Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұстаз шағымы шешімін тапты


11 февраля 2010, 22:40 | 2 062 просмотра


«Білім шапағаты» газетіне Сарқан ауданы, Көкөзек ауылындағы орта мектептің мұғалімі С.Қ. Досымованың «Шындықтың жолы ауыр...» деп басталатын әділдік іздеп жазған арызы келіп түсті.

Арызда хат иесі мектеп директоры Ж. Көпбаевтан қатты қысым көріп отырғандығын, өзінің міндеті бойынша мектепте жұмыс істеуге директор тарапынан түрлі кедергілер жасалатындығын ашына жазған болатын. Біз де тұрақты оқырманымыздың тағдырына бей-жай қарай алмағандықтан, шындық іздеп шырылдаған ұстазға жәрдемдесу мақсатында облыстық Білім басқармасына аталған шағымды жолдап жан-жақты, мұқият тексеруін және тиісті шаралар қолдануын өтінген едік.

Төменде осы мәселеге орай арыздың ақ-қарасын анықтаған білім басқармасының бастығы Ләззат Тілеубайқызы Базарқұлованың жауабын жариялап отырмыз.

Облыстық Білім басқармасы Сіздің «Білім шапағаты» газетінің редакциясына жазған арызыңыз бойынша төмендегі жағдайды хабарлайды.

Тексеру барысында хатта көрсетілген төмендегі фактілер расталды.

Мектеп директоры Ж. Көпбаев пен Сіздің араңыздағы келіспеушілік мектептің оқу- тәрбие үрдісіне кері әсерін тигізген. Сондықтан аудандық білім беру бөлімінің жылдық жоспарына сай өткізген жан- жақты тексеру кезінде кемшіліктер орын алған. Кемшіліктерді жою туралы құрылған жоспардағы ісшаралардың да орындалмағаны анықталды. Мектеп құжаттары талапқа сай жинақталмаған. Мектеп әкімшілігінің қызметтік міндеттері бекітілмеген, таныстырылмаған, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, сызу, технология, АӘД, бастауыш сыныптарға бақылау жасау ешкімге бөлінбеген. Оқу жылы барысында өткізілген педагогикалық кеңестердің, директор жанындағы және кіші педагогикалық кеңестердің, мектепішілік бақылаудың қосымша материалдары жинақталмаған. Мектепішілік бақылауға қойылған кейбір мәселелер жоспарланған кеңестерде қаралмаған. Педагогикалық кеңестің күн тәртібі бойынша қаралуға тиісті негізгі мәселелер назардан тыс қалып, хаттамалар үстірт жазылған. Өткен оқу жылының талдауында да ешқандай кемшілік көрсетілмеген, өткізілген шараларға, сараптама- талдау, мониторинг жасалмаған. Әкімшілік мүшелерінің сабаққа қатысу дәптерлері әдістемелік талапқа сай жүргізілмеген. Жас мұғалімдер мен мұғалімдерге әдістемелік кеңес өткізілмеген, оқу- семинарлары ұйымдастырылмаған.Оқу- тәрбие үрдісінде орын алған кемшіліктермен мектеп директоры Ж. Копбаев та, өзіңіз де келістіңіздер.

Арызда көрсетілген аудандық білім бөлімінің бас маманы, директордың шаруашылық орынбасары, мектептің кәсіподақ ұйы мының төрайымы, хатшы тарапына айтыл-

ған фактілер дәлелденбеді. Ол кісілермен жеке сөйлескен кезде арыздағы сөздермен келіспейтіндіктерін айтып, түсініктеме жазып берді.

Мектептің педагогикалық ұжым мүшелерімен (25 адам) пікірлескен кезде 19 мұғалім директор мен Сіздің тіл табысып жұмыс істеулеріңізге мүмкіндік бар екендігін айтқан жиналысқа өзіңіз де қатыстыңыз. Шығып сөйлеген әріптестеріңіз М. Қалдыбекова, А. Жақсығұлов, Қ. Ержановалардың ашуға ерік беріп, ерегестің арқасында жұмысыңызға салғырт қарағандығыңызды, алайда, осыған дейін әкімшіліктен ескерту, сөгіс алмағаныңызды айтып, өз жұмысын алып кете алады дегендерін естідіңіз.

Аудандық білім бөлімінің жан- жақты тексеріс қорытындысы бойынша АББ кеңесінің 18.12.09ж №16 хаттамасының шешіміне сәйкес мектеп директоры Ж. Копбаевқа «сөгіс» берілген (бұйрық № 61, 18.12.09ж), оқу ісі меңгерушісінің атқарып отырған қызметіне сәйкестігі қаралсын делінген.

Мектеп әкімшілігі мүшелеріне басшылық пен бақылау, нормативтік құжаттармен жұмыс істеу, оқу-тәрбие үрдісін жетілдіру бойынша біліктілікті көтеру курстарынан өту керек. Сіздерге бірлесіп жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар.

P.S.

Бұл мәселені алдағы уақытта редакция назарында ұстайды