Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МЕКТЕП АЛДЫ ДАЯРЛЫҚ ТОБЫНДА ЕРТЕГІЛЕРДІ ОҚЫТУ


15 марта 2013, 18:30 | 4 535 просмотров


5-6 жастағы сәбилердің қабылдау мүмкіндігі жайлы дала педагогтары ежелден-ақ айтып келген (Әбу Насыр әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарұлы, Абай Құнанбайұлы, одан кейінгі өзіміздің қазақ педагогтары). Абай. "Жетінші сөзінде": "... Жас бала не көрсе соған талпынып, есейе келе көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі -жан құмары. Әзелде Құдай тағала адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны ,-" дегендегі айтпағы -жас баланы кешіктірмей, дер кезінде оқу-білімге тарту, дұрыс тәрбие беру керектігі, одан кейін кеш болатындығы. Абай айтқан жан азығы біз айтып жүрген жан-жақты білім мен тәрбие арқылы беріледі. Әңгімеге осылайша, философиялық тұрғыдан келсек, әрбір өткізетін сабақтың астарында терең мағына жатқандығын аңғарасыз.

Белгілі педагог-ғалым, ақын-жазушы Мағжан Жұмабай былай дейді: "Бала шақта алынған әсер ержеткенде адамның ақылының, ой-пікірінің, мінезінің қандай дәрежеде болуына негіз салады... Жас бала -жас шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың. " Баланы бастан" деген сөздің мәнісі осы. Баланы тұрмыста түйінді мәселелерді шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола білетін төрт жағы түгел кісі қылып шығару үшін тәрбиеші бар күшін, бар білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек."Бұл- барлық ұстаз атаулының қасиетті борышы.

Әдебиет баланың дүниетанымын кеңейтеді, білімін шыңдайды, адамгершілік сезімін оятады, тілін байытады, ойлау қабілетін дамытады, эстетикалық тәрбие береді. Кім де болса әдеби шығармаларды әйтеуір оқу үшін емес, ойлау үшін оқу керек десек, сол әдебиет әлеміне саяхат жасауды кішкентайдан бастауды ата-бабаларымыз әлдеқашан үйретіп кеткен. Солардан бастау алатын балалар әдебиеті өте бай. "Қазақ хрестоматиясының" бірінші кітабын (екінші кітабы жоғалған) 1879 жылы Орынборда шығарған Ы. Алтынсарыұлы осы ұлттық сөз өнерінің алтын қорынан құрастырған еді. Осы тұңғыш төл тілімізде жарияланған балалар әдебиетін жинақтаған оқулық әдебиеттің әл-Фараби айтқан тәрбиелік, яғни ғибраттық, халықтық мәнін ашып берген болатын. Міне сол дәстүр өзінің жалғастығын әлі жоғалтқан жоқ, жоғалтуға болмайды да. Қазіргі қазақ хрестоматиялары кемеңгер бабамыз Ы. Алтынсарыұлы салған жолмен құрастырылып, оқытылып жүр. Ұлы ұстазымыздың айтуынша, баланы осы әдеби шығармаларды оқытып, үйрету арқылы оларға дұрыс тәрбие беруге болады. Бұл - бәрімізге белгілі қағида.

Мектепалды даярлық тобында өткізілетін көркем әдебиет сабағына арналған бағдарлама бойынша балаларға оқуға, жаттап алуға, әңгімелеп беруге, мәнерлеп оқуға, суретке қарап әңгіме құрастыруға, шытырман сызықтарды шешуге, жұмбақтар, жаңылтпаштар, мақал-мәтел әлеміне енуге арналған шығармалар ұсынылады. Осылардың ішінде көркем әдебиет әліппесі ертегілерді көбірек қамтыған. Ертегіні оқып беріп, балаларға мазмұнын түсіндіру барысында ертегіде бейнеленген сезімдерді, яғни қуанышты, ренішті, ашу-ызаны, өкінішті, таңдануды, сыйлауды, қалжыңдауды, т.б. бала жүрегіне жағымды әсер қалдыратын сезімдерді сезінуге үйретеміз. Мұның әсерінен экраннан кино, мультфильм түрінде көзбен көргеннен баланың алған әсері тіпті басқаша екенін ғалымдар дәлелдеп, көркем әдебиетті міндетті түрде оқуды жолға қойып отыр.

Мәнерлеп оқу сөздің эмоциялық мәнерлілігін түсінуге, орфоэпиялық нормаларды дұрыс ұстануға, сөйлеу мәдениетіне көңіл бөлуге дағдыландырады, тілдік сезімді дамытады. Бағдарламаға сәйкес мультфильмдерді экраннан көрсету әдебиетті оқытудың қосымша әдісіне жатқанымен, мәнерлеп оқуда олардың рөлінің басым түсетіндігін жоққа шығаруға болмайды. Қазақфильмнің ең алғашқы мультфильмі "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?", қазіргі кезде көрермендердің жақсы бағасын алып жүрген "Алдар көсе хикаялары", бұрын-соңды көрсетіліп жүрген басқа да мультфильмдер (анимациялық фильмдер) мен кино, театр жанрындағы көрсетілімдер де балаларға өте әсерлі.

Баланың шығармашылық қабілетін қалыптастыруда оның ертегіні әңгімелеп беруі, өз ойынан сурет бойынша әңгіме құрастыруының маңызы зор. Баланы жасынан еңбекке, тиянақтылыққа баулу үшін оқулықта берілген Мұхамеджан Етекбаевтың "Нан қайдан шығады ?" ертегісін оқыту кезінде оны дауыстап оқып берген соң, балалармен бірге сұрақ-жауап құрастырамын.

- Тышқан қайда келді?

-Тышқан нан дүкеніне келді.

-Ол нан дүкенінен нені көрді?

- Тышқан сөредегі жаңа піскен сары бөлкелерді көрді?

-Тышқан иісі бұрқыраған бөлкелерге қызып кетіп, не істейді?

- Төмендегі бір бөлкені кеміре бастайды.

-Осы кезде кім келеді?

- Осы кезде күзетші келіп қалады.

- Тышқан не істейді?

- Тышқан зып беріп тысқа шығып кетеді.

-Енді оның не істемек ойы болды?

-Ол нанның қайдан шығатынын, қалай жасалатынын білгісі келді де: "Нан, сен қайдан келдің?"- деп сұрады.

-Нан не деп жауап берді?

- "Оны сатушыдан сұра,-" деді.

-Тышкан сатушыға келгенде, сатушы не деп жауап берді?

-Сатушы: "Наубайшыдан сұра,-" дейді.

-Тышқан тымпыңдап қайда келді және кімнен сұрады?

-Ол тымпың қағып наубайханаға келді де наубайшыдан сұрады.

-Наубайшы не деді?

-"Оны диірменшіден сұра,-" деді.

-Тышқан диірменнен не көрді, неге таңданды?

-Тышқан диірменге келгенде, диірмен тасының айналғанын, қап-қап ұнның аққан бұлақтай шығып жатқанын көріп таңданды.

-Тышқанды диірменші кімге жібереді?

- Диірменші тышқанды комбайншыға жібереді.

- Комбайншы тышқанға нанның қалай жасалатынын қалайша түсіндірді?

-Комбайншы: "Көктемде тракторшы жер жыртады, сеялкамен тұқым себеді, егіншілер күтіп-баптайды. Нан еңбек арқылы табылады,-" деп жауап берген екен.

-Сонда тышқан не істепті?

- Сонда тышқан: "Ой, мұның азап қой. Мен шалқамнан жатып-ақ нан табамын,-" деп қутыңдапты.

-Тышқан неге осылай деді?

-Өйткені ол жалқау, дайын нанды ұрлап жегісі келді.

- Комбайншы тышқанды қалай қорқытады?

- Комбайншы:" Әне, мысық келе жатыр,-" дегенде, тышқан зып беріп қаша жөнеліпті.

Сабақ барысында сөздік жұмысын міндетті түрде жүргіземін. Мәселен, тышқанның тышқанға ғана тән тез қимылдау әрекетінің эмоциялық-экспрессивтік әсері "тысқа атып шығу", "тұмсығын жыбыр-жыбыр тарту", "зып беру", қутың-қутың ету" тәрізді күрделі сөз тіркестерімен берілген; осы сөздердің мағынасын іс-әрекетті суреттеу, қуыршақтармен бейнелеу арқылы жеткізсем, ал диірмен, диірменші, аққан бұлақтай, қап-қап ұн, наубайхана, наубайшы, комбайн, комбайншы, егін, егінші, трактор, тракторшы, сеялка деген сөздердің мән-мағынасын суреттерді пайдалана отырып түсіндіремін. Көрнекі құралдардың ең бір әдемі түрі - ақ дастарқан бетіндегі томпиып піскен бөлке, иісі бұрқыраған қалаш, бауырсақ, печеньелер. Балалардың көңілі де, пейілі де, жас сәбиге ғана тән ерекше сезімдері де осы бір сабаққа ғана аударылады. Сабақтың тартымдылығы да осында. Сондықтан әр сабағым тартымды, әсерлі болуы үшін көрнекілікті түрлендіріп отырамын.

Сонымен қатар бүлдіршіндерге халық аузында көп тараған нан, еңбек туралы 1-2 ұлағатты сөздерді айтып беріп, тағы да сұрақ-жауап әдісімен былайша таныстырамын:

-Ал балалар, нан, еңбек туралы "Еңбектің наны тәтті, Жалқаудың жаны тәтті" деген мақалды қалай түсінесіңдер? Мұндағы жаны тәтті деген сөз "ештеңе жасағысы келмейді" дегенді білдіреді. Біз оқыған ертегіге осы сөздердің қандай қатысы бар? Еңбектің наны неге тәтті?

-Өйткені ертегіде нанды табу үшін комбайншы, егінші, диірменші және көптеген адамдар еңбек етті. Тышқан болса - жалқау.

-Ал жалқаудың жаны неге тәтті?

-Жалқау адам жұмыс істегісі келмейді, еңбектен қашады, жанын аяйды.

-Ал " Наннан үлкен ас жоқ" дегенді қалай түсінер едіңдер?

-Қарнымыз ашса, нан бізге қуат, күш береді. Дастарқанға ең бірінші нан қоямыз. Ол қасиетті. Нанды лақтыруға, аяқпен басуға, мыжуға, таптауға, онымен ойнауға болмайды.

Осы тақырыпта "Торғай мен түлкі" ертегісін де оқимыз. Торғайдың еңбекқорлығы, түлкінің қулығы, иттің қамқорлығы жайындағы бұл ертегі де балаларды қызықтырады. Ертегілермен жасалатын жұмыстың бір түрі -осындағы кейіпкерлерді сахналау жұмысы. Жалпы қандай ертегі болмасын, оларды сабақта өткізуде саусақ театрын пайдалану көңілімізден шығып жүр. Кейіпкердің бейнесін сахналау, анимациялық фильмдер, сюжеттік фильмдер, ойыншық қуыршақтар арқылы жанды образ түрінде беру аса тиімді.

Біз оқытып жатқан ертегілердің қай-қайсысы болмасын, балалардың көңіл көздерін ашады, рухани дүниесін оятып, дұрыс ойлана білуге үйретеді. Көркем әдебиет оқымаған адам көркем ойдан жұрдай болатынын бәріміз білеміз. Сондықтан тәрбиенің қайнар көзі - балалар әдебиеті, оның ішінде өзім әңгімелеп отырған бүлдіршіндерге арналған ертегілердің сәби жанына берер азығы мол. Имандылық, еңбексүйгіштік, адамгершілік, кісілік, отансүйгіштік, батылдық, адалдық, сыйласымдылық, шыдамдылық, жақсылыққа талпынушылық, адамзатқа, табиғатқа деген сүйіспеншілік, тиянақтылық және т.б. тіл ғылымындағы абстрактылы ұғымдағы сөздердің сезім ретіндегі аяулы қасиетін жас бүлдіршіндердің бойына ұялату ұстаз -ана ретіндегі менің де, ата-ананың да, барша жұртшылықтың да қасиетті борышы. Сонымен: жарқын болашаққа, биік мәртебеге, үлкен білімге барар жол осынау аяқ жолдан, кішкентай сүрлеуден, яғни ертегілерді дұрыс оқытудан басталады демекпін.

Автор:
Мәмилә АЛИБАЕВА Қалқа Жапсарбаев атындағы дейінгі шағын орталығы бар орта мектебіінің мұғалімі