушы болып келгенде – бұл балалар мектеп, сынып, сабақ өту жайында ұғымдары толыққанды қалыптаспай, қолына қалам ұстап, дәптерге жазуды да жаңалық санап келсе де, уақыт өте келе барлық қиыншылықтарды игеріп кетеді. Бастауыш сыныптың ұстазы – балаға алғашқы сана қалыптастырушы, келешек күнге жетелеуші іспеттті. Оның бойынан оқушылар аналық мейірім мен адами ізгілік қасиеттерді сіңіріп отырады.

Ал, біздің интернатта білім алатын оқушыларымыздың басым көпшілігі – жағдайы төмен оқушылар. Сол себепті де, ұстаздарымыздың жүгі ауыр. Мектепте өткен сабақтарына ғана бақылау жасап отырмай, оғанқоса баланың психологиялық жай-күйін де жіті бақылауда ұстайды.

- Осы интернат оқушыларының өзге орта мектепте білім алатын балалардан ерекшеліктерін байқайсыз ба? Қандай? Өзіңіз маман ретінде пікіріңізді айтсаңыз.

Мектеп-интернат – аудан-аудандардың барлығынан келген балаларға білім беретін мекеме. Мұнда жетім де, жағдайы төмен отбасынан келген оқушылар келеді. Әрине, «толық отбасы – бала бақыты» демекші, толыққанды тәрбие көрмеген, жандары жаралы жеткіншектермен ата-анасының ардақты тәрбиесін көріп келе жатқан оқушылармен салыстыруға келмесі анық. Алайда, біз осындай олқылықтарына өз күшімізбен көп көмек көрсетуге тырысамыз. Барынша байыппен бағдар беріп, сабыр мен адамгершіліктің тізгіндерінен бір сәт ажыраған емеспіз. Елбасының жолдауында: «2020 жылға қарай қалалық, сол секілді ауылдық жерлердегі барлық балалар мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылатын болады» делінген, бұл - игі бастама. Демек, отанымыздың әр аймағында осындай білім ордаларының маңыздылығы арта түседі.

- Өзіңіздің еңбек жолыңыз жайында да айта отырсаңыз.

- Мен алғаш еңбек жолымды пионер-вожатыйлықтан бастадым. 1978 жылы Панфилов атындағы училищені аяқтаған соң, Шұбар ауылының Н.Алдабергенов атындағы орта мектебінде пионер-вожатый болдым. Кейіннен балабақшада да қызмет атқардым. Ал осы мектеп-интернатта 1988 жылдан бері еңбектенудемін.

- Әр ұстаздың мақтанар шәкірті бар, өз шәкірттеріңіз жайында баяндап берсеңіз?

- Әрине. Шәкірттер - біздің қазынамыз. Менің алдымнан бірнеше ұрпақ білім алды. Олардың алды – жоғары оқу орындарын бітіріп, сан салада қызмет атқарса, бүгінде 3 сыныптың жетекшілік қызметін атқарудамын. Өткен жылы ҰБТ қорытындысы бойынша 125 балл жинаған Арай Қожамұратқызы да менің шәкірттерімнің бірі.

Жалпы, сыныбымызда 5 оқу озаты, 10 оқу екпіндісі бар. Оқушыларым түрлі интеллектуалдық сайыстарға атсалыса қатысып отырады. Кеше ғана «Ақбота» республикалық марафон-ойынынан жүлделі І орын алған оқушым Диана Мешелованы атап өткім келеді.

***

Шынында да, шәкірттерін байлығына балайтын бұл жандардың көңіл-көзі болашақта. Ұлтуар апай мектептегі күнделікті сабағын ғана беріп қоймай, бастауыш сынып мұға-лімдеріне қажет бірнеше көмекші құралдардың да авторы. Ұжымның белсендісі, өз ортасында сыйлы екенін әріптестерінің айтқан жылы пікірлерінен де аңғардық.

Жұмаділова Ұлтуар Айтмұхамбетқызы

1958 жылы 5-ші қыркүйекте бұрынғы Қапал ауданы, Қоңыр ауылында дүниеге келген.

Панфилов педагогикалық училищесін 1978 жылы аяқтап, алғашқы еңбек жолын Шұбар ауылындағы Н.Алдабергенов атындағы мектепте аға пионер вожатый болып істеуден бастаған.

1988 жылдан бері осы Дәнеш Рақышев атындағы мектеп-интернаттың бастауыш сыныбының мұғалімі болып еңбек етіп келеді. 1990 жылдан 2005 жылға дейін «Бастауыш сынып бірлестігінің жетекшісі» болып, жастармен өз іс-тәжірибесімен бөлісіп отырады. 1990 жылы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институттың сырттай бөлімін бітірген.

Өзінің көп жылғы іс-тәжірибесінің нәтижесінде бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған оқу-әдістемелік құралдар құрастырып, баспадан шығарған. Олардың қатарында: қазақ тілі пәніне арналған «Грамматикалық ойындар», математикадан «Ойлан, тап!», ана тілінен «Қазақ этнопедагогикасы материалдарын пайдалану», әліппе оқулығына көмекші «Жазу үлгісін» дәптерін құрастырған. Қалалық, облыстық семинарларда баяндама оқып, ашық сабақтар өткізген. 1995 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды.

Еңбек өтілі – 32 жыл.

Мамырбекова Сәулет Әмірханқызы, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

«Жалпы, өз басым ұстаздарды екі топқа бөліп қарастырам. Алғашқысы – жолдан келген ұстаздар, екіншісі – жаратылысынан бойына ұстаздық қабілет біткен жандар. Ұлтуар Айтмұхамбетқызы нағыз осы тума талант-тәрбиешінің бірі.

Бұл кісінің еңбегі ерен. Арамызда жүрген тәжірибесі мол тәрбиешілеріміздің бірі. 15 жыл «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» атанып, облысымыздың білім беру саласында аянбай тер төгіп келеді. Бастауыш сынып бірлестігінде де өзінің мәртебелі орнына ие. Бұл жаңашыл, ізденімпаз әрі еңбекқор адам. Шәкірттері де шалыс баспай, түрлі байқауларда білімдерін байқатып жүр. Ұжым ортасында сыйлы да мәртебелі ұстазымыздың еңбегіне жеміс тілейміз».

Тоқтабаева Роза Қасымқызы, 4-сынып оқытушысы, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі»:

«Ұлтуардың бойында әркімнен табыла бермейтін табандылық пен жауапкершілік сезіліп тұрады. Бастауыш сыныпқа білім алуға келген бүлдіршіндерге күнбе-күн көмегін аямай, білімнің мөлдір бұлағынан сусындатып жүретін бұл әріптесіміздің еңбегі бәрімізге үлгі. «Ұстаздық қылған жалықпас, Үйретуден балаға» - деп дана Абай дәл тапқанындай, жан-жүрегіндегі жарықты жалықпай тарататын бұл бақытты ұстазға зор денсаулық пен қажымас қайрат берсін, ортамызда аман жүрсін деп тілек білдіргім келеді...»

P.S. Салиқалы сабырмен сөз саптайтын мейірімді мұғаліммен жүздескеннен кейін өзімнің де, алғашқы мұғалимам, Гүлмира апайым еріксіз еске түсіп алыстап кеткен балалық шағым елестей берді...

Автор:
Бағдагүл ДӘУЛЕТ Суреттер автордікі